2019 жылғы 29 наурызда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында индустриялық кәсіпорындарға, көлік инфрақұрылымының салынып жатқан нысандарына барып, Алматы өңірінің турбизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

«Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағын аралау кезінде «KBTU Drilling Center» оқу-жаттығу орталығы мен мұнай-газ саласының мамандары біліктілігін арттыратын Қазақстандық теңіз академиясын барып көрді. Асқар Мамин радиоэлектроника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын, композит бұйымдарды, күн электр станциясы нысанын шығаратын «KazTechInnovations» ЖШС зауытына барды. «Ақпараттық технологиялар паркі» АЭА әкімшілік орталығында Үкімет басшысына осы аймақ аумағында орналасқан кәсіпорындардың қызметінің бағыттары туралы баяндалды.

Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күре жолы бойындағы жол айрығын көру кезінде ҚР Премьер-Министрі көлік схемасын дамыту туралы ақпаратты тыңдады, сондай-ақ, Абай даңғылы мен Б. Момышұлы көшесінің қиылысының маңында орналасқан «Достық» метросы бекетінің құрылысын көрді. Ұзындығы 3,1 км «Сарыарқа» және «Достық» метросының жаңа бекеттері метрополитендегі жолаушылар ағынын тәулігіне 46 мың адамнан 86 мыңға дейін ұлғайтуға жол ашады. ҚР Премьер-Министрі Алматыда қоғамдық көліктің дамуы мен жеңіл рельсті көлік (ЖРК) құрылысы жобаларын іске асыру жөніндегі баяндамаларды тыңдады.

А. Мамин «Қазжеңілөнеркәсіп-Алматы» ЖШС киім шығару фабрикасына және қаланың индустриялық аймағының бірқатар кәсіпорындарына барды. Атап айтқанда, Tokyo Rope Manufacturing корпорациясының инженерлік қорғаныс жүйелерін өндіру зауытын көрді, жеңіл автокөлік өндіретін «Hyndai Trans Kazakhstan» зауытының құрылыс алаңдарында болды, сондай-ақ диаметрі 300 мм-ден 900 мм-ге дейін үлкен болат дәнекерлі құбырлар өндірісі жолға қойылатын Asia Steel Pipe кәсіпорнына барды. Зауыт жыл сайын мұнай, газ, су және мұнай өнімдерін тасымалдау және тау-кен өндірісі, құрылыс, химия өнеркәсібі, энергетика салаларында пайдалану үшін 100 мың тоннаға дейін құбыр жеткізетін болады. Жұмыс сапары электр автобустарын құрастыратын «Falcon Eurobus» ЖШС зауытында жалғасын тапты. Мұнда ҚР Премьер-Министріне үшінші буынның электр автобустарының модельдері көрсетілді.

Алматыда ҚР Премьер-Министрі Алматы өңірінің туристік тау кластерінің перспективалық нысандарын ұшып аралады, сонымен қатар оны дамытудың өзекті мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес жұмысына Алматы қаласы мен Алматы облысының туристік бизнес-қауым өкілдері қатысты.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов 2019 жылдың 29 наурызында Мәскеу қаласында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Күн тәртібінде бекітілген 36 және қосымша 10 сұрақ қаралды.

Кеңес мүшелері ЕАЭО нормативті актілерінің орындалу барысы, ЕАЭО ортақ қаржылық нарықты қалыптастыру тұжырымдамасы, ЕАЭО Мысыр, Сербия және Израилмен еркін сауда аймақтары жөнінде келісімді бекіту туралы келіссөздер мен Жоғары Кеңестің №72 шешімінің орындалу барысы бойынша комиссия ұсынған ақпараттарды тыңдады. Бұдан өзге, отырыс барысында осы жылдың сәуір айына жоспарланған Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысының күн тәртібінің жобасы мақұлданды.

Жиында Одақтың ішкі нарығында Одаққа мүше мемлекеттер тарапынан өзара қолайлы шешім қабылданған, дегенмен де қолайсыздық тудырған айтулы кедергілер төңірегінде мазмұнды пікір алмасу болды.

ЕАЭО жөніндегі 2014 жылғы 29 мамырдағы келісімшартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына байланысты, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің бірлескен мәлімдемесінің жобасы талқыланды.

Кеңес отырысында ЕАЭО кедендік аумағы мен кедендік шекарасында карантинге жатқызылған өнімдер мен нысандарға талап етілетін Бірыңғай каратиндік фитосанитариялық талаптарға өзгеріс енгізу ұсынысы мақұлданды.

Мұнымен қоса, ЕАЭО теxникалық регламентін құру бойынша жоспардың ІІ бөліміне, Кедендік Одақтың теxникалық регламентіне, Кедендік Одақтың «Парфюмериялық-косметикалық өнімдердің қауіпсіздігі туралы» теxникалық регламентіне де өзгерістер енгізілді.

ДСҰ кіру кезіндегі талаптарға сәйкес қабылданған міндеттемелер бойынша, Қазақстан Республикасында ЕАЭО-ң бірыңғай кедендік тарифінің баж мөлшерлемелеріне қарағанда әлдеқайда төмен кедендік әкелім баж салығы қолданылатын тауарлар тізімі мен баж мөлшерлемелерінің көлемі де өзгеретін болады.

Кеңес отырысы аясында үшінші елдермен өзара сауда-саттық барысында туындаған теxникалық кедергілерді жою бойынша талаптар мен тәртіптер жөніндегі келісімге, «ЕАЭО аясында қызмет көрсетудің жекелеген секторларын ырықтандыру жоспарын жүзеге асыру бойынша» Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес қаулысының жобасы мен «ЕАЭО өндірістік саясаты бойынша Кеңес» жөніндегі келісімдерге өзгеріс енгізу шешімі қабылданды.

Жалпы алғанда, бұл жиынның мазмұны Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сәйкес келеді және бұл басқосудан кейін экономикалық интеграциялық процесстердің жаhандану деңгейі артып, жаңа серпінді өзгерістер орын алмақ. ЕАЭО мүше мемлекеттердің аймақтық және xалықаралық деңгейдегі интеграцияға құлшынысын оятуға да түрткі болады.

www.primeminister.kz

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен Ақмола облысына жұмыс сапарын жалғастыру аясында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ азаматтарды жеке қабылдап, халықпен кездесу өткізді, сондай-ақ көп балалы отбасыларға барды.

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Щучинск қаласының Жоғары педагогикалық колледжінің жастарымен кездесу өткізілді. Вице-Премьер Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасы аясында 5 негізгі бағыт бойынша 80-нен астам іс-шара іске асырылып жатқанына баса назар аударды.

Шаралар жастарды баспанамен қамту, жұмыспен қамту, білім беруді дамыту, волонтерлік, ғылыми гранттар беру, әлеуметтік белсенділікті кеңейту, жас отбасыларды қолдау, денсаулық және әлеуметтік инклюзивтілік мәселелерін қамтиды.

Бүгінде колледжде «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту», «Дене шынықтыру және спорт», «Кәсіптік оқыту», «Музыкалық білім беру», «Негізгі орта білім» мамандықтары бойынша 1 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Еңбекпен қамтылу үлесі 97% құрайды. Студенттер мемлекеттік жастар саясатына қолдау білдіре отырып, өздерінің креативті ұсыныстары мен идеяларын жеткізді.

Сонымен қатар, Бурабай ауданының Кенесары ауылының, Біржан сал ауданының Макинка ауылының және Бұланды ауданының Алтынды ауылының халқымен кездесулер өткізілді.

«Әрбір бағыт өлшенетін көрсеткіштерімен, тетіктерімен және соларға арнайы бөлінген қаражаттармен нақты әрі айқын шаралардан тұрады. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ олардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндіктер мен жағдайлар жасауға жол ашады. Азаматтардың әл-ауқаты соларға байланысты. Қолынан келетіннің бәрі еңбек етуге міндетті. Ал дене мүмкіндіктеріне немесе өзге де себептерге байланысты жұмыс істеуге мүмкіндіктері жоқ азаматтарға мемлекет әлеуметтік қолдау көрсетуде», — деді Г. Әбдіқалықова.

Премьер-Министрдің орынбасары көп балалы және аз қамтылған отбасыларға да барды. Тілек Төлегеннің отбасында мектеп жасындағы 4 бала бар. «Еңбек» өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 2 млн 200 мың теңге көлемінде шағын несие алған отағасы 10 ірі қара мал сатып алған. Ауыл бизнесмені өз отбасын толық қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашып отыр. Г. Әбдіқалықова облыс басшылығына осындай оң тәжірибелерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Жұмыс тобының мүшелері Ақмола облысының басқа аудандары мен ауылдарында да болды.

Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова бірқатар білім беру нысандарын аралады. Олардың арасында «Айша» және «Балдырған» балабақшалары, АT-лицей, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласындағы Жоғарғы техникалық колледж, Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылы Жоғарғы агротехникалық колледжі, Зеренді ауылындағы М. Ғабдуллин атындағы мектеп-интернат, Ақкөл балалар үйі бар.

2018 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа аттестаттау жүйесіне сәйкес санаттарын растаған және жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істейтін мектеп мұғалімдерінің жалақысы 30-50%-ға көтерілгені белгілі. Маусым айынан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілері мен тәрбиешілердің көмекшілері т. б. үшін сараланған жалақы 30%-ға дейін артады. Сонымен қоса, облыста үш ауысымдық оқыту мәселесін шешу үшін 7 нысанның және оқушылардың орын тапшылығын жою үшін бір нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биыл 280 орындық 1 балабақшаны пайдалануға енгізу, 1075 орындық 10 мектепке дейінгі ұйымды ашу және жұмыс істеп тұрған 120 орынды кеңейту жоспарланған.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен 8,2 млрд теңге сомасына 7 нысан салынып жатыр. Оның ішінде 2 нысанды 2019 жылы пайдалануға беру көзделген.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов жұмыс сапары аясында Бұланды, Еңбекшілдер, Степногор және Ақкөл ауруханаларының медицина қауымымен кездесті. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, еңбекақыны көтеру, саланы цифрландыру т.б. бойынша қабылданып жатқан шаралар түсіндірілді.

«Nur Otan» партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов Есіл және Астрахань аудандарының тұрғындарымен кездесу барысында Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Nur Otan» партиясына 4 жаңа жобаны іске қосуды тапсырғанын атап айтты, олар: инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берумен «Құтты мекен»; ауылды дамытуға бағытталған «Ауыл – Ел бесігі»; көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бойынша «Бақытты отбасы»; партияның Қоғам қабылдаулары негізінде халықтың әлеуметтік қорғалатын тобын қолдауға бағытталған «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезесі.

Сонымен қатар, жұмыс тобының әрбір мүшесі азаматтарға жеке қабылдаулар өткізіп, облыстағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарымен кездесті.

Еске сала кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, «Nur Otan» партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Л. Рамазанова, сондай-ақ БАҚ өкілдері мен блогерлер кірді. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын түсіндіру мақсатымен ел өңірлеріне жұмыс сапарлары жалғасатын болады.

www.primeminister.kz

Қазақстан мен Италия осыдан 10 жыл бұрын орнатылған шынайы стратегиялық әріптестік рухындағы сауда-экономикалық және саяси ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөніндегі шараларды қабылдайтын болады.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда,  биылғы жылдың 27-28 наурызында Римде Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Италия Парламентінің, Италия Сыртқы істер және экономикалық даму министрліктерінің басшылықтарымен өткен кездесулерінің лейтмотиві осындай болды.

Италия экономикалық даму министрінің орынбасары Андреа Чиоффимен өткен келіссөздер шеңберінде тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Р. Василенко дипломатиялық қатынастар орнатылған сәттен бастап 27 жыл ішінде Қазақстан мен Италия екіжақты ынтымақтастықты дамытуда әсерлі табыстарға қол жеткізгенін атап өтті.

Италия еліміздің екінші сауда серіктесі, нәтижесінде тауар айналымы 13 млрд. АҚШ долларын, 2006 жылдан бері тікелей итальяндық инвестициялардың көлемі 6 млрд. АҚШ құрайды.

Кездесу барысында Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетіне және Жібек жолының жаңа тұжырымдамасын іске асырудағы еліміздің негізгі рөліне ерекше назар аударылды. Тараптар іске кіріскен біріккен қазақстан-итальяндық кәсіпорындарды қолдау (қазіргі уақытта ҚР-да Италияның қатысуымен 164 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді), сондай-ақ цифрлық технологиялар, инфраструктуралық даму және агрокәсіптік кешен саласындағы жаңа бірлескен жобаларды әзірлеу арқылы ынтымқастықты нығайтуға ұмтылысын атап өтті.

Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігінің Ресей Федерациясы, Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азиямен ынтымақтастық департаментінің директоры Ф. Ди Микелемен әңгімелесу барысында дипломаттар ағымдағы жылы ынтымақтастықты нығайту жоспарларын, оның ішінде келе жатқан экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық жұмыс тобының 9-шы отырысын және жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасуды талқылады.

Италиялық әріптес Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының экономикалық үдерісінің күшейту жұмыстарының басталғаны жөнінде хабардар болды. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

ҚР сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Р. Василенко сапарының екінші күні Италия Парламенті Депутаттар палатасының вице-президенті Этторе Розатомен және Депутаттар палатасының квесторы (жауапты хатшы), Қазақстан-Италия достық тобының төрағасы Эдмондо Чиреллимен кездесті.

Екіжақты және көпжақты сипаттағы өзекті мәселелер бойынша тыңғылықты пікірлер алмасылды. Атап айтқанда, тараптар парламентаралық байланыстарды, соның ішінде ынтымақтастық топтарының белсенді өзара іс-қимылы және заңнамалық қызметтегі тәжірибе алмасуы арқылы дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда, Министрдің орынбасары итальян заң шығарушы орган басшыларының ағымдағы жылдың 23-24 қыркүйегінде  Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері Парламенттері Спикерлерінің 4-ші кеңесіне қатысуларына үмітін білдірді.

Өз кезегінде, италиялық заң шығарушылар Қазақстан мен Италия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға бере отырып, парламентаралық қатынастардың әріптестікті дамытудағы маңызды құрал болып саналатынын атап өтті. Сонымен бірге, олар италия тарапының жақын арада Қазақстан мен Еуроодақ және мүше-мемлекеттер арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісімді ратификациялау ниетін білдірді. Кездесудің қорытындысы бойынша белсенді парламентаралық байланыстарды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Өз сапарын аяқтай келе, Р.Василенко Халықаралық ұйымдардағы итальяндық қоғамда (SIOI) «Орталық Азия және аймақтық тұрақтылық: Қазақстанның стратегиялық рөлі» тақырыбымен болашақ дипломаттар алдында лекция оқыды.

Министрдің Орынбасары итальяндық студенттерді Нұр-Сұлтанның Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтудағы дәйекті бағытымен таныстырды, сонымен қатар еліміздің саяси өміріндегі жаңа өзгерістер аясында осы курстың жалғасып келе жатқанын атап өтті. 

Іс-сапардың қорытындысы бойынша қазақстандық дипломат бірқатар итальяндық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді, оның барысында екіжақты Қазақстан-Италия ынтымақтастығының өзекті мәселелеріне жауап беріп, халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын атап өтті.

Ширек ғасыр ішінде елдеріміз арасындағы жемісті саяси диалог орнатылғаны, нық шарттық-құқықтық база құрылғаны, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық дамығандығы айтылды.

ҚазАқпарат

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Ресей Федерациясының өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуровпен кездесу өткізді.

Кездесуде автокөлік жасау, ауыл шаруашылығы машинасын, авиациялық техника жасау, өңірлік сервистік орталықтарды дамыту салаларында бірлескен жобаларды, сондай-ақ, қорғаныс өнеркәсібі кешені жобаларын іске асыру тұрғысынан Қазақстан мен Ресей кәсіпорындары арасында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту келешегі талқыланды.

Кездесу барысында өнеркәсіп кооперациясы саласында бірлескен іс-қимылдар бағдарламасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны аталып өтті.

Бағдарлама бірқатар бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейді, оның ішінде «Кировец» маркасының тракторларын және оның құрауыш бөліктерін «Петербург трактор зауыты» АҚ-мен және «Агромашхолдинг KZ» АҚ-мен шығаруды ұйымдастыру, КАМАЗ маркасының көлік құралдарына құрауыштарды, кернеуі 110 кВ дейін болатын майлы және құрғақ трансформаторларды шығару, толық циклді автозауыт салу бойынша «АВТОВАЗ» ЖАҚ-пен ынтымақтастықта «Азия Авто Қазақстан» АҚ жобасын іске асыруды қарастырады.

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің айтуынша, «Бағдарламаны іске асыру екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, елдер арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға елеулі серпін береді.

www.primeminister.kz

Бүгін жұмыс тобын бастаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Ақмола облысына барды.

Олар халықтың аз қамтылған топтарын қолдауға және табыстарын арттыруға, кірістері төмен азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жақсартуға және өңірлерді кешенді дамытуға бағытталған.

Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Л. Рамазанова, журналистер мен блогерлер кірді.

Өңірде жұмыс «Достық» МҮ-де Көкшетау қаласының жұртшылығымен, ардагерлермен, көп балалы, аз қамтылған отбасылармен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен кездесуден басталды.

Шараны аша отырып, Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде мемлекетте халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданып жатқанын айтты. Сонымен қатар, ол мемлекеттен еңбекке жарамсыз азаматтарға және уақытша өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарға көмек көрсетілетінін ерекше атап өтті. Ал жұмыс істеуге қабілетті басқа адамдар мемлекет ұсынып отырған жұмыспен қамтудың барлық формаларына қатысуы тиіс. Сондықтанда бізге қоғам болып әлеуметке қарсы көрініс ретінде біреудің есебінен күн көруді жою қажет.

Бұдан кейін жұмыс сапары Көкшетау қаласының №1 емханасында жалғасты, онда Ақмоланың медицина қызметкерлерімен Денсаулық сақтауды дамытудың «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Облыста бір жалпы практика дәрігеріне жүктеме 1682 адамға дейін қысқарды, сондай-ақ, халықтың 97,7%-да денсаулықтың электронды паспорты бар.

«Халыққа медициналық көмек сапасын жақсарту ерекше бақылауға алынған. Осы мақсаттарда медициналық көмек сапасына бірыңғай талаптар және бақылаудың бірыңғай жүйесі енгізілуі тиіс. Сапалы медициналық қызметтердің тең көлемі қала және ауыл халқына қолжетімді болуы қажет», — деді Г. Әбдіқалықова.

Қалалар мен аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен өткен кеңесте жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен әлеуметтік әріптестікті ілгерілету мәселелері талқыланды. Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың аз қамтылған азаматтарға жұмыс орындарын беріп, баспана мәселесін шеше отырып, оларға қолдау көрсетуге нақты атсалысуы қажет екені баса айтылып өтті. Кеңесте астық пен ет өнімдерін өндірумен және өңдеумен айналысатын AIZET FARMS ЖШС басшысы Мұрат Шәмшінұров бастама білдірді. Ол қыркүйекке қарай екі 2-пәтерлі үй салып, әкімдікке аз қамтылған отбасылар үшін арнап беретінін жеткізді.

Бұған қоса, жұмыс сапары аясында Премьер-Министрдің орынбасары қалалық жұмыспен қамту орталығының қызметін тексерді, оның көмегімен 2018 жылы 2,5 мың адам жұмысқа орналасқан болатын.

Бұдан өзге, ол «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ бөлімшесінің жұмысымен танысты. Олар биылғы екі айда 34 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен, оның ішінде 5 мыңнан астамы — электронды форматта.

Премьер-Министрдің орынбасары аталған мекемелердің басшылығына халыққа уақытылы әрі сапалы қызмет көрсетуді тапсырды.

Жұмыс сапарының бірінші күнінің соңында Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады. Ол халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдаудың мазмұнын, формаларын, әдістері мен тетіктерін толығырақ түсіндіріп берді.

Жүгінгендердің қатарында мүмкіндігі шектеулі жолдасымен мектепте оқитын 5 баланы тәрбиелеп отырған, баспана мәселесіне қатысты көмек сұраған көп балалы аз қамтылған ана Гүлзайра Бекпасова болды. Оның сұрағына жағымды жауап берілді, сәуір айында бұл отбасыға жалдамалы пәтер беріледі.

Сонымен қатар, Г. Әбдіқалықова бес бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана Анаргүл Мұхамедрахымоваға барды. Көп балалы ананың айтуынша, ол жолдасымен балаларын барлық қажеттімен қамтамасыз етіп жүр, отбасыға қажетті басты мәселе — баспананы жекешелендіру. Жергілікті атқарушы органдар бұл мәселені шешуге жәрдемдесіп жатыр.

Премьер-Министрдің орынбасары азаматтарды қабылдау және отбасыларға бару қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарға мұқтаж азаматтардың мәселелерін шешу жөнінде тапсырмалар берді.

Осы күні жұмыс тобының мүшелері облыстың аудандарына барды: денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов — Зеренді ауданына, білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, Nur Otan партиясының хатшысы Ф. Қуанғанов жұмысты Көкшетау қаласында жалғастырды, онда мұғалімдермен және дәрігерлермен, тәрбиешілермен және медбикелермен кездесу өткізіліп, халықты жеке қабылдап, мектептер мен ауруханалар тексерілді.

Ақмола облысына жұмыс сапары жалғасады.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарына барды.

Премьер-Министр қорғаныс өнеркәсібі кешенін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев пен ҚР қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының басшылары қорғаныс өнеркәсібі кешенін мемлекеттік қолдау шаралары мен қазіргі жағдайы туралы баяндады.

Қорғаныс өнеркәсібі саласының өндірістерін аралау барысында А. Маминге инновациялық технологиялар бойынша шығарылатын бұйымдардың үлгілері, сондай-ақ, электронды және электронды-оптикалық өнімдер таныстырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

www.primeminister.kz

Қазақстан Қытайға тасымалданатын газдың көлемін екі есеге арттыруға келісті.

ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, "Бейнеу-Шымкент" газ құбыры отандық көгілдір отынды Қытайға көптеп тасымалдауға мүмкіндік беріп отыр. Аталған құбырмен келетін шикізат "Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай" транзиттік газ құбырына құйылады. Осылайша, Батыс Қазақстандағы кен орындарынан шығатын табиғи газ Қытайға тасымалданып отырады. 

"Бүгінде Қытайдың нарығы жыл сайын 12,5 процентке өсіп тұрады. Бұл - өте үлкен өсім. Демек, алдағы уақытта тұтынудың көлемі арта түседі. Мәселен, 2017-2018 жылдары біз жылына 5 миллион текше метрден астам газды Қытайға тасымалдадық. Өткен жылы аталған көрсеткішті жылына 10 миллион текше метрге дейін жеткізуге келістік", - М.Мырзағалиев ҚР Мәжілісінде өткен "дөңгелек үстелде".

Айта кетейік, бүгінгі жиында вице-министр "Сарыарқа" газ құбырының құрылысы туралы айтып берді.

"Сарыарқа" газ құбыры алдымен Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Теміртау мен Нұр-Сұлтан маршрутымен салынады. Бұл - құрылыстың алғашқы кезеңі. Осының арқасында құбырға жақын орналасқан 740 мың адамды табиғи газбен қамтасыз етуге мүмкіндік бар. Әрине, инфрақұрылымның салынуына қарай газ тұтынатын адамдардың саны артады.

Өткен жылы тамыз айында Үкімет жобаның сызба-нұсқасы мен қаржыландыру шарттарын мақұлдады. Жобаның құны - 267,3 млрд теңге. Қараша айында "Астана газ" АҚ мен мердігер компания - "Қазқұрылысқызмет" АҚ арасында тиісті келісімшартқа қол қойылды. Қазіргі кезде барлық қажетті теxника мен мамандар тартылды. Дәнекерлеу жұмыстары басталды. "Сарыарқа" газ құбырының, шамамен, 1300 метрі салынды", - дейді М.Мырзағалиев. 

ҚазАқпарат

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табыстары төмен көп балалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларға тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жұмыс кеңесін өткізді.

Премьер-Министрдің айтуынша, Үкімет пен әкімдіктер аталған бағытта жұмыстарды жүргізіп жатыр. Биыл мамыр айында көп балалы отбасыларға пәтерлер беріле бастайды. 5 жыл ішінде жалпы 28 мың пәтер берілмек. Баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы тұрғын үй займдарын берудің жеңілдікті тетігі әзірленді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр баспананың қолжетімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Кеңес барысында Қызылорда облысының халықтың әлеуметтік әлсіз тобының тұрғын үй мәселесін шешудегі тәжірибесі ерекше аталып өтті. «Баламекен» жобасы аясында Қызылорда облысының әкімдігі көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуді көздейтін Б. Өтемұратовтың жекеменшік қорымен бірлесіп өтеусіз негізде берілетін үйлерді салуды бастады.

Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев пен Қор директоры М. Айтмағамбетов жобаны іске асыру туралы ақпарат берді. Жұмыс комиссиясы Қызылорда қаласы бойынша қолайсыз тұрғын жағдайларында өмір сүріп жатқан 150 отбасыны анықтады, оларға пәтерлер берілетін болады: 50 отбасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен баспанамен қамтылады, 100 отбасы «Баламекен» жобасы аясында баспанаға ие болмақ. Жалпы алғанда, Қордан үйлердің құрылысын қаржылай қолдауға 450 млн теңге бөлінген.

Облыс әкімдігінің деректеріне сәйкес, 1м2 тұрғын үйдің құны 70 мың теңгені құрайтын болады. Үйлер осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай пайдалануға беріледі. Бұған қоса, белгіленген мерзімге қарай қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары (электр қуаты, газ, су, телефон байланысы, автожолдар және т. б.) аяқталады, сондай-ақ әрбір отбасыға 6 сотық жер телімі бөлінеді.

Бұдан өзге, Қызылорда облысының көп балалы отбасыларының ішінен аз қамтылған отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қосымша 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 470 пәтерді құрайтын 10 үйді салуға жол ашады. Жалпы, биыл облыста 1966 пәтерді құрайтын 45 көпқабатты тұрғын үй салынады, олардың басым бөлігі мұқтаж азаматтарға бөлінеді.

Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин халықтың әл-ауқатын жақсартуға бизнес өкілдері де өз үлестерін қосуы керек екенін айтты.

«Қайырымдылық – игілікті іс», — деп Премьер-Министр, Қызылорда облысының оң тәжірибесін пайдалануды тапсырып, бизнес өкілдерін әлеуметтік әлсіз отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жобаларын іске асыруға шақырды.

Кеңес қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен «Болат Өтемұратов қоры» жекеменшік қоры арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

www.primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин «Росатом» атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында атом саласындағы ынтымақтастықтың көптеген мәселелері қаралды. Қазақстан – Ресей кәсіпорындарындағы уран өндіру және байыту жобаларын дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту