ВАК блок-бекеттерді алып тастау және бірқатар саланың жұмысын жандандыру туралы шешім қабылдады

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия халық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, елімізде шектеу шараларын төмендету бойынша қосымша шешімдер қабылдады.

2020 жылғы 1 маусымнан бастап:

1) Өңіраралық блок-бекеттер алынады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлер мен өңірлер әкімдіктерінің шешімі бойынша коронавирустың таралу ошағы бар аймақтарда жергілікті блок-бекеттер сақталуы мүмкін.

2) Қазақстанның облыс орталықтары мен ірі қалаларына темір жол тасымалдары, сондай-ақ өңіраралық автобуспен жолаушылар тасымалы қайта жаңғыртылады.

Жолаушыларды тасымалдау қатаң түрде Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген санитарлық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Теміржол және автовокзалдарда бекітілген талаптардың орындалуы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлерінің бақылауында болады. 

3) Фитнес және SPA орталықтарының қызметі қайта жанданады;    

4) Спорт және мәдениет объектілері көрерменсіз жұмыс істей бастайды.  

5) Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің, қосымша білім беру ұйымдарының (бір топта 15 баладан көп емес), ғылыми-зерттеу институттарының және ғылыми орталықтардың жұмысы жанданады.

2020 жылдың 15 маусымынан бастап санитарлық талаптарды сақтаған жағдайда кинотеатрлардың жұмысы қайта қалпына келтірілетін болады. 

Сонымен қатар бірқатар елдерде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын ескерумен, Ведомствоаралық комиссия мемлекеттік органдарға халықаралық әуе рейстерін кезең-кезеңмен жаңғырту мәселесін пысықтауды тапсырды (І кезең аясында Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы және Әзербайжанмен;  ІІ кезең аясында Біріккен Араб Әмірлігі, Германия, Түркия және Тайландпен).

Халықаралық әуе рейстерінің қайта ұшырыла бастайтын күні мемлекеттік шекаралардың ашылуына және санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты анықталатын болады.

Бірқатар салалар мен объектілердің жұмысқа кірісуін ескере отырып, Ведомствоаралық комиссия қазақстандықтарға аурудың алдын-алу шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады (маска кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қарым-қатынасты азайту).

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірқатар нақты тапсырмалар берді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу