Жамбыл облысында 1200 жаңа жұмыс орнын ашумен Қазақстан-Ресей зауыты салынады

2020 жылғы 21 шілдеде Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі «Минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев пен РФ өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров Жамбыл облысында минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану жөніндегі «ЕвроХим» минералдық-химиялық компаниясы» ААҚ жобасын іске асыру туралы Келісімге қол қойды.

Жоба еліміздің оңтүстігіндегі Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруді және қуаты 1 млн тоннаға дейін минералды тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салуды көздейді. Қазіргі уақытта инвестиция көлемі шамамен $270 млн құрады, алдағы уақытта тағы $800 млн көлемінде қаржы салу көзделуде.

«Химиялық кәсіпорынның жұмысы Жамбыл облысында кемінде 1200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді, Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық бизнес байланыстарды нығайта түседі», - деді Ермек Көшербаев.

Бүгінде «ЕвроХим» МХК» ААҚ фосфорит кен орнын барлау және игеруді бастау,  жыл сайынғы қуаты 640 мың тонна фосфорит ұны өндірісін құрайтын тау-кен өндірісі кешенін пайдалануға беру бойынша жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруды сәтті аяқтады.

Қол қойылған Келісімнің негізінде жобаның екінші кезеңін іске асыруға мүмкіндік туып отыр. Оның аясында қолданыстағы өндірісті кеңейту және келесі жылы химия саласындағы ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, зауыт құрылысын бастау көзделген.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу