Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім

Халықтың әл-ауқатының және тұрмыс деңгейінің өсуі мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу Үкімет пен Ұлттық Банктің салық-бюджет, ақша-кредит және басқа саясаттар мәселелерін қоса алғанда:

экономиканың мұнайға жатпайтын секторларын әртараптандыру және дамыту;

төлем балансының тұрақтылығын ұстап тұру;

экономиканың және халықтың нақты кірістерінің сапалы өсуін қамтамасыз ету;

баға тұрақтылығын ұстап тұру;

экономиканы қолжетімді қаржыландыру үшін жағдайлар жасау;

қаржылық шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қолдау бағыттары бойынша тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу бойынша келісілген іс-қимылдарын талап етеді.

Экономиканың орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету жөніндегі басым мақсатты іске асыру үшін Үкімет:

сыртқы факторлардың әсер етуін төмендету және елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экономиканы сапалы құрылымдық қайта құру;

шикізат секторына циклдік тәуелділікті төмендетуге және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдауға бағытталғанболжамды фискалдық саясатты қамтамасыз ету;

адами капиталды дамытуға бағытталған, сондай-ақ құрылымдық жұмыссыздық, білікті кадрлардың жетіспеуі және бәсекеге қабілеттіліктің төмен болуы проблемаларын бәсеңдететінәлеуметтік саясатты іске асыру;

ішкі және сыртқы қарыз алуды тартуды, сыртқы активтерді жинақтауды және пайдалануды айқындайтын және фискалдық орнықтылық балансына, мерзімділік құрылымына, ұзақ мерзімді тиімділікке негізделген бюджет тапшылығын қаржыландырудың ашық және болжамды саясатын қалыптастыру;

экономикалық нарықтық қатынастарға әкімшілік өктемділіктерді шектеу қағидаттарын басшылыққа алады.

Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын жүргізу кезінде:

инфляцияның деңгейін біртіндеп төмендету және оныинфляциялық таргеттеу режимі және теңгенің құбылмалы еркін айырбас бағамы кезінде экономикалық өсу қарқынын барынша арттыруға ықпал ететін төменгі деңгейде сақтау;

ырықты валюталық заңнаманы одан әрі сақтау;

бизнес жүргізу кезінде, сол сияқты жинақ ақшаны қалыптастыру кезінде экономикалық шешімдер қабылдауға қажетті кәсіпорындар және халық тарапынан ұлттық валютаға деген сенімді арттыру мақсатында ақшаның құбылмалы еркін айырбас бағамы режимінде ашық ақша-кредит саясатын жүргізуді сақтау және коммуникацияларды жетілдіру;

тиімді ақша айналысын қамтамасыз ету және төлем жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қолдау;

қаржы жүйесінің тұрақтылығын, оның ішінде қаржы институттары қабылдаған тәуекел дәрежесін бағалауға және пропорционалды реттеу әсеріне негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу арқылы қолдау.

Ұлттық Банк, егер бұл өзінің негізгі функцияларын орындауға және ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға қайшы келмейтін болса, өзінің қызметінде Үкіметтің ағымдағы экономикалық саясатын есепке алады және оны тиімді іске асыруға жәрдемдеседі.

Үкімет экономикалық өсу қарқынын 2019 жылы кемінде 3,8 % және орта мерзімді перспективада 5 % деңгейге жеткізуді өзіне міндет етіп қояды.

Ұлттық Банк 2019-2021 жылдар аралығындағы кезеңде инфляция бойынша нысаналы бағдарды кейіннен 3-5%-ға дейін төмендете отырып, 4-6% шекте белгілейді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған, тығыз үйлестіру және бірлескен шаралар қабылдау мемлекеттің жалпы макроэкономикалық саясатының тиімділігін арттырудың маңызды талабы болып табылады және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.

Осы тұрғыдан Үкімет пен Ұлттық Банк осы Келісім арқылы мынадай міндеттерді айқындайды:

Теңестірілген фискалдық саясат

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының мұнай бағасына тәуелділігін төмендетуге, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған, орнықты және алдын ала болжанған фискалдық саясатты жүргізетін болады. Бұл ретте әлеуметтік саясат саласында халықтың нақты кірістерін арттыруға бағытталған барлық бюджеттік бастамалар толық көлемде орындалады. Салық салынатын базаны кеңейту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту және цифрландыру жөнінде шаралар қабылданады.

Ұзақ мерзімді орнықтылықты қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық қор қаражатының жинақталуына ықпал ететін деңгейде шығыстарды тұрақтандыруға бағытталған саясатты жүргізеді.

Бюджеттік кірістер саласындағы саясат кеңейтілген салық салынатын база негізінде салық түсімдері кірістерінің ЖІӨ-нің 25%-на дейін өсуін ынталандыруға бағытталады.

Тиімді ақша-кредит саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар

Үкімет пен Ұлттық Банк экономикалық өсуді қамтамасыз ету және іскерлік белсенділікті жандандыру үшін жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылдай отырып, күшеюі макро- және микроэкономикалық тұрақтылықты бұзуға ықпал етуі мүмкін инфляциялық процестерді бақылаудың қажеттілігін мойындайды. Бұл ретте тараптар экономиканы қамтамасыз етілмеген эмиссия, ақшаның құнын негізсіз төмендету немесе қаржыландырудың басқа да нарықтық емес нысандары есебінен қаржыландыру қаржы нарығы тұрақсыздануының және дағдарысының, инфляцияның күшеюінің күрделі тәуекелдеріне әкеп соқтыратындығын мойындайды.

Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын іске асыру кезінде инфляциялық таргеттеу қағидаттарын басшылыққа ала отырып, нақты мәнде оң болатын 3-3,5% шегіндегі (базалық мөлшерлеменің белгіленген мөлшері мен бір жыл шегінде күтілетін инфляция арасындағы айырма) базалық мөлшерлеменің деңгейін қолдауға ұмтылатын болады. Базалық мөлшерлеменің мәні банктердің кредиттік ресурстарына деген сұраныстың артуына және экономиканың әлеуетті деңгейде өсуіне ықпал етеді. Ұлттық Банк инфляциялық процестер күшейген және инфляцияның белгіленген нысаналы дәлізден асу тәуекелдері артқан кезде ақша-кредит саясатын қатаңдату құқығын өзіне қалдырады.

Ұлттық Банк өтімділікті реттеу саласында өз мандаты мен қолданыстағы құралдары шеңберінде операциялардан түскен уақытша бос банктік өтімділікті экономиканы кредиттеуге бағыттауды ынталандыру бойынша шаралар қабылдайды.

Ұлттық Банк коммуникацияларды жақсарта отырып, болашақтағы іс-қимылдары туралы уақтылы хабардар ете отырып та, қажетті статистикалық және талдамалық ақпаратты уақтылы тарата отырып та, өз саясатының ашықтығы мен болжамдылығын одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін болады.

Үкімет тарифтік саясат шеңберінде инвестициялық бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету және негізгі қорларды жаңарту, сол сияқты тұтынушыға арналған қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы үшін кәсіпорындар – табиғи монополистер қызметтерінің тиімділігін қалыптастыру мақсатында оларды реттеу бойынша тәсілдерді жетілдіруді жалғастырады.

Валюта нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету

Ағымдағы өзгермелі айырбас бағамының режимі шеңберінде Үкімет пен Ұлттық Банк бүкіл қаржы жүйесі, нақты сектор мен үй шаруашылықтарының кірістері үшін салдары бар валюта нарығының теңгерімділігін қолдау үшін нарықта шетел валютасының жеткілікті ұсынылуын қамтамасыз етудің маңыздылығын түсінеді.

Ұлттық қордан бюджетке кепілді трансферттерді қамтамасыз ету үшін ішкі валюта нарығында Ұлттық қордың қажетті валюталық активтерін жоспарлы түрде конвертациялау жүргізілетін болады.

Үкімет валюта нарығындағы квазимемлекеттік сектор компанияларының іс-қимылдарын үйлестіру мен келісуді, Ұлттық Банкке тұрақты негізде тиісті ақпарат ұсынып тұруды қамтамасыз етеді.

Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының ағымдағы режиміне сәйкес теңге бағамының шамадан тыс өзгеруін болдырмау үшін өктемдіктер жүргізу құқығын өзіне қалдыра отырып, теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жүргізуді жалғастырады. Ұлттық Банк валюталық саясат жүргізу кезінде ашықтықты қамтамасыз етеді және коммуникация арнасын жетілдіруді жалғастырады.

Ұлттық Банк экономикалық агенттерді валюталық тәуекелдерді хеджирлеу құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында туынды қаржы құралдары нарығын дамытуға ықпал ететін болады.

Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі

Үкімет пен Ұлттық Банк инвестициялық ахуалдың тартымдылығын, қорландырудың қолжетімділігі мен айқындығын, ел экономикасына, оның ішінде оның басым секторларына инвестициялар тартудың өсуін қамтамасыз ету бойынша шараларды көздейтін болады. Экономиканы қорландыру банктік кредиттеу құралдары арқылы ғана емес, сондай-ақ қор нарығы құралдарын, банктік емес қаржы ұйымдары, оның ішінде сақтандыру нарығының, басқарушы инвестициялық компаниялар нарығының, микроқаржы ұйымдарының, кредиттік серіктестіктердің, лизингтің, инвестициялық қорлардың, венчурлік қаржыландыру қорлары әлеуетінің өсуін қоса алғанда, қаржыландырудың өзге баламалы тиімді көздерін дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл қорландырукөздерін әртараптандыруды қамтамасыз етуге, ұлттық қаржы нарығының дамуындағы теңгерімсіздіктердіжоюға, халық пен бизнестің кредитті шамадан тыс көп алу тәуекелдерін төмендетуге, борыштар дағдарысы үшіналғышарттар құруға мүмкіндік береді.

Үкімет пен Ұлттық Банк активтерді ұйымдасқан қор нарығының қолжетімді және өтімді қаржы құралдарына айқын және нарықтық инвестициялау мүмкіндіктерін құру бойынша шаралар көздейді. Азаматтардың қаржылық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділігін арттыру және көлеңкелі экономиканы төмендету мақсатында клиенттерді қашықтан тиімді сәйкестендіруге және дерекқорларды ықпалдастыруға кедергі келтіретін мәселелер шешіледі.

Ұлттық Банк қаржы нарығының қатысушыларымен бірге нарықтың тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру, банкаралық кредиттеу нарығын дамыту, нарықтық индекстер мен индикаторларды құру, жаңа қаржы құралдарын, өнімдерді және көрсетілетін қызметтерді кеңейту мен дамыту үшін жағдайлар жасау, үздік стандарттар мен практикаларды енгізу, жоғары технологиялық қашықтан көрсетілетін қаржылық қызметтерді ілгерілету және олардың елдің барлық өңірлерінде қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады.

Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту

Үкімет пен Ұлттық Банк мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының ұлттық валютадағы борыштық капитал құнының индикаторын – кірістіліктің қисық сызығын қалыптастыру үшін жағдайлар жасайтынын, бұл нарықтың қысқа мерзімді мөлшерлемелер, инфляция, бюджет тапшылығы траекториясы бойынша болжамдарын көрсететінін және инвестициялық қызметті жоспарлауға мүмкіндік жасайтынын атап көрсетеді.

Үкімет мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігін қамтамасыз ету, бәсекелестік сұранысты ынталандыру және оның болжамдылығын арттыру үшін Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру кестесін тұрақты жариялауды, олардың шығарылымын ірілетуді және жалпы санын қысқартуды қамтамасыз етеді.

Ұлттық Банк білікті инвесторлар ортасын кеңейту, ішкі бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру, кірістілік мөлшерлемесін азайту және кірістіліктің қисық сызығына деген сенімді арттыру үшін Қаржы министрлігінің бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізетін болады.

Ұлттық Банк Қаржы министрлігімен және қор нарығына қатысушылармен бірлесе отырып, халықаралық есеп айырысу ұйымдарының қатысуымен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмысын жалғастырады.

Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру

Үкімет пен Ұлттық Банк Қазақстан Республикасы экономикасының сыртқы күйзелістерге тәуелділігін төмендету үшін одан әрі әртараптандырудың қажеттілігін сезіне отырып, нақты сектор кәсіпорындарын мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларының саны мен ауқымын ескере отырып, нақты секторға мемлекеттік қолдау көрсету шараларының тиімділігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасайтын болады. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде кәсіпорындарға арналған кредиттеу тетіктері негізді, нысаналы, айқын және уақыт бойынша шектеулі болуға тиіс. Алушылар жоғары әлеуметтік-экономикалық қайтарымдылығы бар тиімді кәсіпорындар болуға тиіс. Теңсіздіктерді болдырмау үшін қолдау көрсету тиімді басқару мен тәуекелдерді бөлісу қағидаттарына сүйенетін болады.

Үкімет пен Ұлттық Банк «Нұрлы жер» және

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады. Үкімет қолжетімді тұрғын үй ұсынысын ұлғайту шараларын қолға алады. Ұлттық Банк «7-20-25» бағдарламасын бұрыңғы бекітілген шарттармен қаржыландыруды жалғастырады. Екі тұрғын үй бағдарламасын теңгерімді іске асыру жөніндегі шаралар бюджеттік, сол сияқты жеке қаржыландыру көзін тарта отырып, халықтың түрлі топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үкімет мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мақсатында оларға ревизия жүргізетін болады, мемлекеттік көмек тетіктеріне жалпы қағидаттар қалыптастырылады, тиімсіз кәсіпорындарды қаржыландыру мүмкіндігін болдырмайтын мемлекеттік қолдаудың басым бағыттары нақтыланады. Кредиттеудің және нақты секторды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын олардың қайтарымы, экономиканы дамытуға қосқан үлесі тұрғысынан талдау үнемі жүзеге асырылатын болады.

Жеке секторды одан әрі дамыту, сондай-ақ мемлекеттік және әлеуметтік бастамаларды іске асыруға арналған, оның ішінде МЖӘ жобаларына жеке инвестицияларды кеңейту бойынша шаралар қабылданатын болады.

Ұлттық Банк қорландырумен қамтамасыз ету шеңберінде Үкімет айқындаған экономиканың басым жобаларын кредиттеу үшін

2019-2020 жылдары 600 млрд.теңге сомасында банктерге ұзақ мерзімді өтімділікті ұсыну бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

Ұлттық Банк 5 жыл ішінде отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алушы жеке тұлғаларды кредиттеу үшін банктерді негізделген қаржыландыру бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға 100 млрд.теңге беретін болады.

                  

Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру

Үкімет пен Ұлттық Банк салауатты бизнес-орта үшін жағдайлар жасау негізінде дәрменсіз және тиімсіз компанияларға қатысты қатаң нарықтық тәртіп жататынын мойындайды. Дәрменсіз компанияларды нарықтан уақтылы әрі реттілікпен шығару және олардың активтерін құнының барынша аз шығынымен неғұрлым тиімді кәсіпкерлерге беру экономиканың өнімділігі мен рентабельділілігін арттыруға және нәтижесінде ұзақ мерзімді макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үкімет пен Ұлттық Банк күш-жігерді заңның үстемдігіне негізделген және жеке меншікті қорғауды, бәсекелестік талаптарын, үшінші тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін ең төменгі кедергілерді, дамыған инфрақұрылымды, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ететін бизнес-ортаны қалыптастыруға бағыттайтын болады.

Үкімет пен Ұлттық Банк жоғары сот органдарымен құқық қолдану практикасы және борышкерлер мен кредиторлар мүдделерінің теңгерімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірлесе отырып жұмыс істейді.

Үкімет банкроттық бойынша заңнаманы одан әрі жақсарту, құқық қолдану практикасын, оның құжаттамасын және талдануын жетілдіру бойынша, кемшіліктерді анықтау және оларды жою жөніндегі қажетті шараларды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізеді. Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, кредиторларға қарыздар бойынша шығындарын қысқарту және дәрменсіз қарыз алушылардың активтерін барынша нәтижелі инвесторларға беру үшін борышты реттеу бойынша өз құқықтарын іске асыруға тосқауыл болатын кедергілер жойылады.

Нақты сектор кәсіпорындарының есептілігін қоса алғанда, корпоративтік басқарудың сапасын, оның ішінде оны қалыптастыру мен жария етуге қойылатын талаптарды, басшылар мен акционерлердің дәйексіз ақпарат үшін жауапкершілігін күшейту жолымен арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

Ұлттық Банк банктердің проблемалық берешегін қайта құрылымдау бойынша мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту жолымен банктердің несие портфелін сауықтыру жөніндегі шаралар арқылы нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыруға ықпал етеді. Банктердің тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды белгілеу шеңберінде реттеушілік талаптар күмәнді қарыз алушыларды сұрыптау үшін банктердің кредиттік шешімдерінің сапасы мен негізділігін арттыруға, сондай-ақ эмитент дәрменсіз болған кезде бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Қаржы жүйесінің орнықтылығы

Үкімет пен Ұлттық Банк қаржы жүйесінің тиімділігі мен орнықтылығын, оның капиталды бағыттау және тәуекелдерді бөлу мүмкіндігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс істейді.

Ұлттық Банк, қаржы реттеушісі ретінде, қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету, ұзақ мерзімді кредит беруді өрістету және банк жүйесін макропруденциялық саясатының құралдарымен нығайту, макропруденциялық реттеу мен қадағалауды қамтамасыз ету, сондай-ақ соңғы сатыдағы кредитор ретінде банктердің өтімділігін қолдау бойынша жұмысты жалғастырады. Ақша-кредит саясаты қаржылық орнықтылыққа тек макроэкономикалық тұрақтылық пен баға орнықтылығын қамтамасыз ету арқылы ықпал етеді.

Реттеу құралдарын жетілдіру шеңберінде уәжделген қадағалау пайымдауына, активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелерін пайдалануға және банктермен тиімді диалогқа негізделген тәуекелге бағдарланған қадағалау енгізілетін болады. Нәтижесіз кредит беруді, оның ішінде байланысы бар кредит беруді, сондай-ақ банктік шығындарды мемлекетке ауыстыру тәуекелдерін шектеу үшін қадағалау қызметі ұйымдардың жеке бизнес-модельдері мен тәуекел-бейіндерін бағалай отырып, тиімді банктік практиканы ынталандырудың және жағымсыз банктік практиканы ынталандырмаудың түрлі құралдарын пайдаланатын проактивті тәсіл қағидаттарына негізделетін болады.

Үкімет пен Ұлттық Банк бағалы қағаздар нарығының бірыңғай кастодиандық және есептік инфрақұрылымын пайдалана отырып, Қазақстан Қор Биржасын (ҚҚБ) және Астана қаласының Халықаралық қаржы орталығының биржасын (AIX) дамыту және олардың қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерін жұмсайды.

Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту

Үкімет пен Ұлттық Банк экономиканың дамуына, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, іскерлік белсенділікке, салықтық түсімдердің өсуіне көлеңкелі секторды азайту жөніндегі шаралардың оң ықпалын ұғынады.

Үкімет экономикалық өсуді қамтамасыз ету және бизнес-ортаны жетілдіру мақсатында бизнес субъектілері кірістерінің ашықтығын арттыруды ынталандыруға, шағын бизнес субъектілерінің салықтық жеңілдіктерді қолдану арқылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысандарын және қаржылық және қаржылық емес сипаттағы қолдаудың өзге де шараларын белсенді түрде қолдануын көтермелеуге бағытталған шаралар кешенін іске асыратын болады.

Көлеңкелі экономиканың жұмыс істеуіне жағдай жасайтын қолма-қол ақша айналымын төмендету және алғышарттарды барынша азайту үшін Үкімет пен Ұлттық Банк ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз нысанға аудару шараларын бірлесіп қабылдайтын болады. Бұл іс-шаралар бизнестің көлеңкеден шығуын жеделдетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және елдің көлеңкелі экономикасының мөлшерін төмендетуге ықпал ететін болады.

Үкіметтің және Ұлттық Банктің қолдауымен мемлекеттік және қаржылық қызметтерді электрондық форматқа көшіруді оңтайландыру шеңберінде мемлекеттік органдар мен қаржы секторының тиімді өзара іс-қимылы қалыптасады.

Ұлттық Банк қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімділігін арттыру және нарыққа қатысушылардың шығасыларын барынша азайту мақсатында қолма-қол ақшасыз төлемдер инфрақұрылымын жетілдіру, инновациялық және бәсекелестік ортаны дамыту үшін қажетті шарттарды, соның ішінде заңды жағдайларды жасау жұмысын жалғастырады.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру

Үкімет пен Ұлттық Банк кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру Қазақстан азаматтарының денсаулығын, қауіпсіздігін және заңды әрі экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етумен, шарттық қатынастардың үшінші тұлғаларға теріс әсер етуін шектеумен қоса жүруге тиіс екендігін түсінеді.

Үкімет пен Ұлттық Банк тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты жалғастырады, шарттар талаптарының ашықтығы бойынша, шешімдерден хабардар болуды қамтамасыз ету бойынша талаптарды күшейтеді, жеке ақпаратты қорғау бойынша шаралар қабылдайды.

Үкімет пен Ұлттық Банк халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған шараларды, оның ішінде қажетті түсіндіру жұмысын жүргізу арқылы іске асыруды жалғастырады, бұл елдегі қаржылық қатынастардағы тәуекелдерді, сондай-ақ әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты төмендетуге ықпал ететін болады.

Ұлттық Банк тұтынушылық кредит беру тәуекелдерін шектеу үшін қаржылық қатынастарды реттеу периметрін кредиттік серіктестіктер, онлайн кредиторлар, ломбардтар сияқты банктік емес ұйымдарға қолданады. Реттеу жүйесі талаптардың қаржы ұйымының белгілі бір түріне жатқызу қағидаты бойынша құрылатын субъектілік тәсілге емес, көрсетілетін қаржылық қызметтердің күрделілігі мен тәуекелдеріне тепе-тең болатын талаптарды белгілеуге негізделеді.

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін Ұлттық Банк Үкіметке заңнамалық өзгерістер енгізуді бойынша, оның ішінде Ұлттық Банктің мандатын кеңейтуді көздейтін тиісті ұсыныс жасайтын болады.

Қорытынды ережелер.

Үкімет пен Ұлттық Банк осы Келісімде көрсетілген өзара іс-қимыл бағыттарымен шектелмейді. Іс-қимылдарды үйлестіру Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырыстарында қабылданған және қабылдануға болжанған шараларды тұрақты түрде мониторингілеу мен талқылау арқылы жүзеге асырылатын болады.

Осы Келісімді іске асыру 2019 жылға және орта мерзімді перспективаға арналған экономикалық өсудің және инфляция деңгейінің қарқыны бойынша жоғарыда аталған нысаналы бағдарларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтарда өткен кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы айқындаған көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:

негізгі капиталға 2019 жылы ЖІӨ-ге 16,8% деңгейінде және 2025 жылға қарай жылына ЖІӨ-ге 30%-дан астам инвестициялар тарту;

шағын және орта бизнестің үлесін 2019 жылы ЖІӨ-ге 28,2%-ға және 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге 35%-ға жеткізу;

көлеңкелі экономика үлесін үш жыл ішінде 40%-ға қысқарту.

www.primeminister.kz

ҚР Үкіметінің отырысы барысында Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасын мақұлдау қорытындысы бойынша Премьер-Министр Аскар Мамин бірқатар мәселелерге көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.

«Ұсынылған Жол картасында жастарды сапалы әрі қолжетімді біліммен, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамсыз етуге, жас отбасыларды қолдауға бағытталған бірқатар нақты шаралар көзделген. Бұл өте маңызды қадам», — деді Премьер-Министр, келесі тапсырмаларды жүктей отырып.

Біріншіден, әкімдіктер тиісті министрліктермен бірге жастарға жыл сайын кемінде бір мың жалдамалы пәтер беру құралын айқындау жөніндегі жұмысты жеделдетуі керек.

Екіншіден, жастарды жұмыспен қамту мәселесін бақылауда ұстау аса маңызды. Жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту қажет. Бұл үшін Жол картасында жұмыс істемейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарға «Жас кәсіпкер» жобасының шеңберінде шағын несиелер мен гранттар беру жөнінде бірқатар шаралар көзделген, аталған жобаға 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Үшіншіден, Жол картасында «Жас маман» жобасы шеңберінде сұраныс бар 100 кәсіп бойынша 200 оқу орнын (180 колледж бен 20 ЖОО) жаңғыртуға 57 млрд теңгеден астам қаражат көзделген.

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Білім және ғылым министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, өңірлердің әкімдіктерімен бірге осы жобаға қатысатын оқу орындары мен кәсіптер тізбесін айқындауды жеделдетуді тапсырды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге Жол картасын сапалы іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасына арналған толықтырулар мақұлданды.

Бұл құжат жастардың табысты әлеуметтенуі үшін жағдайлар жасауға және оның әлеуетін елдің одан әрі дамуына бағыттауға ықпалын тигізеді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Жастар жылын өткізу бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрт басты блок бойынша нақты міндеттер қойғанын баяндады:

· қолжетімді білім мен таланттарды қолдау;

· жұмыспен қамтамасыз ету;

· әлеуметтік қолдау;

· азаматтық ұстаным мен этносаралық келісімді, патриоттықты нығайту.

Тұңғыш Президент атап өткендей: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты». Сондықтан мемлекеттік жастар саясатының мақсаты – оларға толыққанды рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан жан-жақты қолдау білдіру. Барлық көрсетілген бағыттарды іске асыру үшін Үкімет Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасын қабылдады. 23 қаңтар күні Ұлт көшбасшысы жастар форумы барысында жастардың сөзін тыңдады және олардың ұсыныстарын құжатқа енгізуді тапсырды.

Бірінші. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, жас қазақстандықтардың кәсіптік бағдарын анықтауға бағытталған «Өзіңді тап» жобасын іске қосу. Яғни жастарға өзі қызығатын дұрыс мамандық таңдауына бағыт беру керек.

Екінші. Еліміздің аймақтарында бүркітшілер орталығын ашу және дамыту шараларын қабылдау. Жаттығу орталықтарын ашып, түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіп қана қоймай, Мәдениет және спорт министрлігімен бірігіп бұл көне өнерді Қазақстандағы этнотуризмнің маңызды элементіне айналдыру жоспарланған.

Үшінші. Өзін-өзі қорғау бойынша тегін шеберлік-сыныптарын өткізуді қарастырумен жастарға арналған спорттық клубтарды дамыту бойынша тиісті шаралар қабылдау.

Төртінші. Еліміздегі ЖОО-лармен және колледждермен бірігіп «Студенттік бастама» деп аталатын жалпыреспубликалық волонтерлер қозғалысын және жас волонтерлер базасын құру. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, жетімдер мен жалғызбасты, үйсіз-күйсіз адамдарға көмек көрсету.

Бесінші. Медиа саланың келешегінен үміт күттіретін жас өкілдерін тарта отырып, Қазақстан ұлттық брендін алға жылжытуға бағытталған жаңа құралдар жасау.

Осылайша, бүгінгі таңда Жол картасының жобасы 89 тармақтан тұрады және бес бағыты бар.

Бірінші бағыт – Еңбек етіп жүрген жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық жалға берілетін тұрғын үй тұрғызу жоспарланған. Ол баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, жаңа іс бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады. Отбасындағы бала саны, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар да ескерілетін болады.

Екінші бағыт – жастарды еңбекпен қамту. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мыңнан астам жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Ауылдағы жастарға 15 мың шағын несие беру жоспарланған. Ал жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік грант бөлінеді.

Үшінші бағыт – білім беру мен волонтерлер ұйымдарын дамыту. Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама әзірленіп жатыр. Осы бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіп бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар 3 жыл бойы еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы ЖОО мен 180 колледждің базасында, еліміздің барлық өңірлерінен 200 мың жасты қамтумен жүзеге асады.

«Ашық университет» жобасына барлық жоғары оқу орындары мен колледждерді қосу да жоспарланған. Сонымен қатар іргелі әрі қолданбалы зерттеулерді гранттық қаржыландыру жылына 3 миллиард теңгеге ұлғайтылатын болады. Волонтерлық шараларға белсене қатысып жүрген студенттердің шәкіртақысы 30%-ға көбейтіледі.

Төртінші бағыт – жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту. «Жасыл Ел» қозғалысының негізінде «Жасыл қала – Жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру қарастырылып отыр. Құрылыс компанияларында студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлінеді. 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы және тағы басқалары әзірленеді.

Бесінші бағыт – бұл жас отбасыларды, денсаулық пен әлеуметтік инклюзивтілікті қолдау бойынша шаралар кешені. Мысалы, аймақтық жастар чемпионаты мен студенттер универсиадаларын жаппай өткізу тәжірибесін жаңарту жоспарланған. Жоспардың аясында бірқатар кешенді жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Олардың ішінде түрлі жастар санатын әлеуметтендіру, суицидтің алдын-алу, отбасы институтын нығайту және отбасылық құндылықтарды алға жылжыту, дарынды жастарды қолдау және тағы басқа бағыттар бар.

Жалпы, аталған бағыттардың барлығын жүзеге асыру жас отбасылардың әлеуметтік ахуалын арттыруға, адами капиталының сапасын өсіруге, сондай-ақ жастардың түрлі санаттарының тиімді әлеуметтенуіне мүмкіндік береді.

Мәселені қарау барысында жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамамен Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымов баяндама жасады.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г. Әбдіқалықова Парламент Сенатында қаралып жатқан республикалық бюджетке өзгерістерде Жастар жылын өткізуге 24,6 млрд теңге қарастырылғанын атап өтті және барлық министрліктерді жүргізіліп жатқан жұмыстарға белсене атсалысуға шақырды. Бұл орайда негізгі мәселелер жастарды жұмыс орындарымен қамту, өз ісін ашуға грант ұсыну, жастар іс-тәжірибесі мәселесіне ерекше көңіл бөлу болып табылады. Сондықтан бұл әлеуметтік блок министрліктеріне ғана емес, басқаларына да қатысты.

www.primeminister.kz

Үкімет отырысы барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Склярдың, энергетика министрі Қ. Бозымбаевтың ҚР Индустриалдық-инновациялық дамуының 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндамаларын, сондай-ақ, өндіріс көлемін ұлғайту әлеуеті бар бірқатар облыстардың әкімдерінің баяндамаларын тыңдау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі А. Мамин бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіптің өсу қарқыны жоғары болып, 4,1%-ды құрады. 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды. 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды», — деп Асқар Мамин, бірқатар мәселеге көңіл аудару қажеттігін айтты.

Бірінші. Машина жасау индустрияландыру драйверлерінің бірі болуы тиіс.

«Көлік өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы машиналарын жасауға баса назар аудару қажет, мұнда өндірістік кооперацияның арқасында елеулі өсім күтіледі», — деп тапсырды А. Мамин.

Мұнай-газ машинасын жасау саласы экономиканың өсуіне жаңадан серпін бере алатын салалардың бірі екені аталып өтті. Осы ретте, Премьер-Министрдің айтуынша, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы ірі мұнай-газ жобаларының ұлғаюының ескеріп, бұл сектордың одан әрі өсуіне үлкен әлеуеті бар екенін атап өткен жөн.

«Мұнай-газ машинасын жасау саласы Үшінші индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басым бағыттарының біріне айналуы қажет», — деді Премьер-Министр.

Екінші. Металлургия өнеркәсібінде, әсіресе қара металлургия сегментінде 4,7% деңгейінде тұрақты өсімді қамтамасыз ету қажет. А. Мамин Арселор Миттал Теміртаудың өсу қарқынының оң болғаны маңызды екенін атап өтті.

Үшінші. Асқар Мамин шикізаттық емес экспорт мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Бұл бағытты қолдау үшін 500 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделген.

«Осының арқасында кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін жоғарылатып қана қоймай, жалпы экономикалық өсімге қомақты үлес қосылады», — деді Премьер-Министр.

Төртінші. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту қажет. Бұл мақсатқа ҚР Президентінің тапсырмасымен 600 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған.

«Өңдеуші өнеркәсіптің басым секторларын және жобаларын анықтадық. Сондықтан да нақты нәтижелерге жету керек. Бұл импортты алмастыруға, халықты өнімді жұмыспен қамтуға қосымша серпін береді. Осы бағыттарды дамыту мақсатында қарқынды жұмыс ұйымдастырылады», — деп Премьер-Министр, жаңа индустрияландыру – қазіргі заман міндеттеріне сай келуі керек екенін айтты.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Индустриалдық-инновациялық дамуының 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы қаралды.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асыру барысы туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады. ИИДМ мәліметтерінше, жоба іске асырылған 4 жылда (2015 жылдан - 2018 жылға дейін) жалпы сомасы шамамен 4,9 трлн теңге болатын 480 жоба іске қосылып, 44 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

Есепті кезеңде бағдарламаның барлық мақсатты индикаторлары бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді.

«Есепті кезеңде жалпы ішкі өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 10,1%-тен 11,6%-ке дейін, саладағы жұмыспен қамтылғандар үлесі 6,6%-тен 6,9%-ке дейін өсті. 2018 жылғы қорытынды бойынша өнеркәсіп 4,1%-ке өсті. Бұл өңдеу өнеркәсібінің 4%-ке қарқынды өсуі есебінен іске асырылып отыр», — деді министр Р. Скляр.

Өсімнің негізгі драйверлері машина жасау (+14,1%), химиялық өнеркәсіп (+8,1%), мұнай өңдеу (+8,8%), жеңіл өнеркәсіп (+4,4%) және металлургия (+2,2%) салалары болды.

2018 жылы Индустрияландыру картасының аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуықтайтын 102 жоба іске қосылып, 13,3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды.

Р. Скляр сонымен қатар басшылық ететін салалардағы кәсіпорындарда өндіріс көлемін ұлғайту және жұмыс орындарын сақтау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Биыл біз өңдеу өнеркәсібінің өсімін 104%-ке жеткізуіміз керек. Жалпы сомасы 1,1 трлн. теңге болатын 120-ға жуық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Онда 20 мың тұрақты жұмыс орны құрылады», — деді Р. Скляр.

Металлургия саласында жыл соңына дейін Қарағанды облысында ферросилиция өндіретін зауыт, Алматы қаласында болат спиральды құбыр өндіретін зауыт іске қосылады.

Машина жасауда автокөлік құралдары өндірісін 32 мың бірліктен 60 мың бірлікке дейін арттыру жоспарланған.

Өнеркәсіптік кооперация аясында Hyundai маркалы жеңіл автокөлік өндіретін зауыт құрылысы басталады, «КАМАЗ» көпшілік акционерлік қоғамымен бірлескен өнеркәсіп құрылады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасының компоненттерін өндіретін технологияларды беретін «Кировец» зауытымен ынтымақтастық орнатылған.

«Қарапайым заттар экономикасының» саласын жеңілдікпен несиелеу бағдарламасына бөлінген 600 млрд. теңге жаңа серпін беруі тиіс, оның 400 млрд теңгесі өнеркәсіптік тауарлар өндірісі мен жекелеген қызмет түрлерін дамытуға бағытталады. Бұл күнделікті қолданылатын 250-ге жуық өнеркәсіптік тауар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 16 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру, бюджетке түсетін салықты 1,1 трлн теңгеге дейін өсіру, «қарапайым заттар экономикасы» өнімінің импорттың үлесін 59%-тен 37%-ке дейін төмендету мүмкін болады.

Биыл жеңіл өнеркәсіптегі ірі жобалар жаңғыртылады және ауқымы кеңейтілетін болады. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы базасында құрылған жобалық кеңсе бағдарлама аясында қолдау білдіру үшін бизнеске көмек көрсетуге және ақпараттандыруға мүмкіндік береді.

Биыл экспортты ілгерілетуге бөлінген 500 млрд теңге игеріле бастады (2019 жылғы – 187 млрд теңге көзделген). Қаражат жеңілдікпен қаржыландыруға, сақтандыру көлемін ұлғайтуға және экспорттаушылардың көлік шығындарын өтеуге, көрмелер, маркетинг, сату нарықтарына кешенді талдау және сертификаттау шығындарын өтеу үшін кең қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Биыл жыл соңына дейін индустрияландырудың үшінші бесжылдығының Тұжырымдамасы негізінде Мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы әзірленеді. Салалық басмыдықтардан өңдеу өнеркәсібінің барлық салаларында тиімді өндірушілерді қолдауға көшу іске асырылады. Нақты көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша бизнес міндеттемелерінің орнына тікелей қолдау көрсетіледі (жаңғырту, экспорт өсімі және т.б.). Сонымен қатар, кәсіпорындарды жаңғырту мен технологиялық дамытуға бағытталған қолданыстағы құралдар жетілдіріледі және жаңа құралдар әзірленеді. Жалпы, индустриялық саясат сабақтастықты сақтайды, өңдеу өнеркәсібінің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттігін ынталандырады.

Р. Скляр мұнай-газ саласы үшін жабдықтар мен техника өндірісі машина жасау драйверлерінің бірі бола алатынын атап өтті, себебі, Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз сияқты іріжобаларды іске асыру мұнай-газ жабдықтарына деген сұранысты арттырады. Бүгінде машина жасау секторының үлесі 5% құрайды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, өз кезегінде, мұнай-газ саласы үшін машина жасауды дамыту туралы баяндады. 2018 жылы мұнай газ саласында жергілікті тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу 2,6 трлн тг сомасында 43,3% құрады, жалпы көлемі — 6 трлн тг. Жергілікті тауарларды сатып алу үлесі — 27%. Сонымен қатар, отандық тауарларды өндіру үлесін ұлғайту мақсатында операторлармен тауарларды сатып алуға талдау жүргізу, ҚР әрекет етуші өндірістеріне талдау жасау, ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті қамтуды дамыту бойынша жұмыс тобын құру, сондай-ақ, импортты алмастыратын тауарлар тізімін қалыптастыру ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын дамыту туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады. Оның айтуынша, отандық ауыл шаруашылығы техникасын дамытудың жоғары әлеуеті бар. Көлемдері жылдан жылға өсуде. Отандық машина жасаушыларды қолдау мақсатында бүгінгі таңда отандық техниканы сатып алушыларға тауар сомасының 25% көлемінде мемлекеттен инвестициялық субсидиялар берілуде. Жергілікті әкімдіктерде де жергілікті бюджеттерден 10% инвестициялық субсидиялар беру мүмкіндігі бар. Бұндай жағдайда инвестициялық субсидиялар көлемі 35% құрайды. Бұдан өзге, лизингке алынатын отандық техниканың лизингтің мөлшерлемесі субсидияланады.

Өңірдерде өнеркәсіп саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қостанай және Павлодар облыстарының әкімдері баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек жыл соңына дейін индустрияландыру бағдарламасының барлық индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізілетінін атап өтті. Бұған Елбасының «қарапайым заттар экономикасы» және экспорттаушыларды қолдау бағдарламасы секілді бастамалары ықпал етеді. Жыл қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібі кем дегенде 4% өсім беруі тиіс. Биылға басты міндеттердің бірі — индустрияландырудың үшінші бесжылдығын дайындау, оның басты бағыты — еңбек өнімділігінің өсімі арқыллы өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ұлғайту, экспорттаушыларды қолдау, қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарға шығару.

www.primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банкі арасындағы 2019 жылға макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы Келісім жобасы мақұлданды.

Ұлттық Банктің Төрағасы Е. Досаевтың және ұлттық экономика министрі Р. Дәленовтың баяндамаларын тыңдаған соң, Премьер-Министр А. Мамин алғаш рет Үкімет пен Ұлттық Банк арасындағы өзара іс-қимыл келісім түрінде рәсімделгенін атап өтті. Бұл бірлескен жаңа жұмыс форматы.

Біріншіден, экономикалық өсімді қолдау бойынша өзара іс-қимыл айқындалады.

Екіншіден, 10 нақты міндет айқындалды.

Үшіншіден, жалпы фискалдық, валюталық, ақша-кредит және макроэкономикалық саясаттың болжамды болуы жағынан нарыққа нақты белгі беріледі.

«Келісімнің іске асуының арқасында экономиканың сапалы өсуі және халықтың тұрмыс сапасының артуы қамтамасыз етіледі», — деп атап өтті Премьер-Министр.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банк арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жобасы қаралды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары мен құрылымдық реформаларын іске асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлттық банк ҚР Үкіметімен 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қоюға бастама білдіруде.

Ұлттық банк төрағасы Е. Досаевтың айтуынша, аталған Келісімде экономиканың тұрақты өсімін және бағалардың тұрақты деңгейін қамтамасыз ету бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің бірлесіп атқаратын қызметінің қағидалары мен негізгі бағыттары белгіленеді. Келісімде 10 негізгі міндет анықталған.

1) Теңдестірілген салық-бюджет саясаты — толықтай Үкімет құзыреттілігінде.

2) Тиімді ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау шаралары

Ұлттық Банк төменгі инфляцияны қолдауға басымдық бере отырып, инфляциялық таргеттеу режимін, сондай-ақ еліміздің экономикалық дамуының тұрақтылығын және халықтың тұрмыс деңгейінің өсуін сақтайды.

Сонымен қатар, инфляция бойынша мақсатты бағдар нақтыланады. 2021 жылға дейін 4-6% дәлізді сақтау, ал 2022 жылдан бастап оны 3-5%-ға дейін төмендетіп, ұзақмерзімді келешекте сақтау ұсынылады.

3) Валюта нарығының орнықтылығын қамтамасыз ету

Ұлттық Банк теңге бағамы серпінінің болжамын арттыру міндетін алға қойып отыр. Қазақстан Ұлттық Банкі валюталық сауда-саттыққа араласпау саясатын сақтай отырып, икемді өктемділік жасау құқығын өзіне қалдырады.

4) Экономиканы қорландыру қолжетімділігі

Институционалдық инвесторлар нарығын, жедел және жинақ депозиттерін дамытуға баса назар аударылатын болады.

Баға белгілеудің тиімділігін арттыру үшін банкаралық нарықта және бағалы қағаздар нарығында нарықтық индекстер мен индикаторларды қалыптастыру қамтамасыз етіледі.

5) Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту

Е. Досаевтың айтуынша, Ұлттық банк кірістіліктің қысқа мерзімді тәуекелсіз қисығын құруды қамтамасыз етеді.

«Қаржы министрлігінен кірістілік қисығының орта- және ұзақ мерзімді сегменттерін құру үшін өзінің бағалы қағаздарының шығарылымдарын қысқартуды және ірілеуді қамтамасыз етуді сұраймыз. Мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің халықаралық жаһандық индекстеріне қосу бойынша жұмыс жүргізілетін болады, бұл шетелдік инвестициялардың қосымша ағынын тартуға және өзара қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді», — деді Е. Досаев.

6) Экономиканы дамытуды қаржылық қолдау бағдарламалары

Е. Досаевтың айтуынша, мұнда негізгі рөл Үкіметке тиесілі. Қазақстан Ұлттық Банкі, өз кезегінде, үш бағдарламаны іске асыруға күш жұмсайды.

«Атап айтқанда, Қазақстан Ұлттық Банкі "7-20-25" бағдарламасы бойынша бағдарламаны бұрын бекітілген талаптармен қаржыландыруын жалғастырады. Қарыз алушыларға 20%-дан астам бастапқы жарна енгізу мүмкіндігін беру және бағдарламаға қатысушы банктердің санын кеңейту ұсынылады. Банктердің 600 млрд теңге көлеміндегі ұзақ мерзімді өтімділікті уақтылы игеруі экономиканың басым жобаларын кредиттеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Е. Досаев.

7) Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру

Ұлттық банк деректері бойынша, қамтамасыз етілген кредиторлардың басым құқығын іске асыру кәсіпорындарды және банктердің несие портфелін қалыпқа келтіруге ықпал ететін болады. Жоғары сот органдарымен банкроттық саласындағы құқық қолдану тәжірибесін пысықтау бойынша жұмыс жалғастырылады.

8) Қаржы жүйесінің тұрақтылығы

Банк жүйесін нығайту жұмысы жалғастырылады. Ұлттық Банктің соңғы саты кредиторының функциясын толық іске асыруы маңызды болмақ.

9) Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту

Қолма-қол ақшасыз төлемдердің қолжетімдігін арттыру және олардың инфрақұрылымын дамыту бойынша шаралар қабылданатын болады. Ірі мәмілелер бойынша есеп айырысуды қолма-қол ақшасыз нысанға аудару бойынша шаралар қабылданатын болады.

10) Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін Ұлттық Банк Үкіметке заңнамалық өзгерістер енгізу бойынша, оның ішінде Ұлттық Банктің мандатын кеңейтуді көздейтін тиісті ұсыныс жасайтын болады. Ұлттық Банк пен Үкіметтің бірлескен іс-қимылдары Келісімнің аталған бағыттарымен шектелмейді. Үйлестіру тұрақты түрде мониторинг жасау, қабылданған және ұсынылған шараларды талқылау арқылы жүзеге асырылатын болады.

Өз кезегінде ұлттық экономика министрі Р. Дәленов теңгерімді фискалдық саясат шеңберінде жұмыс кірістердің өсуін ынталандыруға және салық салу базасын кеңейтуді ынталандыруға бағытталатынын атап өтті. Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады.

«Үкімет пен Ұлттық банктің тиімді ақша-кредит саясаты және инфляция деңгейін бақылау бойынша бірлескен шаралары экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағыт шеңберінде тарифтік саясатты жетілдіру және тұтыну тауарларын өндіруге бағытталған шараларды әзірлеу жоспарлануда», — деді Р. Дәленов.

Сонымен қоса, валюта нарығының теңгерімділігі бойынша Ұлттық банктің шараларына қосымша ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, Қаржы министрлігінің және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті айырбастау жөніндегі бюджеттік операциялардың іс-қимылдарын үйлестіру қамтамасыз етіледі.

Бұл орайда, Ұлттық банк интервенция жүргізу құқығымен еркін құбылмалы айырбас бағамы саясатын жалғастырады.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша инвестициялық ахуалдың тартымдылығы және қаржыландырудың қолжетімділігі бойынша жұмыс жалғасатын болады. Бұл ретте борыштық капитал құнының индикаторларын қалыптастыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымын ірілендіру көзделеді.

Экономиканы дамытуды қаржылай қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бағыты шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артатын болады. Бұл ең тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, банкроттық рәсімдерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Бұл кредит берушілердің борышты реттеу жөніндегі құқықтарын іске асыруда кедергілерді жояды.

«Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту шеңберінде қолма-қол ақша айналымын қысқарту бойынша қаржылық және қаржылық емес ынталандыру әзірленеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында кредит беретін банктік емес ұйымдардың қызметін реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады. Осылайша, осы Келісімді іске асыру экономикалық өсуге қол жеткізуге және инфляцияны ұстап тұруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Р. Дәленов.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов ҚР Президентінің тапсырмалары және көзделген міндеттер мен реформаларды іске асыру аясында бұл Келісімнің аса маңызды екенін атап өтті. Құжат ұзақмерзімді кезеңге макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруге және Үкімет пен Ұлттық Банк ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл Келісімді іске асыру үшін Жол картасы әзірленетін болады.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Ұлттық Банк Төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойды.

Қол қойылған құжатқа сәйкес «халықтың әл-ауқатының және өмір сүру деңгейінің өсуі мемлекеттің экономикалық саясатының басты мақсаты» болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу Үкімет пен Ұлттық Банктің тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу бойынша келісілген іс-қимылдарын талап етеді.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауын, сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 30 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталған, тығыз үйлестіру және бірлескен шаралар қабылдау мемлекеттің жалпы макроэкономикалық саясатының тиімділігін арттыруға маңызды талап болып табылады және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.

Қол қойылған Келісім арқылы Үкімет пен Ұлттық Банк мынадай міндеттерді айқындайды:

1. Теңестірілген қазыналық саясат

2. Тиімді ақша-несие саясаты және инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар

3. Валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз ету

4. Инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі

5. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту

6. Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру

7. Нақты сектор кәсіпорындарын сауықтыру

8. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы

9. Көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту

10. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру

Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, бюджет шығыстарының мұнайдың бағасына тәуелділігін төмендетуге, мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған орнықты және алдын ала болжанған фискалдық саясатты жүргізетін болады. Бұл ретте «әлеуметтік саясат саласында халықтың нақты кірістерін арттыруға бағытталған барлық бюджеттік бастамалар толық көлемде орындалады».

«Экономиканы дамытуды қаржылық қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру» бағыты бойынша ҚР Үкіметі мен Ұлттық Банкі нақты сектор кәсіпорындарын мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларының саны мен ауқымын ескере отырып, нақты секторға мемлекеттік қолдау көрсету шараларының тиімділігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс жасайтын болады.

«Үкімет пен Ұлттық Банк "Нұрлы жер" және "7-20-25" тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды жалғастырады. Үкімет қолжетімді тұрғын үй ұсынысын ұлғайту шараларын қолға алады. Ұлттық Банк "7-20-25" бағдарламасын қаржыландыруды жалғастырады. Екі тұрғын үй бағдарламасын теңдестіріп іске асыру жөніндегі шаралар бюджеттік, сол сияқты жеке қаржыландыру көздерін тарта отырып, халықтың түрлі топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп көрсетілген келісім мәтінінде.

Келісімді іске асыру келесі көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:

негізгі капиталға 2019 жылы ЖІӨ-ге 16,8% деңгейінде және 2025 жылға қарай жылына ЖІӨ-ге 30%-дан астам инвестициялар тарту;

шағын және орта бизнестің үлесін 2019 жылы ЖІӨ-ге 28,2%-ға және 2025 жылға қарай ЖІӨ-ге 35%-ға жеткізу;

көлеңкелі экономика үлесін үш жыл ішінде 40%-ға қысқарту.

www.primeminister.kz

 

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің жаңа басшысы — Ғалымжан Қойшыбаевты таныстырды.

«Үкімет қаулысымен Ғалымжан Телманұлы Қойшыбаев Премьер-Министр Кеңсесінің басшы болып тағайындалды», — деп хабарлады Премьер-Министр.

А. Мамин Ғ. Қойшыбаевтың Президент Әкімшілігінде және Сыртқы істер министрлігі жүйесінде — елші, министрдің орынбасары болып көп жылдар бойы еңбек атқарғанын атап өтіп, жаңа қызметте сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы лауазымын атқарған Д. Кәлетаев Президенттің Жарлығымен ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Ғ. Қойшыбаев 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университететін тәмамдаған. 1995–2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі, Кеңесші-Уәкілі болып қызмет еткен. 2004 жылы — Қазақстан Республикасының Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының жанындағы Өкілетті өкілі болған. 2004–2006 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің Бас инспекторы. 2006–2008 жылдары — ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі. 2008–2012 жылдары — ҚР Литва Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Латвия Республикасындағы, Эстония Республикасындағы және Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (қоса атқарушы). 2012–2016 жылдары — ҚР Финляндия Республикасы мен Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (қоса атқарушы). 2016 жылдан бастап — ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған.

www.primeminister.kz

Мемлекет басшысының Өкімімен Ғалымжан Тельманұлы Қойшыбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Сәуір
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту