Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда — Б. Нұрымбетов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау туралы мәселе қаралды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады.

«Мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау Үкімет қызметіндегі маңызды міндеттердің бірі», — деді Б. Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда бүгінде 705 мыңнан астам мүгедек бар, оның ішінде 430 мың адам еңбекке қабілетті жаста, 181 мыңы – зейнеткерлік жаста және 94 мыңы – балалар.

Жалпы, ағымдағы жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерді қамтамасыз етуге 448 млрд теңге бағытталды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық.

Елімізде мүгедек адамдардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылуда.

Ұлттық жоспар 7 бағытты қамтитын 64 іс-шарадан тұрады, ол мүгедектік профилактикасы мен алдын алу, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту, тиімді оңалту, әлеуметтік қызметтер және қоғамдық сананы жаңғырту мәселелері.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарына сәйкес мүгедек жандар мен қоғамның пікірлерін ескере отырып, біз биыл мүгедектік мерзімсіз белгіленетін қайтымсыз анатомиялық кемістіктердің тізбесін кеңейттік», — деді Б. Нұрымбетов.

Оңалту болжамы қолайсыз адамдар үшін мүгедектік мерзімі 5 жылға дейін ұзартылды, бала 5 жылға немесе ол 16 жасқа толғанға дейін мүгедек деп танылатын көрсетілімдер кеңейтілді.

Ағымдағы жылы елімізде алғаш рет электр жетегі бар отандық кресло-арбаларды өндіру бойынша жоба іске қосылды. 

Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Тыныс» АҚ алғашқы отандық электр жетегі бар 1381 кресло-арба шығарды, олардың 817-сі өңірлерге жеткізілді.

Amazon және Alibaba сияқты сервистердің қағидаты бойынша мүгедек адамдар үшін aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды.

Бұл цифрлық жобада келесі мүмкіндіктер қолжетімді:

  • оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдау құқығы;
  • оларды алу мерзімін 6 айдан 15 күнге дейін қысқарту;
  • бизнес-процестердің ашықтығы, делдалдық қызметтерді жою;
  • бағаны біріздендіру, бюджет қаражатын тиімді пайдалану; 
  • оңалтудың техникалық құралдарын және қызметтерін жеткізушілердің тең қолжетімділігі.

Бүгінгі таңда порталда оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің 1157 жеткізушісі тіркелген, және 24 мыңнан астам техникалық оңалту құралы  берілді.

2021 жылғы қаңтардан бастап оңалту құралдарының барлық 55 техникалық түрі бойынша, 400 мыңға жуық алушыны қамти отырып, порталға толық көшу  жүзеге асырылатын болады.

Келесі цифрлық жоба — мүгедектікті сырттай белгілеу және проактивті форматта әлеуметтік қызметтер көрсету.

Бүгінгі таңда өтініш берушіге бірнеше түрлі мекемелерге жүгінуге тура келеді.

Қызметтер толық автоматтандырылғаннан кейін, 2021 жылы өтініш беруші тек емханаға тексеру үшін жүгінеді. Көрсетілетін қызметтердің қалған сатылары мүгедектікті белгілеуді, жәрдемақы тағайындауды қоса алғанда, проактивті форматта, кешенді электрондық түрде жүзеге асырылатын болады.

«Осы процесті іске асыру мүгедек адамдардың қызмет берушімен байланысын болдырмауға мүмкіндік береді, қызмет көрсету уақытын едәуір қысқартады», — деді министр.

Бұл жобаны толыққанды іске асыру үшін жыл аяғына дейін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің министрліктің және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерімен кіріктіруге дайындығын аяқтау маңызды.

«Мүгедек адамдардың экономикалық дербестігі және сапалы жұмыспен қамтылуы басым бағыттардың бірі», — деді Б. Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, еңбекке қабілетті жастағы мүгедек адамдардың жалпы санынан бүгінгі күні 100 мың адам немесе 23,3%-ы жұмысқа тартылған.

2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30%-ға дейін ұлғайту жоспарланған. 

«Еңбек» бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Биыл 13 мың мүгедек адам жұмысқа орналастырылды, 626 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 830 өтеусіз грант және 350 шағын несие берілді.

Қазіргі уақытта мүгедек адамдарға арналған Кәсіптер атласын әзірлеу аяқталуда.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде ІТ дағдылары бойынша оқыту жүргізіледі.

«Даму» қорымен бірлесіп «Scale-up» бағдарламасы бойынша мүгедек адамдардың қатысуымен іске асырылатын 76 бизнес-жобаны қолдау шаралары басталды.

Жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп мүгедек адамдарды мемлекеттік қызметшілер қатарына тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына олардың саны 701 адамға жетті, оның ішінде 391 адам Мемлекеттік басқару академиясының онлайн-курсынан өтті.

Сондай-ақ, 2021 жылы барлық өңірлер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ten Qоgam» әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.

Мұндай орталықтар бүгінге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ашылды.

Б. Нұрымбетов өңірлерде кәсіпорындармен мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жағынан белгіленген квоталарды орындау бойынша жұмыс жүргізу өзекті болып қалып отырғанын айтты. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың 36%-ы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз еткен. 

«Мүгедек адамдарды оңалту мәселесі өте маңызды. Қазіргі уақытта елімізде 40 стационарлық оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 12 жаңа оңалту орталығы іске қосылды», — деді министр.

Мұқтаж адамдарды оңалту орталықтарымен қамту 47%-ға дейін жеткізілді.

Бүгінге, оңалту орталықтарын қосымша құру мәселесі өзекті. 5 өңірде стационарлық үлгідегі оңалту орталығы жоқ және 3 өңірде оңалту қызметтеріне қажеттілік олардың мүмкіндіктерінен асып отыр.

Осыған байланысты, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін қоса алғанда, барлық 8 өңірде 150 орынға шақталған стационарлық үлгідегі жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда.

«Осылайша, 2025 жылға қарай оңалту орталықтарына деген қажеттілік 100% қамтамасыз етіледі», — деді Б. Нұрымбетов.

Министрдің сөзінше, министрлік сонымен қатар әлеуметтік қызметтерді жаңғырту бойынша дәйекті саясат жүргізуде.

Бүгінде медициналық-әлеуметтік мекемелердің саны 931-ге жетті және 122 мың адамды қамтиды.

«Қазір біз осы мәселеге қатысты әлеуметтік қызмет жүйесін жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоспарды және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу тұжырымдамасын әзірлеудеміз», — деді Б. Нұрымбетов.

Медициналық-әлеуметтік мекемелерде көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту бойынша қосымша шаралар іске асырылуда.

Әлеуметтік жұмыста әлеуметтік қызметкерлерге негізгі рөл беріледі.

ЮНИСЕФ пен Елбасы Қорының қолдауымен 12 мың әлеуметтік қызметкерді тестілеу және оқыту басталды.

Үкімет тарапынан әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру мәселесін қарастыруда.

Сондай-ақ, жаңа Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінде әлеуметтік қызметкердің мәртебесін арттыруға бағытталған нормалар жеке айқындалатын болады.

Ұлттық жоспар шеңберінде министрлік азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселесі бойынша заң жобасын әзірледі.

Заң жобасы 80-нен астам нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізуді көздейді және мүгедек адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдауын қамтамасыз етуге қатысты «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқан 10-нан астам тұжырымдамалық толықтыруларды қамтиды.

Оның ішінде:

- мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің өтемақы жарналарын енгізу;

- барлық 1-топтағы мүгедек жандарға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы енгізу; 

- 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу, жәрдемақы мөлшерін қайта қарау;

- мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақыларды бірге алу құқығын беру;

- 1-2 топ мүгедектігі белгіленген жағдайда 18 жастан асқан балалар үшін тұрғын үй кезегін сақтап қалу сияқты маңызды әлеуметтік нормалар бар.

«Заң жобасы барлық келісу сатысынан өтті және жақында Парламентке енгізілетін болады», — деп түйіндеді Б. Нұрымбетов.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, облыста 94 500 мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту шараларымен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаржы жылдан-жылға артып келеді. 

«2020 жылы былтырғы жылмен салыстырғанда бөлінген қаржы мөлшері 22%-ға ұлғайып, 4,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 34 мыңнан астам адам техникалық құралдарымен және әлеуметтік қызметтерімен қамтылды», — деді облыс басшысы. 

Оның айтуынша, сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға инклюзивті және арнайы білім берілуде. Ал мүгедектіктің алдын-алу мақсатында анықтау, профилактикалық және емдеу шараларын жүргізу нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда мүгедектікке шығу деңгейі 18%-ға төмендеді. 

«Жалпы, мүгедектердің ішінде 60%-ы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Сондықтан біз оларды “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмысқа тарту шараларын күшейтудеміз»,  — деді Ө. Шөкеев. 

Облыс бойынша 2020 жылдың 1 қарашасына еңбекке жарамды 1 600 мүгедек адам жұмыспен қамту шараларына тартылған. Ал 2021 жылға 3 331 мүгедек үшін жұмыс орны белгіленді.

Ұлттық жоспардың маңызды бағыты — мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру бойынша облыс орталығында 2 895 нысанның 98%-ы сәйкестендірілген.

Цифрландыру бойынша «Әлеуметтік қызметтер порталы» мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 2021 жылы толық іске асырылады. Бүгінгі күнге мүгедек азаматтардың 94%-ы электрондық-цифрлық қолтаңба алған. Бұл 42 мыңға жуық мүгедек азаматты оңалту шараларын сапалы жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. 

«Түркістан өңіріне облыс мәртебесі беріліп, қайта жаңғыруына байланысты мүгедектерге арналған заманауи оңалту орталығын құру қажеттілігі туындауда. Осыған байланысты  2024 жылға дейін мүгедектерге арналған сыйымдылығы 50 орындық 6 әлеуметтік нысан және 200  орындық бір оңалту орталығын салу жоспарлануда. Қазір олардың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр»,  — деді облыс әкімі. 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде 26,5 мың мүгедек адам тұрады, олардың  2 мыңнан астамы — балалар. 

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бойынша шаралар жүзеге асуда. Атап айтқанда, кедергісіз орта аясында 1741 нысан бейімделді және Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілді (100%).  

«Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлік  дамуда. Төрт адам республикалық «скейл ап» жобасының қатысушысы болды, 3,6 мың адам, оның ішінде «Еңбек» бағдарламасы бойынша 600 адам жұмысқа тартылды, 265 кәсіпорынға квота бойынша жұмысқа тұрды»,  — деді Қ. Ақсақалов.

6 медициналық-әлеуметтік мекемеде және мүгедектерді оңалту орталығында 1 600-ден астам адамға қызмет көрсетіледі. «TenQogam» әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашуды жоспарлап отырмыз.

«Жыл қорытындысы бойынша мұқтаж адамдардың 80%-ы оңалту құралдарымен және  қызметтермен қамтамасыз етілетін болады. Мүгедектіктің ерте профилактикасы үшін скринингтік тексеріс ұйымдастырылды, компьютерлік томографияда тексеру 8 есе артты»,  — деп нақтылады облыс басшысы.

Бұдан басқа, облыста инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар бөлінуде. Атап айтқанда, 334 мектепте қажетті жағдайлар жасалған (71%), 26 арнайы оқу ұйымы және 12 инклюзия сыныбы жұмыс істейді, облыстың барлық аудандарында 1300-ден астам бала қамтылды.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу