Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында егін жинау жұмыстарының барысы, 2018/19 жылғы жылыту маусымына дайындық және әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Еліміздегі егін жинау жұмыстары туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеев баяндады. Биыл дәнді дақылдар 15 млн гектар алқаптан жиналатын болады, оның ішінде бидай — 11,4 млн гектар жерден. Ал майлы дақылдардың жиналатын алқабы — 2,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 0,4 млн гектарға артық.

Өмірзақ Шөкеев жалпы республика бойынша 20 млн тонна дәнді-дақыл жиналады деп күтілетінін айтты. Майлы тұқымдар өндіру көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұндай көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9 млн тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын — 1 млн тоннаға дейін жеткізуге, құрама жем өндіретін және май өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде 14,2 млн гектарға жуық алқаптан немесе 95%-ынан дәнді дақыл жиналды, түсімділік гектарына 14 центнер кезінде 19,9 млн тоннадан астам астық бастырылды.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардың дизель отынына деген қажеттігі шілде-қазан айларында 394 мың тоннаны құрады. 4 қазандағы жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 324 мың тонна (82%) дизель отыны жөнелтілді. Жеңілдетілеген дизель отынының орташа бағасы қазан айында аймақтарға жеткізумен қоса литріне 165 теңгені құрайды (АЖҚБ-те – литрі 191 теңге), бұл нарықтық бағадан 14%-ға арзан.

Астықты сақтау мәселесі де Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. Жауын-шашынның мол түсуі салдарынан элеваторларға келіп жатқан астықтың ылғалдылығы жоғары, бұл дәнді және майлы дақылдарды қосымша кептіруді және тиісінше қосымша дизель отынын сатып алуды қажет етеді. Осыған байланысты Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісім бойынша қазан-қараша айларында астықты кептіруге қосымша 50 мың тонна дизель отынын жеткізу үшін облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекітті.

Қазіргі кезде ҚР-да астық сақтау орындарының жалпы көлемі 26,7 млн тоннаны құрайды, бұл күтілетін жаңа өнім астығын ескергенде астық сақтауға жеткілікті. 2019 жылдың өніміне тұқым дайындау жұмыстары жалғасуда. 1,9 млн тоннадан астам тұқым немесе қажеттіліктің 77%-ы дайындалды.

Өңірлердегі астық жинау жағдайлары туралы Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев, сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК президенті Қ. Алпысбаев баяндады.

Энергетика министрі Қ. Бозымбаев жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндай отырып, жалпы еліміз бойынша көмірдің нормативті қорлары құрылғанын, ешқандай да мәселенің жоқ екенін атап өтті.

Өз кезегінде, өңір әкімдері 2018/19 жылғы жылыту маусымына дайындық туралы баяндады. Атап айтқанда, Ақмола облысының әкімі М. Мырзалин өңірдің алдағы жылыту маусымына 100% дайын екенін жеткізді. Облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген, барлық объектілердің дайындығы 100%, екі айға жететін көмір қоры бар, мазут жоспарға сәйкес жеткізіліп отыр. Әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету 28 қыркүйекте, ал қалған объектілерде 1 қазаннан басталды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметовтың айтуынша, бұл өңірде де жылу беру маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Үлкен ЖЭО және кіші қазандықтар 100% дайын. Сумен жабдықтау желілерінің дайындығы — 99,8%, бюджеттік сала нысандары 100% әзір, көппәтерлі үйлер — 98%. 15 қазанға дейін көмір қоры 100% қамтамасыз етіледі.

Батыс Қазақстан облысының әкімі А. Көлгінов аймақта жылу беру маусымы басталғанын: әлеуметтік нысандар қосылып, тұрғын үйлердің дайындық паспорты бар екенін және жақын арада олардың қосылатынын мәлімдеді. Жылыту жолдарын жөндеу бойынша барлық жобалар аяқталды, соның арқасында Ақсай қаласындағы желілердің тозуы 43%-дан 7%-ға дейін төмендеді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақаловтың айтуынша, облыстағы барлық ұйымдар жылумен жабдықталған: бүгінгі күні бірде бір үй жылытусыз қалған жоқ. Жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталды.

Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов бұл өңірде де жылыту маусымы басталғанын хабарлады. Бұған дейін келісілгендей, Қаржы министрлігі мазут сатып алуға қосымша қаражат бөлді.

Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов барлық сегіз ЖЭО-ның жылыту маусымына дайын екенін атап өтті. Теміртау ЖЭО-2 арнайы бақылауға алынған, онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл жетінші қазандықтың құрылысы басталады. Барлық әлеуметтік-мәдени нысандар 100% көмірмен қамтамасыз етілген, ал халық — 78%-ға қамтылған.

Павлодар облысының әкімі Б. Бакауовтың айтуынша, өңір жылу беру маусымына дайын. Көмірмен 100% қамтамасыз етілген. 17 қыркүйектен бастап барлық әлеуметтік нысандар жылытылуда. Тұрғын үйлер жылытуға 90% қосылған. Жалпы облыс қыс мезгіліне дайын.

Алматы қаласының әкімі Б. Байбек қала жылу беру маусымына 98% дайын екенін хабарлады. Бес күннен кейін 100% болады. Қазандықтар, сумен жабдықтау, су тарту және электрмен жабдықтау жүйелері 100% дайын. Бұл өткен жылғыдан жоғары көрсеткіштер. Әлеуметтік нысандарға келер болсақ, олар да 100% дайын. Көмірдің нормативтік қоры — 102%, мазут — 108% құрайды.

Сонымен қатар, отырыста әлеуметтік маңызы бар тауарларға және қызметтерге бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету және олардың негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында қабылданып жатқан шаралар қаралды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 19 өнімнен тұрады, олар: ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріщ, картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ, қант, күнбағыс майы және сары май, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, жұмыртқа, тұз, ірімшік.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов тауарлардың осы түрлеріне бағалардың ауытқуын бақылау үшін әр жылдың соңында шекті мәндер бекітілетінін айтты. Осылайша, сегіз аймақта шекті бағалардың 15%-ға асып кеткені байқалады. Мұндай жағдайларда заңнамада бірқатар шаралар көзделген — тұрақтандыру қорларының резервтерін пайдалану және сауда субъектілермен өзара іс-қимыл орнату.

«Әкімдіктер бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде шекті бағаларды белгілеу туралы алқалы шешім қабылдайды. Шешімді қабылдау кезінде Комиссия мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өндіріс орнынан аумақтық алшақтығын, халықтың тығыздығын және сатып алу қабілетін ескереді. Бұдан өзге, бұл тауарларды олардың өндіріс орындарында және сату орындарында сақтаудың шарттары мен мүмкіндіктері, сондай-ақ шекті бағалардың мөлшерін белгілеудің экономикалық мүмкіндіктері ескеріледі», — деді Т. Сүлейменов.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі заңнама нормаларын түсіндіру бойынша жүйелі түрде селекторлық кеңестер өткізеді.

«Бизнес ортаны дамыту мен сауда қызметін жетілдіру жөніндегі біз әзірлеген жетінші түзетулер пакеті аясында АӨК-ті қолдауға бағытталған шаралар кешені әзірленді. Отандық тауар өндірушілердің сауда желілеріне қолжетімділігін арттыру, сонымен қатар Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстанның орнын жоғарылату мақсатында заң жобасында әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуға ретро-бонустар қоюға тыйым салынған. Азық-түлік өнімдерін сақтау, сұрыптау, сату және жеткізудің заманауи инфрақұрылымын құрудың заңды негіздері қарастырылған», — деді Т. Сүлейменов.

Тоғыз айда 200-ден астам бизнес субъектілеріне қатысты 227 тергеу жүргізілді. Қазіргі таңда 190-ы аяқталды, оның 148-і — бәсекелестікті қорғау саласында бұзушылықтарды анықтауға қатысты.

Сонымен қатар, энергетика министрі Қ. Бозымбаев дизельдік отынның бағасына қатысты қазіргі жағдай туралы баяндады.

«Дизель отынына қатысты ешқандай тапшылық байқалмайды. Жиын-терім науқанына отын жеткізу жұмыстары аяқталды деуге болады. Қазанда 45 мың тонна беріп, 55 мың тоннасын кептіруге бағыттау қажет. Қазан айының соңына қарай профицит болады деп болжанған. Маусымдық сұраныс төмендейді», — деді энергетика министрі.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 05 қазан 2018

Мұрағат

Қазан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту