Бүгін ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұмыс сапары аясында Батыс Қазақстан облысында болып қайтты. Министр облыстың медицина ұйымдарын қағазсыз жұмыс форматына көшіру үдерісімен танысты.

БҚО қағазсыз құжат айналымы бойынша пилоттық жобаны іске асырудың алғашқы өңірі ретінде таңдалды. Пилоттық жобаға облыстың 40-қа жуық денсаулық сақтау ұйымы қатысады.

Елжан Біртанов Орал қаласындағы №3 қалалық емханада болды, онда «Емделуші кабинеті» мобильді қосымшасы таныстырылды. Аталған мобильді қосымшаның көмегімен пайдаланушылар үйден дәрігер қабылдауына жазылуға және дәрігерге қоңырау шалуға, жазылған рецептілерді, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін көруге мүмкіндік алды. Емхана басшылығы медициналық ақпараттық жүйе мен «Электронды кезек» қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

Кезекті бір нысаны — облыстық клиникалық аурухана болды, онда «ҚазМедАқпарат» медициналық ақпараттық жүйесі және тіркеу бөлімінен бастап науқасты шығаруға дейінгі тұтастай қағазсыз процестің қалай жүргізілетіні көрсетілді. Бұл ақпараттық жүйе барлық медициналық ұйымдармен онлайн режимінде байланыс орнатуға мүмкіндік береді. «ҚазМедАқпарат» медициналық қателіктердің санын азайтуға, медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға және т.б. жол ашады.

Министр облыстық денсаулық сақтау басқармасында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қағазсыз құжат айналымын енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру алаңдары ретінде таңдалған ҚР сегіз аймағымен селекторлық режимде жиын өткізді. Жиын барысында өңірлер жобаны жүзеге асыру барысы жөнінде баяндап, тәжірибе алмасып, министрге сұрақтар қойды.

Бұдан өзге, Елжан Біртанов Зеленов ауданына барды. Мұнда Дариян ауылында орналасқан Зеленов аудандық ауруханасында, Трекино ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда және Володар ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктінде қағазсыз құжат айналымы жобасының жұмысымен танысты.

Осы күні министр Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен қалалық көпбейінді аурухана базасында облыстың медицина қауымдастығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесінің негізгі мәселелері мен аймақты цифрландыру мәселелері талқыланды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 20 сәуір 2018

Мұрағат

Сәуір
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту