Шымкентте өткен «Өңіраралық еңбек ұтқырлығын дамытудың бизнес-форумында» ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Елбасы халықты жұмыспен қамту саласында жаңа жұмыс орындарын құруды басым бағыт ретінде айқындағанын атап өтіп, биыл Қазақстанда 630 мыңнан астам жұмыс орны құрылатынын жеткізді.

Жиында министр осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынғанын еске салып, оның әрбір бағытын жан-жақты түсіндіріп берді.

Еліміздің алты өңірінің атқарушы билік өкілдері мен жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларының басшылары, жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер қатысқан форумда халықты тұрақты жұмыспен қамту мен осы бағытта өңірлердің байланысын арттыру мәселесі сөз болды.

«Баршамыз, еңбек нарығын тиімді реттеу жолында қай өңірлерде, қандай салалар мен бағыттарда қандай жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігін нақты білуіміз керек. Біздің министрлік орталық мемлекеттік органдармен және өңірлермен бірлесе отырып, мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларда, жаңа заңды тұлғалар тұрғысында, еңбек ресурстарының өзіндік орын ауыстыруы жөнінде (зейнетке шығу, ана болуға байланысты демалыс және өзге де) құрылатын жұмыс орындарына қатысты мақсатты индикаторларды анықтады. Сонымен қатар, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкімдерімен бірлескен жағдайда, тиісті меморандумдарға қол қойдық. Жалпы, елімізде, мемлекет көмегіне жүгінетін жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда 630 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр», - деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының қозғалысына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтқан министр бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба беретінін атап өтті.

«Осы аптада республикамызда алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Қазақстан облысы 4 өңірден жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарымен танысудың және осылайша өз мамандығы бойынша таңдау жасаудың тамаша мүмкіндігін жасады. Осылайша, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру аясында, қазақстандықтарды сұранысқа ие кәсіпке тегін оқып қана қоймай, жаңадан ашылатын жұмыс орындарына орналасуға және жеке іс ашуға қолдау көрсетеміз. Облыстар арасында да жұмыспен қамту шараларынан бөлек өнеркәсіп, ауылшаруашылық, көлік-логистика, сауда және қызмет көрсету салаларында жобаларды бірлесе іске асыру бағытында тығыз қарым-қатынас орнатқан жөн. Сондықтан да осы бизнес-форумды өткізу жайлы бастама көтердік. Үш күндік іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығына алғысымды білдірімен», - деді Дүйсенова.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 05 сәуір 2017

Мұрағат

Сәуір
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту