Алматыда «Қаржы нарығы және Қазақстан экономикасының нақты секторы» конференциясы өтіп жатыр

Шарада ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов сөз сөйледі. Өз сөзінде Ә. Смайылов 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 5% және одан жоғары өсуін қамтамасыз ету үшін Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын айтып берді.

Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында аталған мақсатты алға қойды, ол үшін құрылымдық өзгерістер жүргізу қажет екендігін айтты.

 Әлихан Смайылов нақты секторды дамыту және оның салаларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жыл сайын қажетті қаражат бөлінетінін атап өтті. 

Мәселен, экономиканы әртараптандыруға және жаңғыртуға, ортамерзімді кезеңде өмір сүру инфрақұрылымын қамтамасыз етуге 4,7 трлн теңге қарастырылған.

«ИИДМБ аясында технологиялық тізбекті дамыту және еңбек өнімділігін арттыру үшін 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте 279 млрд теңге қарастырылған», — деп нақтылады министр.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, алдағы үш жылда «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлікті қолдауға 146 млрд теңге бөлінеді. Ал екінші деңгейлі банктердің қатысуымен жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға 600 млрд теңге қарастырылады.

Бұл 2025 жылға қарай шамамен 16 мың жұмыс орнын құруға және салық түсімдерін 1,1 трлн теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Аграрлық секторды дамытуға 1 трлн теңге қарастырылған, оның 355 млрд-ы 2020 жылы бөлінеді. Бұл қаражат АӨК субъектілерін субсидиялауға, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несиелендіруге, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.

Сондай-ақ, сөз сөйлеу барысында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы, негізгі капиталға салынатын инвестициялардың өсуі, шағын және орта бизнесті дамыту мен жекешелендірудің кешенді жоспарын бекіту мәселелері қозғалды. Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімнің іске асырылуы да назардан тыс қалған жоқ.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу