ҚР Үкіметінің қаулысымен Жұлдыз Қажыкенқызы Омарбекова Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметіне тағайындалды.

Жұлдыз Омарбекова 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Құқықтану маманы, әлеуметтік ғылымдар кандидаты.

Еңбек жолын 2001 жылы бастаған. Түрлі жылдары әлеуметтану пәнінен оқытушы, «Бауыржан» қайырымдылық қорының атқарушы директоры және президенті болып жұмыс істеген. 2013–2014 жылдары Алматы Мәдениет басқармасы басшысының м.а., басшысы, 2014–2015 жылдары — Алматы Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2016–2018 жылдары Nur Otan партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарған. 2018 жылғы қыркүйектен бастап ҚР қоғамдық даму вице-министрі лауазымын атқарған.

www.primeminister.kz

Мемлекет басшысына азаматтардың денсаулығын нығайтуға, Қазақстандағы медициналық көмектің сапасын арттыруға және оның қол жетімділігіне қатысты қабылданған шаралар жөнінде есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне жеткілікті қаражат бөлінетінін атап өтті. Бұл қаржыны оның тиімділігін арттыруға, ішкі ресурстарды жұмылдыруға және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруге жұмсау қажеттігін айтты.

Елбасы мен Қазақстан Президентінің тапсырмалары бойынша 2019 жылғы 1 маусымнан бастап жалақысы төмен медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 30 пайызға артады.

Елжан Біртанов Мемлекет басшысына алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем сапасын арттыруға, дәрігерлердің жұмыс жүктемесін азайтуға, тұрғындардың скринингпен қамтылуын кеңейтуге, медициналық қызмет көрсету ісін цифрландыруға және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құру туралы жобаны жүзеге асыруға қатысты жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндады.

Соңында Қазақстан Президенті халықаралық озық тәжірибені пайдалана отырып, отандық денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алдағы уақытта тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

www.primeminister.kz

ҚР Үкіметінің қаулысымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасының ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Осыған дейін аталған қызметті атқарған С. Жұманғарин берген өтініміне сәйкес лауазымынан босатылды.

Ж. Мәдиев 1983 жылы дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Нью-Йоркте Халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебін, Массачусетс технологиялық институтын, Слоун бизнес мектебін тәмамдаған. «Альянс Банк» АҚ, ҚР Ұлттық банкінде, «Қазақстанның даму банкі» АҚ-да, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ түрлі лауазымдарды атқарған. Әр жылдары «Ұлттық инвестициялық корпорация» АҚ-да, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеген. 2017 жылдан бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қаржы жөніндегі вице-президенті қызметін атқарған.

www.primeminister.kz

Министрлер кабинетінің кезекті отырысы Елбасының «қарапайым заттар экономикасын дамытуды ынталандыру», қаржылай және қаржылық емес қолдау көрсету шаралары арқылы бизнесті дамыту және бизнес қауымдастықпен бірлескен әлеуметтік жобалар арқылы «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын орындау жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға арналды.

Үкімет кулуарында халық қызығушылық танытатын мәселелерді түсіндіру жұмыстары жалғастырылды. Сондай-ақ, баспасөз орталығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының маңызды басымдықтарының бірі — А. Мамин

«Бизнестің жол картасы–2020» іске асыру барысы туралы ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төрағасы А. Мырзахметов баяндады.

ШОБ дамыту қарқыны бойынша артта қалушылық себептері туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов және Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов баяндады.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин «кәсіпкерлікті дамыту – Үкімет жұмысының аса маңызды басымдықтарының бірі» екенін айтты. Шағын және орта бизнестің рөлін күшейтіп, оның ел экономикасындағы үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін жеткізу міндеті тұр.

«Бағдарламаны іске асыруға 2019 жылы 71,8 млрд теңге бөлінді», — деді Асқар Мамин.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Атырау және Қостанай облыстарының жақсы нәтижелерге қол жеткізгені айтылды. Үкімет басшысы артта қалып қойған өңірлерге, соның ішінде, Үкімет отырысында баяндама жасаған облыстарға осы бағыттардағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Қарапайым заттар экономикасы» жобалары — ШОБ дамыту құралдары

Премьер-Министр бірқатар нақты міндеттер қойды: Елбасының тапсырмасы бойынша «қарапайым заттар экономикасының» басым жобаларын несиелендіруге бөлінген 600 млрд теңге қаражаттың игерілу қарқынын өсіру және қатаң бақылау, ШОБ жобаларына субсидия беру мен кепілдендіруге қосымша қаражат бөлу, бизнес мектепте оқыту тиімділігін арттыру.

«Жоғарыда аталған барлық мәселелер бойынша бағдарламаны іске асыру үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет», — деп ҚР Премьер-Министрі А. Мамин, Бизнестің жол картасы бағдарламасының 2020 жылдан 2025 жылға дейінгі келесі кезеңін әзірлеп, бекітуді тапсырды.

Үкімет пен бизнестің ортақ міндеті — күрделі өмір жағдайларына тап болған азаматтарды қолдау

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бастамасын іске асыру аясындағы әлеуметтік жобалар туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев баяндады.

Азаматтардың әлеуметтік осал топтарын қолдау, соның ішінде бизнес қауымдастықпен бірлескен жобалар аясында атқарылып жатқан қолдау шаралары туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы А. Есімов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндады.

Қызылорда облысында «Баламекен» жобасының іске асырылуы туралы Болат Өтемұратов қорының директоры М. Айтмағамбетов, Маңғыстау облысында «Үш күн ішінде бизнес ашу» жобасы туралы бастамашысы А. Нұрланова жан-жақты баяндап берді.

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі ірі бизнесмендердің әлеуметтік жобаларға өз қаражаты есебінен қатысуын атап өтіп, бизнес-бастамаларды дамыту, өзінің жеке ісін ашу тәжірибесін көпшілікке тарату керек екенін айтты.

«Азаматтар мұқтаж жандарға көмек тек мемлекеттен ғана емес, бизнес қоғамдастығынан да келіп жатқанын білуі керек. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтарға өмірде өздері тап болған қиын жағдайдан шығуға көмек көрсету», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Әлеуметтік мәселелер бойынша бизнестің қызықты идеялары мен ұсыныстары бар, олар Үкіметпен бірігіп іске асырылуы қажет. Сондықтан, өңірлердің әкімдеріне осындай бастамаларды белсенді түрде қолдау тапсырылды.

Министрлер кабинетінің басшысы кәсіпорындардың басшыларын өз жұмыскерлерінің проблемаларына, соның ішінде тұрғын үй проблемаларына назар аударуға шақырды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбек жасындағы адамдарды жұмысқа орналастыру, оқыту және қайта оқыту мәселесін ерекше бақылауға алу тапсырылды.

«Оларды барынша жұмыспен қамту қажет», — деп ҚР Премьер-Министрі, бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да атсалысуы қажет екенін айтты.

Отырыс аяқталғаннан кейін Үкімет кулуарында журналистердің Түркістан және Ақтөбе облыстарында балықтардың өлу себептері туралы сұрақтарына ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төраға орынбасарының м.а. Н. Жүнісов жауап берді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысындағы Қошқар ата өзенінің балықтарының өлу себептері анықталуда. Аймақтық бөлімшелерден, экологтардан және басқа мүдделі органдардан құрлаған комиссия жұмыс істеп жатыр.

«Тиісті орындардағы судың, өлі балықтардың, топырақтың және ауаның сынамалары алынған. Балықтардың өлу себептері туралы зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қорытындылары хабарланады», — деді ол.

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов бұқаралық ақпарат құралдарының азық-түлік бағаларының ағымдағы жағдайына қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Қырыққабатқа қатысты жағдай жалпы әлемдік үрдіс. Егер сайтты ашсаңыз келесі жаңалықтарды көресіз: «Ыстамбұл сауда биржасының ең қымбат өнімі – қырыққабат». Бүкіл әлемде күтпеген жерден қырыққабаттың бағасы көтерілді. Шынында да, кіру бағасы қымбаттады», — деді Р. Дәленов.

Министр баға өсіру туралы келісім болмағанын айтты.

«Мерекелерге орай бағаны көтеру туралы ешқандай да келісім болған жоқ. Бұл әлемдік үрдіс және маусымдық тапшылық болды», — деді Р. Дәленов.

Сонымен қатар, ұлттық экономика министрі кезектен тыс президенттік сайлауды қаржыландыру мәселесіне тоқталды.

«Бюджет, әрине, қаражат қарастырылмаған. Бюджетте барлық жоспарланған шараларға қаражат қарастырылған. Биыл сайлау өткізу жоспарланбағандықтан, қаражат қарастырылмады. Алайда шұғыл шығыстар қаржыландырылатын Үкімет қоры бар. Қажет болған жағдайда біз қаржыландырамыз», — деп түсіндірді Р. Дәленов.

Энергетика министрі Қ. Бозымбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары барысында айтылған «атом электр станциясы құрылысы туралы» ақпаратқа түсініктеме берді.

«Соңғы 7-8 жылда Қазақстанда станцияның ықтимал құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде біз ТЭН бөлігі (техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленген кезеңде тұрмыз. Осыған сәйкес, бес елдегі компанияларға технологиялық және коммерциялық, экономикалық параметрлер бойынша техникалық-экономикалық ұсыныстар беру үшін хаттар жіберілді. Бұл – АҚШ, Франция, Корея, Қытай және Ресей елдері», — деп түсіндірді Қ. Бозымбаев.

Министр Қазақстанда АЭС құрылысы туралы ешқандай шешім қабылданған жоқ екенін нақтылады. Сұрақ зерделену сатысында тұр.

Қ. Бозымбаев Шымкентте ірі бу-газ қондырғысын салу, Алматы қаласындағы ЖЭО-2-ні модернизациялау күтілуде деп атап өтті. Сонымен қатар бірқатар гидроэлектр станцияларының құрылысы жоспарлануда.

Бұдан өзге, Энергетика министрлігінің басшысы электр қуаты болжамына сәйкес 2030 жылға қарай жаңа жобалар енгізілмеген жағдайда Қазақстанда электр қуатының тапшылығы орын алуы ықтимал екенін айтты.

«Сондықтан да 2030 жылға қарай қандай да бір қуаттылықты салу қажет болады. Егер Үкімет АЭС салу туралы шешім қабылдаса, онда ол халықпен қоғамдық тыңдаулар жүргізу арқылы тиісті консультациялардан кейін ғана жариялы, айқын түрде қабылданады», — деді министр.

Баспасөз-конференциясында журналистер алдында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев сөз сөйлеп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы өзекті мәселелерді түсіндірді.

«ТДК 42» және «Алматы» телеарналарының тілшілері министрге атаулы әлеуметтік көмекті белгілеудің негізгі шарттарының бірі ретінде тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуінің болуы қажеттігі туралы сұрақ қойды.

«АӘК белгілеу үшін тұрақты тіркеуінің болуы тиіс. Егер азамат соңғы бес жылда мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатса, және оның тіркеуі болмаса, онда бұл азаматты жұмыспен қамту орталықтары арқылы уақытша тіркеуге болады. Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік бейімдеу орталықтары бар. Әкімдік оларды сол жерде уақытша тіркеу туралы шешім қабылдады. Тек содан кейін жұмыспен қамту орталықтары АӘК белгілеу үшін олардың құжаттарын қабылдап алады және табыстарына орай оларға АӘК тағайындалады», — деп нақтылады Б. Сапарбаев.

Б. Сапарбаев Tengrinews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісінің АӘК белгілеуге құжаттарды қабылдау басталғалы бері жұмыспен қамту орталықтарындағы үлкен кезектерге қатысты қойған сұрағына түсініктеме беріп өтті.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыспен қамту орталықтарына мен өзім бардым. Өкінішке орай, алғашқы күндері, әсіресе, бірінші онкүндікте кезек болды. Біз барлығына бірден бару қажет еместігін бірнеше рет түсіндірген едік. Көмекті белгілеу мен құжаттарды қабылдау ай бойы жүргізіледі, ол құжаттардың қай күні тапсырылғанына байланысты болмайды», — деді Б. Сапарбаев.

Ол Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері арасында да АӘК белгілеудің жаңа ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Өкінішке орай, ондай мамандар бар (еск. – қажетсіз құжаттарды талап ететін). Біз оларға бірнеше рет тек жеке куәлік қана қажет екенін айттық. Аралау кезінде біз осындай сәттерді байқап, жұмыспен қамту орталықтарының басшыларына, әкімдіктерге қажетсіз құжаттарды талап етпеуілері үшін тапсырмалар бердік», — деп қосты министр.

«Интерфакс-Қазақстан» тілшісі министрге көп балалы отбасы мәртебесі туралы заңнамалық актілер әзірлеуге қатысты сауал қойды. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 5 бала тәрбиелеп отырған отбасы көп балалы деп саналды, енді 4 немесе одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасы көп балалы деп танылатын норма қайта қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, Б. Сапарбаев биылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанда жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алуға көп балалы ғана емес, аз қамтылған отбасылар да үміткер бола алатынын айтты, яғни, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспауы тиіс.

«Время» газетінің тілшісі Б. Сапарбаевтан көп балалы отбасыларды оларға қажетті көмекті анықтау үшін аралайтын әлеуметтік қызметтерге қатысты мәселеге түсініктеме беруді сұрады. Журналистің пікірінше, аталған қызметтердің жұмысшылары атаулы әлеуметтік көмекті бермеудің себебін іздейтін секілді.

Б. Сапарбаев АӘК алу үшін азаматтарға қосымша ешқандай шектеулер қойылмайтынын атап айтты.

«АӘК белгілеуге рұқсат бермеудің түрлі себептері туралы хабарламаларға келер болсақ, осындай отбасылар өздеріне тиістісін алады. Кірістер мен шығыстардың белгілі бір нормалары бар, жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін кірістердің бар-жоғын ескереді. Комиссия отбасының табысы бар-жоқтығын немесе оны есепке алу-алмау туралы шешім қабылдайды. Бұдан өзге, АӘК есептеу, сонымен бірге басқа да әлеуметтік мәселелерге байланысты әртүрлі туындайтын мәселелерді шешу үшін біз өз қызметкерлерімізді халықты жұмыспен қамту орталықтарына отырғыздық, олар азаматтарға қажетті кеңестер мен түсініктемелер береді», — деді министр.

www.primeminister.kz

2019 жылғы 9 сәуірде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың басшылығымен Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша Қызылорда облысына барды.

Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов кірді.

Жұмыс сапарының бастапқы пункті құрылыс алаңы болды, ол жерде «Баламекен» жобасы бойынша аз қамтылған отбасылар үшін 150 тұрғын үй салынады, оның 100 – бюджет қаражаты есебінен, 50 – Б. Өтемұратова жеке қоры қаражатынан салынады.

Бұдан әрі Г. Әбіқалықова Б. Сапарбаевпен бірге 6 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы Зарина Хамзатоваға барды. Әңгіме барысында ол облыс басшылығына көп балалы ананы жұмысқа орналастыруда жәрдемдесуге тапсырма берді.

Келесі шара «Достық үйінде» өтті. Осы жерде үкімет делегациясы көпбалалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүгедектермен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, қоғам өкілдерімен кездесті. Өз сөзінде Премьер-Министрдің орынбасары мемлекеттік саясаттың басты басымдығы халықтың әл-ауқаты екенін баса айтты. Ол үшін бүгінгі күні өмір сапасы мен деңгейін арттыру бойынша қажетті шаралар қолдануда. Сонымен қатар басты міндет халықты жұмыспен қамту болып табылады, ал әлеуметтік әлжуаз санаттарға жан-жақты мемлекетпен қолдау көрсетіледі.

Елбасының жаңа әлеуметтік басттамаларына қолдау білдірген кеңеске қатысушылар түсіндіру сұрақтарынан басқа, әлеуметтік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

Бұдан әрі жұмыс сапары қала және аудан әкімдері, кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың және кәсіподақтардың басшылары қатысқан жиналыспен жалғасты. Онда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту, өңірдің аз қамтылған жұмыскерлері мен тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсету мәселелері қарастырылды.

Гүлшара Әбдіқалықова экономиканың нақты секторларын, бизнес–қауымдастықтарды мемлекеттің әлеуметтік саясатын іске асыруға белсене қатысуға шақырды.

Келесі кеңестің тақырыбы Қызылорда облысының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламсын іске асыру барысы қарау болды.

Облыста 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 100% құрады, соңғы 5 жылда 69 білім беру мекемесі салынды, колледждердің 79%-ы дуальді жүйе бойынша жұмыс істейді.

Вице-премьер білім беру министрімен өңірдегі білім беру саласындағы ағымдағы жағдайды, өзекті мәселелерді және оны шешу жолдарын қарастырды. Сонымен қатар педагог қауымға 1 маусымнан бастап жалақыны 30%-ға арттыру бойынша түсінік берілді, сондай-ақ мұғалімнің қоғамдағы беделі мен рөлі арттыруға бағытталған «Мұғалім мәртебесі туралы» заң жобасы талқыланды.

Премьер-Министрдің орынбасары және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Қызылорда қаласының Жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексерді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау алгоритмі толық қарастырылды. Жалпы, облыс орталығында 2018 жылы жұмыспен қамту шараларымен 3,6 мыңнан астам адам қамтылды, 7,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 225 адамға кредиттер мен гранттар берілді, 54 отбасы көшірілді.

Өңірдегі жұмыс сапары соңында Премьер-Министрдің орынбасары Г.Н. Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдады. Атап айтқанда, облыс басшылығына Амангелді Ниталиевтіңбала кезінен созылмалы гемодеализ дертіне шалдыққан мүгедек ұлы Асылға материалдық көмек көрсету тапсырылды.

Өз кезегінде, Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова «Шағбан» балабақшасының, «IT-IMAQORDA» балалар технопаркінің, № 268 орта мектептің және «Атаменкен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының ұстаздар қауымымен бірқатар кездесулер өткізді.

Денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева балалар ауруханасының, №6 емхананың дәрігерлерімен және медбикелерімен кездесті. Ал Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаршуашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Сырдария ауданына барды.

Үікметтік делегацияның жұмыс сапары Шымкент қаласында және Түркістан облысында жалғасатын болады.

www.primeminister.kz

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа министрліктің қазіргі қызметі және алдағы жұмыс жоспары туралы мәлімделді.

Елбасы сыртқы саяси бағытымыздың сабақтастығын қамтамасыз етудің және Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараларды біртіндеп іске асырудың маңыздылығына тоқталды.

«Елімізде елеулі саяси өзгерістер болды. Биліктің қалыпты әрі бейбіт жолмен берілуін қамтамасыз етіп, бүкіл әлемге Конституция аясында әрекет ететінімізді көрсеттік. Бұл – барша жұрт үшін айтулы оқиға. Қазір ең бастысы – осыған дейін қалыптасқан сыртқы саяси бағытымыздан айнымау. Ең алдымен, жақын көршілерімізбен арадағы қатынастарға назар аудару керек. Бұл қатынастар өзара сенімге негізделуге тиіс», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті, сондай-ақ, шет елдерге жасалатын сапарларға және халықаралық іс-шараларға мұқият дайындалу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі таңда мынадай мәселелерге баса мән беру керек. Біріншіден, Оңтүстік Корея Президентінің Қазақстанға сапары. Екіншіден, "Бір белдеу, бір жол" форумына қатысу үшін Қытай Халық Республикасына жасалатын сапар. Сонымен қатар, Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммитін өткізу үшін жақсылап дайындалу керек. Оның бес жылдығын елордамызда атап өтеміз», — деді Елбасы.

Сыртқы істер министрі Б.Атамқұлов елімізде болған саяси оқиғаларды халықаралық ұйымдардың басшылары оң бағалап жатқанын жеткізді.

«Халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстанның халықаралық міндеттемелерді жүзеге асыра беретініне сенім білдіруде. Әлемдік қоғамдастық Сіздің жаһандық бастамаларыңызды және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесіңізді, соның ішінде ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау ісіне сіңірген еңбегіңізді жоғары бағалауда», — деді Б. Атамқұлов.

www.primeminister.kz

Үндеу мәтіні Ақорданың ресми сайтында жарияланған.

Қымбатты Отандастар!

Бүгін елімізге және әрқайсымызға қатысты аса маңызды Үндеу жариялап отырмын.

Еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдадым.

Мен бұл жауапты шешім бойынша Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен ақылдастым.

Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңестім.

Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгіндім.

Парламенттегі партия жетекшілерімен кездестім.

Кезектен тыс сайлау туралы шешім қабылдау – өте маңызды әрі қажетті қадам.

Біз Елбасымыздың арқасында тәуелсіз, қуатты мемлекет құрдық. Қазақстан халықаралық жүйеде өзіне лайықты орнын алды. Бізді ықпалды және белді мемлекет ретінде бүкіл әлем мойындайды.

Қазіргі таңда тарихи кезеңді бастан өткеріп отырмыз.

Жоғары билік заңды және бейбіт жолмен ауысты. Бүкіл әлем қоғамдастығы осы оқиғаны түсіністікпен және құрметпен қабылдады.

Мемлекет басшысы ретінде мен өзімнің міндетімді және жауапкершілігімді терeң сезінемін.

Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл-күйін жақсы білемін. Зиялы қауыммен, еңбек ұжымдарымен, бизнес өкілдерімен, инвесторлармен, халықаралық тұлғалармен кездестім.

Біз Елбасының сара жолымен жүреміз. Халқымыз – біртұтас. Тәуелсіздігіміздің ең жоғары құндылығы ретінде мемлекетіміздің іргесі мығым. Алдағы Президент сайлауы осыған дәлел болуы керек.

Сондықтан, елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін, әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін.

Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керек.

Ол үшін аталған тағдырлы шешімді қабылдадым.

Мұндай шешім тек халықтың тікелей еркімен сайлауда қабылдануы қажет.

Қазақстан – демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады.

Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл – менің берік ұстанымым!

Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін.

Қадірлі Отандастар!

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді дана халқымыз.

Алдағы сайлауға баршаңызды барынша жауапкершілікпен қарауға шақырамын.

Еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры Сіздердің шешімдеріңізге тікелей байланысты!

www.primeminister.kz

«Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалсын.

2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Жарлығының мәтінінде.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті белгілеу бойынша өзекті мәселелерді түсіндірді.

Б. Сапарбаев атаулы әлеуметтік көмекті белгілеудің негізгі шарттарының бірі тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуінің болуы екенін атап айтты. Ондай мүмкіндігі жоқ азаматтар үшін әкімдіктер уақытша тіркеу мүмкіндігін қарастыруы қажет.

«АӘК белгілеу үшін тұрақты тіркеуінің болуы тиіс. Егер азамат соңғы бес жылда мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатса, және оның тіркеуі болмаса, онда бұл азаматты жұмыспен қамту орталықтары арқылы уақытша тіркеуге болады. Нұр-Сұлтан қаласында әлеуметтік бейімдеу орталықтары бар. Әкімдік оларды сол жерде уақытша тіркеу туралы шешім қабылдады. Тек содан кейін жұмыспен қамту орталықтары АӘК белгілеу үшін олардың құжаттарын қабылдап алады және табыстарына орай оларға АӘК тағайындалады», — деді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар министр АӘК белгілеуге байланысты құжаттардың қабылдана бастауымен жұмыспен қамту орталықтарында үлкен кезектің пайда болуы мәселесін түсіндіріп, үрейге жол бермеуге шақырды.

«Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыспен қамту орталықтарына мен өзім бардым. Өкінішке орай, алғашқы күндері, әсіресе, бірінші онкүндікте кезек болды. Біз барлығына бірден бару қажет еместігін бірнеше рет түсіндірген едік. Көмекті белгілеу мен құжаттарды қабылдау ай бойы жүргізіледі, ол құжаттардың қай күні тапсырылғанына байланысты болмайды», — деді Б. Сапарбаев.

Ол Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері арасында да АӘК белгілеудің жаңа ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«Өкінішке орай, ондай мамандар бар (еск. - қажетсіз құжаттарды талап ететін). Біз оларға бірнеше рет тек жеке куәлік қана қажет екенін айттық. Аралау кезінде біз осындай сәттерді байқап, жұмыспен қамту орталықтарының басшыларына, әкімдіктерге қажетсіз құжаттарды талап етпеуілері үшін тапсырмалар бердік», — деп қосты министр.

Сонымен қатар Б. Сапарбаев Бірыңғай жиынтық төлемді төлейтін азаматтардың АӘК алуға құқылы екенін, бірақ ол үшін жұмыспен қамтылуға белсене ықпалдасу керектігін айтты.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) — аз қамтылған азаматтарға және табыстары аз, сондай-ақ, көп балалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Биылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлері өмір сүру деңгейі қымбатырақ Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Маңғыстау облысынан басқа өңірлерде 20789 тг дейін көтерілді. Егер отбасының бір адамға ай сайынғы табысы 20 789 тг аспаса, бұл жағдайда атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларға 20789 тг мөлшерінде төленеді.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру барысы қаралды.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаевтың айтуынша, 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті белгілеуге құжаттар барлық жерде қабылданып жатыр. 180 мыңға жуық адам қабылданды.

Елбасының әлеуметтік бастамалары бойынша   ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықованың жетекшілігімен еліміздің жеті өңірі мен Нұр-Сұлтан қаласының аудандарына сапарлар іске асырылды.

Жалпы, биыл жергілікті атқарушы органдармен 821 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетуге 83 млрд теңге бағытталады. Жыл басынан бері 9,3 млрд теңге сомасына 282 мың адамға көмек көрсетілді. Бұған қоса, 2019 жылы 373 мың жаңа жұмыс орны құрылады, қазірге дейін 31,9 мың жұмыс орны құрылған.

Министр сонымен қатар 58 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге 2025 жылға дейін республикалық бюджеттен 500 млрд теңге бөлінетінін атап өтті, ол тұрғын үйді жалға беру және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жеңілдетілген қарыздарын беру арқылы жүзеге асырылады.

Оның айтуынша, әлеуметтік салада мемлекеттің серіктесі бизнес қауымдастығы болуы тиіс.

«Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік қоғамда компанияның іскерлік беделін арттыратын тиімді қызмет ретінде қабылдануі тиіс. Ол тиісінше, бизнестің өз елінің дамуына, әлеуметтік және экологиялық салаға қосатын ерікті үлесі», — деді ол.

Қазақстанда 1 178 ірі кәсіпорында көп балалы ата-аналар қатарынан 23,3 мың адам жұмыс істейді. Оның ішінде 15 мыңға жуығының тұрғын үйге мұқтаж. Министр сонымен қатар бизнестің өңірлерде іске асырып жатқан әлеуметтік бастамалары туралы баяндады. Мәселен, 2019 жылғы 1-тоқсанда меценаттардың, демеушілер мен жеке адамдардың қаражаты есебінен аз қамтылған және көп балалы отбасыларға 3 млрд теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсетілді, 5 мыңға жуық жұмыс орындары құрылды, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың ішінен 1,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, 268 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Қорытындылай келе, Б. Сапарбаев бизнес-құрылымдармен бірлесіп бірқатар әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруды талқылаудың маңыздылығын атап өтті, оның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» және тағы басқа бағдарламалары бойынша аз қамтылған және көп балалы отбасылар қатарындағы өз қызметкерлеріне тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарнаның 10%-нан кем емес мөлшерде субсидиялауы бар.

Үкімет отырысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» идеясын қолдап, нақты әлеуметтік бастамаларды іске асыра бастаған бизнес өкілдері болғанын айта кеткен жөн. Қызылорда облысында жеке қаражаттар есебінен көп балалы және аз қамтылған отбасыларға арнап тұрғын үй салуға бағытталған «Баламекен» жобасының іске асырылуы туралы Болат Өтемұратов қорының директоры М. Айтмағамбетов айтып берді. Маңғыстау облысында үйде өз ісін және шағын өнеркәсіптерді ашуды қолдауға бағытталған «Үш күн ішінде бизнес ашу» жобасы туралы бастамашысы А. Нұрланова жан-жақты баяндады.

Мәселені қарау барысында сонымен қатар «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы А. Есімов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А. Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов азаматтардың әлеуметтік әлжуаз санаттарын қолдау, оның ішінде бизнес қауымдастықпен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Отырыс соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатындағы Үкіметтік жұмыс тобының сапарларының қорытындысы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамаларын халық та, ірі кәсіпорындар басшылары да, бизнес құрылымдар мен кәсіподақтар да белсене қолдайтынын көрсететінін жеткізді. Өз қызметкерлерін де, жергілікті халықты да әлеуметтік қолдау мәселесінде бизнестің бастамашылдық ниетінің басымдығы атап өтілді.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту