Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты. Онда депутаттар Қазақстан Үкіметі әзірлеген «2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады.

«2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы ҚР-ның 2019–2023 жылдарға арналған бюджет параметрлері мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамының және ҚР Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары негізінде әзірленген.

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Халықаралық валюта қорының болжамдарына сәйкес 2018–2019 жылдары әлемдік экономика 3,9% деңгейінде біртіндеп өседі деп күтілетінін атап өтті. 2019 жылы әлемдік қаржы ұйымдарының мұнай бағасының бәтуа-болжамы барреліне $66,7 құрайды. Бұны ескергенде негізгі сценарий кезінде мұнай бағасы $60 деңгейінде анықталған.

«ЖІӨ нақты өсімі 2019 жылы 3,9% деңгейінде, 2023 жылы 4,6 % дейін өседі деп болжанған. ЖІӨ-нің орташа жылдық өсім қарқыны 4,2% құрайды. Атаулы ЖІӨ 2019 жылы 64 145,7 млрд теңгеден 2023 жылы 86 944,7 млрд теңгеге дейін өседі. Жан басына шаққанда ЖІӨ 2019 жылы $9,9 мыңды құрайды, 2023 жылы $12,9 мың дейін өседі», — деді Т. Сүлейменов.

Орташа мерзімді перспективада экономикалық белсенділік өсімінің негізгі қозғаушы күші өңдеу және АӨК салалары, құрылыс индустриясы, көлік-логистика саласы және сервистік экономика болмақ. Өңдеу өнеркәсібі 4,4 %-ға, тау-кен өндіру өнеркәсібі 3%-ға өседі. Ауыл шаруашылығында — 6,4 %, құрылыс саласында — 4,2 % және сауда-саттықта — 4,6 % деңгейінде тұрақты қарқын сақталады. 2019 жылы экспорт көлемі $56,5 млрд құрайды, 2023 жылы $68,5 млрд-қа дейін өседі.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемін ұлғайту мен Теңізшевройлды болашақта кеңейту жобасы есебінен мұнай өндіру көлемі 2019 жылы 88 млн тоннадан 2023 жылы 99 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

Бұдан өзге, макроэкономикалық болжам негізінде 2019–2021 жылдарға арналған бюджеттік параметрлер болжамы әзірленген. 2019 жылы республикалық бюджет кірістері (трансферттерсіз) 6809,7 млрд теңге көлемінде, 2020 жылы — 7382 млрд теңге, 2021 жылы — 8024,7 млрд теңге көлемінде болжамдалған. 2019 жылы бюджет тапшылығы 2018 жылғы деңгейде – ЖІӨ-ге 1,5 % деңгейінде жоспарланған, оны 2020 жылы ЖІӨ-ге 1,4 % дейін және 2021 жылы ЖІӨ-ге 1,3% дейін қысқарту көзделген.

Қаржы министрі Ә. Смайылов бюджет үш негізгі міндетті шешуге бағытталғанын айтты. Бұл — кез келген экономикалық жағдаят кезінде барлық әлеуметтік міндеттемелерді қамтамасыз ету, Елімізді дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын іске асыру аясында жеті саясат пен реформаларды іске асыру, сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауын орындау.

«Бюджеттің негізі және оның қаржылық мүмкіндіктері бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін бірте-бірте төмендету және салық түсімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылатын ынталандырушы макроэкономикалық саясатты жүргізуге негізделген. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт түрінде және мұнайға экспорттық кедендік баж салығы түрінде бюджетке мұнай түсімдерінің көлемі 2019 жылы 3,5 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 5,4% құрайды, 2021 жылға қарай 4,1%-ға дейін төмендейді. Бюджетке мұнай түсімдерінің үлесі 2019 жылы 35,5% -дан 2021 жылы 28,9%-ға дейін төмендейді», — деп мәлімдеді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, Ұлттық қор қаражатын шектеулі пайдалану, сондай-ақ осы жылдың өзінде мұнай бағасының өсуі қор активтерін мерзімінен бұрын тұрақтандыруға алып келеді. Мұнайлы емес түсімдердің көлемі биылғы жоспарға қарағанда 973,2 млрд теңгеге немесе 18,3%-ке өсумен, 2019 жылға 6,3 трлн теңге мөлшерінде жоспарланып отыр. Өзгерістердің басты факторлары жобалау офисінің жұмыс нәтижесі ретінде болжанатын экономиканың даму қарқындарының ұлғаюы, салықтық әкімшілендіруді жақсарту және салықтардың жиналу тиімділігін арттыру болды.

Республикалық бюджет жобасы бюджет тапшылығын 2019 жылы ЖІӨ-ге 1,5%-дан 2021 жылы 1,3%-ға дейін төмендету есебінен борышты қауіпсіз деңгейде ұстап тұру міндетін іске асыруды қамтамасыз етеді. 2019 жылы республикалық бюджет шығыстары осы жылдың жоспарынан 11%-ға өсіп, 10,7 трлн теңгені құрайды (2020 жылы — 11,1 трлн теңге, 2021 жылы — 11,4 трлн теңге).

«Әлеуметтік блоктың шығыстары 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының жаңа адами капиталын құрудың жүйелі реформасына толығымен байланысты және үш жылдық кезеңде 15,7 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2019 жылы – 4,8 трлн теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінен 45%-ды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 49,1%-ды құрайды», — деді Ә. Смайылов.

Қаржы министрінің мәлімдеуінше, Президенттің Жолдауын іске асыру үшін әлеуметтік блоктың шығыстары 107 млрд теңгеге ұлғайтылды, ол 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеге дейін көтерумен, үш жылда мектептерді салу көлемдерін 50 млрд теңгеге ұлғайтумен, сондай-ақ мектеп психологтарының жұмысын күшейту қажеттілігімен байланысты.

«Экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға арналған шығыстар экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету, технологиялық жаңғырту, цифрландыру саясатын іске асырумен байланысты және орта мерзімде 4,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 2019 жылға – 1,8 трлн теңге. Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру барысында осы бағыт бойынша шығыстар үш жыл ішінде 600 млрд теңгеден аса сомаға, оның ішінде 2019 жылы 215 млрд теңгеге ұлғайтылды», — деді Ә. Смайылов.

Бұдан өзге, үш жыл ішінде қосымша 190,4 млрд теңгені өңдеу өнеркәсібі мен экспортты дамытуға бөлу ұсынылды. БЖК–2020 бағдарламасы аясында шағын және орта бизнесті дамытуға үш жылға қосымша 90 млрд теңге немесе жыл сайын 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражаттарды кәсіпкерлерді несиелеу бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға пайдалану ұсынылып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға үш жыл ішінде 300 млрд теңге немесе жыл сайын 100 млрд теңге бөлінбек. Үш жылдық кезеңде арендалық тұрғын үй шығынын 30 млрд теңгеге немесе жыл сайын 10 млрд теңгеге арттыру ұсынылуда.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының Жолдауын және «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру үшін үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасында 2,4 трлн теңге қарастырылған, оның 817 млрд теңгесі 2019 жылға жоспарланған.

Өз кезегінде, Ұлттық банк төрағасы Д. Ақышев ақша-несие және бюджет саясатын үйлестіру экономиканың тұрақты дамуының қажетті шарты екенін айтты. 2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттегі өзгерістердің параметрлері Үкімет пен Ұлттық банктің макроэкономикалық болжамдарына негізделіп жасалған.

Ұлттық банк инфляциялық нысаналау саясатын әрі қарай да жүргізе береді. Ұлттық банктің 2019 жылға арналған негізгі мақсаты инфляцияны 4–6% дәлізінде ұстап тұру. Бұл дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерінің индекстеу параметрлерін есептеу үшін пайдаланылды. Инфляциялық үдерістерді реттеу үшін пайыздық мөлшерлемелердің ақша-несиелік каналы негізгі қызмет атқарады. Бұл — негізгі құрал ретінде мөлшерлеме дәлізін анықтайтын Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі қала береді деген сөз. Ұлттық банк елдегі белгіленген және күтілетін инфляцияның мөлшері, сондай-ақ сыртқы факторларға қарап мөлшерлемені белгілейтін болады.

«2018 жылдың тоғыз айында инфляция 3,3% болды, 2018 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляция деңгейі 2017 жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда 6,1%-ға дейін төмендеді. Инфляция тәуекелін төмендету үшін 15 қазанда базалық мөлшерлеме 9%-дан 9,25%-ға дейін өсті», — деді Д. Ақышев.

Келер жылы Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін жұмысын жалғастырады. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тәуекелге бағдарланған тәсіл енгізіліп, тиісті заңдар мен қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданады. Сондай-ақ, тәуекелдерді басқару жүйесін капиталдандыру деңгейіне қойылатын талаптар күшеймек. Банк секторын оңалту және оларды бақылау әрі реттеу үшін енгізілетін жаңа тәсілдер негізгі банктер үшін тәуекелді анағұрлым төмендетеді.

«Ұлттық банк Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында, әсіресе негізгі секторларға несие беру тапсырмасын орындауға басты басымдықты беріп отыр. “7–20–25” бағдарламасы әрі қарай жүзеге асырылады. Біздің бағалауымыз бойынша 2019 жылы банктік несиелердің көлемі 10%-ға артады. Ұлттық банк тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін қаржы нарығындағы тұрақтылық пен баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бар шараларды қолданады», — деді Ұлттық банк төрағасы.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Парламент Мәжілісі депутаттарының сауалдарына жауап бере отырып, экономиканың мақсатты өсуін қамтамасыз ету үшін жобалық басқару жүйесінде әр сала бойынша индикатор қойылған 12 бағыт, яғни 8 салалық және 4 өтпелі бағыт анықталғанын айтты. Жобалық кеңсе министрліктер мен әкімдіктерде де құрылған.

Б. Сағынтаев Мемлекет басшысының Жолдауында қарапайым заттар экономикасы мен әлеуметтік экономиканы, яғни денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету салаларын дамыту туралы тапсырма бергенін еске салды. Осылайша, Президент Ұлттық банкке экономиканы несиелендіруді бастау үшін 600 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.

Бүгінгі күні Үкімет Қаржыгерлер қауымдастығының қатысуымен Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банк өкілдерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бөлінген қаражатты экономикаға тарту механизмі туралы келіссөздер жүргізді. «Негізгі параметрлер анықталды: бұл қаражат мерзімділік, төлем және өтеу шарттарымен берілуі тиіс. 600 млрд теңгенің 300 млрд теңгесі Ұлттық банктен, қалған 300 млрд теңгесі Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан болмақ. Негізгі мөлшерлеме 11% деңгейінде белгіленеді (яғни, БЗЖҚ-ның қаражаты нарықтық мөлшерлемемен бөлінеді), ал қосымша 4% — екінші деңгейлі банктердің пайызы, себебі негізгі тәуекелді банктер көтереді. Барлығы 15% болады. Бұл нарық үшін де, бизнес үшін де ауыр.

Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы» аясында мемлекет 7 пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды, яғни шағын және орта бизнес үшін 8 пайыз деңгейінде болады. «Атамекен» ҰКП-мен бірге түрлі салалардағы 4 мыңнан астам жоба тізімі жасалды. Екінші деңгейлі банктер өздерінің жоба бойынша ұсыныстарын беруді аяқтап қалды.

Премьер-Министр 600 млрд теңгенің 300 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне, 200 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешен мен өңдеу өнеркәсібіне, 100 млрд теңге шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталатынын айтты. Қазіргі уақытта басым бағыттар анықталуда. Осы жылдың қараша айында тиісті құжаттар дайындалады, желтоқсан айының басында жобалардың дайындығына байланысты екінші деңгейлі банктер қаржыландыруға кіріседі. 2018 жылы Ұлттық банк 100 миллиардтан астам теңге бөлген болатын.

Сонымен бірге, Елбасы елімізге қажетті жобалардың басымдықтарын қайта қарау міндетін жүктеді. Осы бағытта Үкімет экономика мен халыққа қажетті негізгі жобаларды анықтайды. Мәселен, қант бағасының тұрақтылығын сақтау үшін — елімізде заманауи ірі қант зауыттарын салуды бастау қажет. Бұл ішкі қажеттілікті қауіпсіз деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету мәселесі апта сайын, сейсенбіде, Үкімет отырыстарында әкімдіктермен пысықталады. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің әр позициясы бақылауға алынған. Реттелетін қызметтер тарифтерінің иинфляцияға қосар үлесі туралы айтатын болсақ, бұл көрсеткіш 1,2% деңгейінде жоспарланған. Қазіргі кезде бұл үлес 0,4% деңгейінде, яғни тарифтер инфляция өсіміне айтарлықтай әсер етіп жатқан жоқ.

Жиын соңында Премьер-Министр депутаттарға үш жылдық бюджет жобасының қабылданғаны үшін алғыс білдірді. Бақытжан Сағынтаев биыл бюджеттің айрықша маңызға ие екенін атап өтті, себебі мұнда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы барлық тапсырмалары қамтылған, және жоба оларды жүзеге асыруға бағытталған. Осыған байланысты Үкіметтің бүгін қабылдап, мақұлданған үш жылға арналған іс-қимыл жоспары екі кезең бойынша орындалады. Бірінші кезең — жылдың соңына дейін, екіншісі — 2019 жылдан бастап іске асырылады. Барлық жұмыстар Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталады. Премьер-Министр барлық тапсырмалар орындалатынын және депутаттардың айтқан ұсыныстары мен ескертулері Үкіметтің алдағы жұмысында ескерілетінін атап өтті.

Бұдан өзге, Парламент Мәжілісінің отырысы барысында депутаттар «ҚР Ұлттық қорынан 2019–2021 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады. Оған қоса, «Кинематография туралы» заң жобалары мен түзетулер туралы ілеспе заң мақұлданды.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 31 қазан 2018

Мұрағат

Қазан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту