Шығыстар құрылымында әлеуметтік саланың шығыстары 44,7% құрайды — Ә. Смайылов 2020-2022 жж. арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы туралы

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерi арасындағы 2020–2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» және «ҚР Ұлттық қорынан 2020–2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» және «2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңдарының жобасы таныстырылды. 

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов аталған заң жобаларын таныстыра отырып, жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге және өңірлік экономиканы дамытуға ынтаны арттыруға бағытталғанын атап айтты. 

Ұлттық экономика министрі осы трансферттерді есептеу ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды. Мәселен,трансферттерді есептеудің ерекшеліктерінің бірі — жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру.

«Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды», — деді ҚР ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар, жалпы сипаттағы трансферттерді есептеуде өңірлердің ерекшеліктері ескерілетін болады. Ол үшін жаңа коэффиценттер енгізілді. Бұл — мектептер шағын жинақтылығы, ауыл шаруашылығының әлеуетті өнімдерінің көлемі, аумақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі.

«Баяндалғанның негізінде жергілікті бюджеттердің жалпы шығыстарының көлемі 2020 жылы – 4,8 трлн теңге, 2021 жылы – 5,1 трлн теңге, 2022 жылы – 5,4 трлн теңге көлемінде айқындалды», — деді Р. Дәленов.

Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды.  Ұсынылған жоба орта мерзімді келешекте еліміздің алдына қойылған негізгі міндеттерді іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, тұрақты экономикалық жағдайды қамтамасыз ету, бюджет кірістерін әкімшілендіру сапасын арттыру, фискалдық орталықтанудан шығару және өңірлердің дербестігін арттыру және бюджет шығыстарын оңтайландыру және т.б. 

Республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері мынадай көлемдерде қалыптасты: 2020 жылға арналған түсімдер 11,2 трлн теңгені құрайды, мұнайға жатпайтын түсімдердің үлесі биылғы 61,4%-дан 2022 жылы 71,2%-ға дейін өсуде, бюджет тапшылығы 2020 жылы жалпы ішкі өнімге 1%-ке дейін кезең-кезеңмен төмендетумен жоспарланған. 2020 жылы шығыстар 12,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл ретте шығыстардың өсу қарқыны жалпы ішкі өнімнің өсу көрсеткішінен аспайды.

2020 жылға арналған әлеуметтік сала шығыстары 5,7 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Жыл сайынғы индекстеуге және зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың саны ұлғаюына байланысты қосымша 304 млрд теңге көзделген.

Бұдан басқа, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға толық көшу жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты, аталған бағыт бойынша шығыстар 217 млрд теңгеге ұлғайтылды. Жалпы алғанда, шығыстар құрылымында әлеуметтік саланың шығыстары 44,7% құрайды.

Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесіп заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге дайындалатын болады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу