Астанада "Ниет" байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың негізгі мақсаты - әлеуметтік бейнероликтердің үздік сценарийлерін анықтау.

Байқаудың бас жүлдесін алматылық Дмитрий Галабир жеңіп алды. Оған 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды. Ал танымал режиссер Ақан Сатаев оның сценарийі бойынша бейнеролик түсіріп шықты.

"Сценарий бойынша кішкентай баланың өзінің арман-мақсаты болады. Оның ата-аналары болса, жұмыстан босамай, баласына көп көңіл бөлмей жүреді. Бірақ оны атасы бәрін байқап жүреді де, немересіне бір сыйлық жасайды. Бәрі содан басталады. Дәл сол сыйлық оның бүкіл өмірін өзгертеді. Бейнебаян бала тәрбиесіне арналып отыр. Негізгі ойымыз, баланың арман-қиялын шектеу қоймау қажет. Бала кім болғысы келеді? Оны қалай іске асырады? Соған көңіл бөліп, жағдай жасауымыз қажет. Баланың жеке таңдауына тосқауыл болмау керек", - дейді Д.Галабир.

Бүгін байқау қорытындысына арналған салтанатты шарада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бірінші орын иегерін құттықтап, арнайы диплом мен ақшалай сыйлықты табыстады "Расында, өте сапалы жұмыс болып шықты. Себебі екі-үш минуттық әлеуметтік роликке тұтас бір фильмнің мазмұнын сыйғызу оңай емес. Біз осы саладағы жұмысты жалғастыратын боламыз", - деді Д.Абаев. Сондай-ақ, министр үздік әлеуметтік роликте басты рөлді ойнаған Шерxан есімді баланы арнайы сыйлықпен марапаттады.

Байқаудың қорытындысы бойынша екінші орынды Қуаныш Омаров иеленді. Оған Apple MacBook табысталды. Ал үшінші орынның иесі - Ринат Тұрғанбеков Canon фотокамерасын ұтып алды. Бұдан бөлек, үздік сценарийлердің төрт авторына арнайы дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді. Олардың сценарийлері бойынша бейнероликтер әлі түсірілген жоқ.

Жалпы, "Ниет" байқауына 600-ден астам бейнероликтің сценарийлері келіп түсті. Өткен жылы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша 131 бейнеролик түсірілген болатын.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 08 маусым 2018

Мұрағат

Маусым
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту