ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 ж. егін жинау жұмыстарының барысы қаралды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын-ала берген мәліметтері бойынша биыл дәнді дақылдар 15 млн га алқаптан жиналады, оның ішінде бидай — 11,1 млн га. Майлы дақылдардың егін алқаптары 2,8 млн га құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 0,4 млн га артық.

«Жалпы еліміз бойынша жалпы астық жиыны 20 млн т деңгейінде болады деп болжанып отыр. Майлы тұқымдар өндірісінің көлемі 2,3 млн т деңгейінде болады деп күтілуде. Көрсетілген көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9,0 млн. тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын – 1,0 млн. тоннаға дейін жеткізуге, құрамжем және май өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Ө. Шөкеев.

Бүгінгі таңға дейін дәнді дақылдар 8,9 млн. гектардан астам алқаптан немесе жиналуға жататын алқаптың 59%-ы жиналды, 11,2 млн. тонна астық бастырылды, түсімділік гектарына 12,5 центнер болды.

Оңтүстік облыстарда 86%, батыс облыстарда — 89%, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда — 56% дәнді дақыл жиналды.

Ө. Шөкеев атап өткендей, жинау үшін 6,1 млн га дәнді дақыл қалған. Қолда бар астық жинау комбайндарының 800 мың га жуық болатын тәуліктік өнімділігі мен ауа райы қолайлы болған жағдайларда егін жинау жұмыстарын қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтау мүмкіндігі бар.

Шілде-қазан айларының аралығында егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың дизель отынына деген қажеттігі 394 мың тоннаны құрайды. Бұл қажеттілік Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыстардағы мұнай өңдеу зауыттарына бекітілген. 14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель (68%) жөнелтілді. Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрайды (жанар-жағармай бекетінде литрі 191 теңге), бұл нарықтық бағадан 14%-ға арзан.

«Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары, бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше астық қабылдау кәсіпорындарының қосымша дизель отынын сатып алуын қажет етеді. Облыс әкімдіктерінің мәліметтері бойынша базистік ылғалдылық 13,5% болғанда бастырылған астықтың 50%-нан астамының ылғалдылығы 20%-дан жоғары», — деді Ө.Шөкеев.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, бүгінде 85 мың т көлеміндегі астықты кептіру үшін қазан-қараша айларына қосымша жанар-жағармай бөлуге алты облыстан өтінім келіп түскен.

Жалпы қолда бар ауыл шаруашылығы техникасының 96%-ы дайын және егін жинау жұмыстарына қатысуда. Қазіргі кезде шаруаларда 14 мыңнан астам өнімділігі жоғары астық жинайтын комбайндар бар, олармен дәнді дақылдар алқабының 70%-дан астамын жинау көзделіп отыр.

«Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды ынталандыру және шаруаларды қаржылай қолдау мақсатында министрлік биылдан бастап ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесін арзандату бағдарламасын қайта іске қосты, инвестициялық субсидиялау бағдарламасын өзектілендірілді», — деді Ө. Шөкеев.

Аталған бағдарламаны іске асыру үшін биыл бюджеттен 21,3 млрд теңге бөлінген. Жылына 17% аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен ауыл шаруашылығы техникасының лизингін субсидиялау қарастырылып отыр, оның 10% республикалық бюджет есебінен өтеледі. Сонымен қатар, 2016 ж. бастап ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған жағдайда инвестицилық субсидиялар төлеу жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі кезде елімізде жалпы сыйымдылығы 13,6 млн тоннаны құрайтын 196 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорыны жұмыс істейді, олар әкімдіктер беретін лицензия негізінде астық қолхаттарын бере отырып, қойма қызметін көрсетеді. Астық қабылдау кәсіпорындарының материалдық-техникалық базаларын жаңа жиын-терімді қабылдауға дайындау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Қолда бар астық сақтау сыйымдылықтарының жалпы көлемі 26,7 млн. тоннаны құрайды, бұл күтіліп отырған жиын-терімді ескергенде, астық сақтау үшін жеткілікті.

Өз кезегінде, энергетика министрінің орынбасары М. Досмұхамбетов 2018 ж. егістік жұмыстарына дизельді отынды жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-дерге бекіту кестесі аясында шаруалар үшін қажеттілік 394,4 мың т көлемінде бекітілгенін баяндады, оның ішінде: Атырау мұнай өңдеу зауыты — 116 мың т, Павлодар мұнай өңдеу зауыты — 149 мың т, Шымкент МӨЗ — 129,4 мың т.

«14 қыркүйектегі жағдай бойынша жоспардағы 394,4 мың тонна жағдайында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынын тиеу 255,8 мың тоннаны құрап отыр. Төленген барлық көлемдер басымдықты ретпен тиеліп жатыр. Министрлік ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бағыттаумен дизель отынын тиеуге тәуліктік бақылау жүргізіп отыр», — деді энергетика вице-министрі.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жанар-жағармай бағасына келсек, 2018 ж. шілде айында күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізуге ұсынылған баға 180 мың теңге/тоннаны, тамыз және қыркүйек айларында 181 мың теңге-тоннаны құрады. Бұл орайда ҚР-да жанар-жағармай станцияларында орташа нарықтық баға 188,1 тг/л құрайды.

Егін егетін негізі облыстардағы жағдайлар туралы Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі — Қ. Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі — А. Мұхамбетов баяндады.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 18 қыркүйек 2018

Мұрағат

Қыркүйек
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту