А. Маминнің Әбу-Даби қаласына сапары: ҚР мен БАӘ $6,1 млрд құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыруға келісті 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Әбу-Даби қаласына жұмыс сапары аясында Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.

Тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистика, агроөнеркәсіп, мұнай химиясы, ғарыш, тау кен металлургиясы, энергетика және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастық келешегін талқылады.

Келіссөз қорытындысы бойынша ҚР мен БАӘ үкіметтері арасында инвестиция мәселесіндегі ынтымақтастық жөніндегі құжатқа қол қойылды, бұл құжат $6,1 млрд-қа 21 жобаны жүзеге асыруды көздейді. 

Инвестициялық жобалар қосылған құны мен рентабельділігі жоғары, сондай-ақ ішкі және перспективалы сыртқы нарықтарда сұраныстың үлкен әлеуеті бар жаңа өндіріс орындарын құруды көздейді. Оларды іске асыру Қазақстанда жаңа сапалы жұмыс орындарын ашуға, озық технологиялар мен практиканы енгізуге жол ашады.

ҚР мен БАӘ АӨК секторындағы ынтымақтастық әлеуетін іске асыруға ерекше назар аударады – жоспарланған 21 жобаның 10-ы қосылған құны жоғары азық-түлік өнімдерін шығаруды көздейді. Бұл Қазақстанға БАӘ жүзеге асырып жатқан 2051 жылға дейінгі азық-түлік қауіпсіздігі стратегиясының маңызды буынына айналуға мүмкіндік береді және екі ел арасындағы тауар айналымын одан әрі арттыруға ықпал ететін болады.

Жұмыс сапарына ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, әділет министрі М. Бекетаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Ж. Мәдиев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А. Әріпханов және т. б. қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу