«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы аясында банктер 9 мыңнан астам өтінімді мақұлдады — ҚР Ұлттық банкі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев биылғы шілде айында айлық инфляция 0,2% құрағанын айтты. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде сақталды. Базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі (+/-1т.п. дәлізінде 9,00% деңгейінде) мен ақша-кредиттік шарттар биыл инфляцияның нысаналы дәліз ішінде 4-6% сақталуын қамтамасыз етеді. 

«Жеміс-көкөніс өнімдеріне бағаның маусымдық төмендеуіне қарамастан, жазғы кезеңге тән дефляция процестері байқалып отырған жоқ», — деді Е. Досаев.

Банктер кредиттік белсенділігін ұлғайтуда. Биылғы сәуір-маусымда І тоқсанда жүргізілген банктерді қалыпқа келтіруден кейін кредиттік портфель 3,5%-ға немесе 433,6 млрд теңгеге 12,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ұзақ мерзімді кредиттер – 11 трлн теңге, қысқа мерзімді кредиттер – 1,9 трлн теңге болды.

Ұлттық валютадағы салымдар жыл басынан бері 5,5%-ға өсті. Шетел валютасындағы депозиттер 19,8%-ға қысқарды, депозиттерді долларландыру маусымның соңында 41,6%-ға дейін төмендеді.

7-20-25 бағдарламасын іске асыру аясында, 8 тамыздағы жағдай бойынша 188,3 млрд теңге сомаға 16 677 өтініш берілді, оның ішінде банктер 112,7 млрд теңге сомаға 9 813 өтінімді мақұлдады.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Президент Жарлығын іске асыру аясында Үкімет пен Ұлттық Банк банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп екі бағыт бойынша жұмыс жүргізуде.

Біріншісі — халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейін мөлшерде берешекті өтеу.

Азаматтардың тізімдері бойынша берешек туралы ақпаратты жинау жұмысы жүргізілді. Ақы төлеуге тізім жасалды. Берешекті өтеу тамыздың соңына дейін аяқталады. Бұл алдын ала деректер бойынша еліміздің 508 мың азаматына 105,5 млрд теңге сомаға мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді. Азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына өтініш жасамайды, берешекті өтеу жұмысын кредиторлар дербес жүргізеді, содан кейін кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді.

Екінші – 2019 жылғы 1 шілдеге барлық қазақстандықтардың кепілсіз тұтынушылық несиелері үшін айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару. А.ж. 30 шілдеде банктер мен шағын қаржы ұйымдары жалпы сомасы 33,6 млрд теңгеге 1,2 млн азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиелері үшін айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығарды. А.ж. 20 тамызда Ұлттық Банк аталған ұйымдардың шығындары сомасының 30%-ына дейін өтейтін болады.  

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу