Ведомствоаралық комиссия өңірлерде бірқатар қызмет түрлерін іске қосу туралы шешім қабылдады

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қазіргі эпидемиологиялық ахуал және халықты жұмыспен қамту мақсатында қызмет салаларын қалпына келтіру мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды.

Вирустың минималдық өсім қарқыны аптасына 2%-ға жетпеген өңірлерде:

  • сауда-ойын-сауық орталықтарының (ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар іске қосылмайды);
  • қоғамдық тамақтану нысандарының (50 адамнан астам орынмен);
  • өндірістік тауарлар дүкендерінің (2 мың м2 астам);
  • фитнес-отралықтары, спорт кешендерінің;
  • SPA орталықтары, моншалар мен сауналардың;
  • балаларға арналған сауықтыру лагерьлерінің;
  • қоғамдық көліктің (шектеусіз) қызметін іске қосуға рұқсат етіледі.

2020 жылғы 25 мамырдан бастап Атырау қаласымен ішкі әуе қатынасы  іске қосылады.

2020 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының аумағында:

  • кезең-кезеңмен ішкі темір жол қатынасын іске қосуға байланысты темір жол вокзалдарының қызметі санитарлық нормаларға сәйкес ұйымдастырылады;
  • қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, Қазақстан кәсіподақтар федерациясының қонақ үйлері мен сауықтыру санаторийлері және өңірлердегі курорттық, емдеу-сауықтыру нысандары қызметін қайта бастайды;     

Қазақстан азаматтарын шет елдерден қайтару жұмысы жалғастырылады.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов бірқатар нақты тапсырма берді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу