Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында қазақстандықтарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Н. Мұқышевтің айтуынша, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқудан өткен азаматтарды еңбекпен барынша қамту мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірқатар шаралар қабылдап жатыр.

Бірінші кезекте, білім беруші мекемелер мен орталықтарға талаптар қойылуда. Бұл —тиісті материалдық-техникалық базаның болуы, қосарлы білім беру элементтерін пайдалану және оқудан өткен адамдардың кем дегенде 60%-ның жұмысқа орналасуы.

Екіншіден — бүгінде оқу орталықтары мен оқу мекемелерінің тізілімін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл тікелей кәсіптік оқытуды қажет ететін мамандықтар мен дағдылар тізімін қалыптастыру және бекіту үшін жасалады.

«Барлық бағдарлама тек нарықта сұранысқа ие мамандыққа оқытуға бағытталған. Біз бұны білеміз, бізде барлық жағдайды көруге болатын Еңбек биржасы бар. Нарықпен, Білім және ғылым министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, азаматтарды оқытуға қажетті мақсатты бағыттарды қалыптастырып жатырмыз», — деп түсіндірді Н. Мұқышев.

Үшіншіден — еңбек нарығына ықпал ететін, цифрландыру саласында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр: жаңа бағыттар, талаптар, жұмыс форматы әзірленуде. Бағдарлама аясында ҚР ЕХӘҚМ жұмыс берушілермен олардың қызметкерлері АТ-кеңістікте заманауи жұмыс тәсілдерін меңгеруі үшін қайта даярлау мақсатында тығыз байланыс орнатқан.

Төртіншіден — «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасы бойынша жоғары, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды дайындау бойынша мемлекеттік қолдаудың біріктірілген шаралары қабылдануда, түлектер оқыған өңірлеріне жұмыс істеуге жіберіледі.

Вице-министр «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасу көрсеткіштері туралы айта отырып, бүгінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өткен 31 мың адамның 18 мыңы жұмысқа орналасқанын айтты. Ең жоғарғы көрсеткіштер Ақмола, Қостанай, Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарында белгіленген.

Бағдарламаның екінші бағыты аясында стартап жобаларды қолдауға және нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құруға шағын несие беру бағыты белсенді түрде дамуда. Ауылдарда және қалаларда шағын несие беру аясында қазандағы жағдай бойынша 42 млрд теңге, оның ішінде ауылдарда — 31 млрд теңге және қалаларда 11 млрд теңге игерілген.

Сонымен қатар, Н. Мұқышев шағын несие беру бағыты бойынша несиелер беру мәселелері аясында талдау мен бағалаудан бөлек, бірінші кезекте, нақты бағыттың сұранысқа ие болуы мәселесі де қаралатынын атап өтті.

«Бизнес-жоспарлар егжей-тегжейлі зерделенеді, сондан кейін барып жобаны іске асыруға қаражат бөлу-бөлмеу туралы шешім қабылданады. Шағын несиелердің 81% ауыл, орман, балық шаруашылығы салаларына берілген. Бұлар жалпы саланы дамытуға қажетті стартаптарды тартуға және саланы жаңа деңгейге шығаруға тиісті секторлар», — деді Н. Мұқышев.

Бұдан өзге, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ведомство еңбекақы төлеу жүйесін дамыту мәселесін белсенді түрде пысықтап жатқанын атап өтті.

«Елбасы Жолдауы аясында ең төменгі жалақыны 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр және жастар арасында өнімді жұмыспен қамтуды дамыту аясында еңбекақыны көбейтуге қатысты барлық сұрақтар қолдауға ие болуда», — деді ол.

Өз кезегінде ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту жəне еңбек нарығын дамыту департаменті директорының м.а. Жеңісбек Дулатов бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын қайта қараудың жаңа әдістемесін енгізуді әзірлеу мақсатында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікпен белсенді іс-қимыл орнатқанын атап өтті.

«Пилоттық режимде екі мемлекеттік орган және екі облыстық өңір қатысып жатыр, оларда еңбекақы 2–2,5 есеге өскен. Аталған әдістеме келесі жылдан бастап басқа да мемлекеттік органдар мен өңірлерде енгізіледі. Мемлекеттік қызметкерлерге жаңа әдістемеге сәйкес жалақыны есептеу арқылы жас мамандардың бұл салаға деген қызығушылығын арттырамыз деген сенімдеміз», — деді Ж. Дулатов.

Еске сала кетейік, 2017–2021 жылдарға арналған өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 563 мың азамат қамтылған. Оның 458 мыңы жұмысқа орналасқан, соның ішінде тұрақты жұмыс орындарына — 327 мың адам.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 30 қазан 2018

Мұрағат

Қазан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту