Қазақстан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Венгрия Республикасының үкімет мүшелерімен және осы елдің ірі компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді.

Тимур Сүлейменов пен Венгрия вице-премьері – қаржы министрі Михай Варга Будапештте қазақстандық-венгерлік іскерлік кеңестің екінші отырысының жұмысын сөз сөйлеп, ашты.

«Қазақстан Венгрияның ТМД елдерінің ішіндегі ең басты әріптесі болып табылады. Астана-Будапешт тікелей әуе рейсі ашылғаннан бері 40 мыңнан астам жолаушы «Wizz Air» венгерлік әуе тасымалдаушысының қызметін пайдаланған. «MOL Group» мұнай-газ компаниясы 10 жылдан аса уақыттан бері қазақстандық нарықта табысты жұмыс істеуде», - деді вице-премьер.

Михай Варга сондай-ақ 2019 жылғы көктемде өкілдік бизнесмендер делегациясын Қазақстанға жіберу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Өз кезегінде ҰЭМ басшысы венгерлік жоғары технологиялық және ауыл шаруашылық компанияларын ЕАЭО нарығына еркін қол жеткізе алатын және Қытаймен шекараласатын ҚР-ға инвестиция салуға шақырды. Ол венгерлік әріптестеріміз бен бизнесмендерді Қазақстанның экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндігі туралы қысқаша хабардар етті. Тимур Сүлейменов Қазақстанның транзиттік әлеуетінің зор мүмкіндігін айрықша атап өтті. Doing Business рейтингі, АХҚО, іскерлік және инвестициялық ортадағы іске қосылған шаралар мен жоспарлар венгерлік бизнесмендердің ерекше қызығушылығын туғызды.

Министр сондай-ақ екі жақтың университеттерінде оқып жатқан студенттердің маңызды рөліне, екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық байланысты одан арғы тереңдетуге назар аударды.

Сонымен қатар, Михай Варга Тимур Сүлейменовпен кездесу барысында венгерлік жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық студенттерге арналған гранттарды 200-ден 250-ге дейін көбейту жоспары туралы хабарлады.

Сонымен бірге, Тимур Сүлейменов Венгрия Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийяртомен кездесті. Ол Қазақстандағы ЭЫДҰ шеңберіндегі жұмыстар, ақпараттық технологиялар, құрылыс, энергетика, қаржы, ауыл шаруашылығы, туризм және басқа да салалардағы ынтымақтастықтың болашағы туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар, Венгрия сыртқы саясат ведомствосының басшысы Түркі кеңесінің шеңберіндегі ынтымақтастықты кеңейту жоспарымен бөлісті. Сийярто Венгрияның Қазақстан азаматтарына Шенген аймағында визасыз режим белгілеуге мүдделі екендігін жеткізді. Сондай-ақ венгерлік министр «Wizz Air» Астана мен Будапешт бағыты бойынша 2019 жылғы қаңтардан наурызға дейін аптасына екі рейстің орнына аптасына бір рейсті жүзеге асыратынын хабарлады. Оның айтуынша, бұл венгерлік тараптың инфрақұрылымдық жұмыстарды орындауына байланысты. Наурыздың соңынан бастап, әуе тасымалдаушы бұрынғы мерзімділікті, яғни аптасына екі дүркін сапарды қайта жалғастырмақ.

Бұдан басқа, ҰЭМ басшысы «iCell», «Будапешт су арнасы» және «Creatio» компанияларының басшыларымен кездесу өткізді. «iCell» ел аумағында транзиттік көлікке арналған ақылы автожол жүйесін енгізудің табысты тәжірибесімен таныстырды. Есте қаларлығы, компанияның сату жөніндегі менеджері Ақан Жұмабаев өз таныстырылымын қазақ тілінде бастады. Ол Венгрияда бакалавриат және магистратура бітірген. Қазіргі уақытта жүйені Қазақстанға тарту мәселесімен айналысуда. Оның айтуынша, жүйе кірістілігі жөнінен Еуропада рекордтық көрсеткішке жеткен және Венгрия азаматтарының иығына ешқандай қосымша салмақ түсірмейді. Компания сондай-ақ салық жинау, мобильдік төлемдерді басқару жүйесі, ақылы көлік қоятын орындар бойынша жұмыстарды жолға қойған.

Сонымен қатар, «Будапешт су арнасы» ЖАҚ аймақтық директоры Янош Гомбасегимен кездесу барысында министр Тимур Сүлейменов компанияның сумен жабдықтауды жүйенің төзімділігі жағынан да, жеткізу кезіндегі ысыраптың аздығы есебінен де жақсарту жүйесін енгізуде 40 жылға жуық тәжірибесі барлығын білді. Компанияның Еуропадағы ең ірі кәріздік-тазарту стансасы бар. Ол су тазарту кезінде 1,6 миллион адамға шақ биогаз өндіреді. Жүйе күніне 330 000 текше метр су тазартады. Гомбасегидің айтуынша, компания кешенді түрде қала, шағын елді мекен тұрғындарына, өнеркәсіптік кәсіпорындарға су жеткізу мәселесін шешеді. Қашықтан басқарылатын өздері жасаған мобильдік су тазарту жүйесі бар. Ол дүлей апат кезінде пайдалануға қолайлы, екі мыңнан 20 мыңға дейінгі адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Бұл ретте жүйе ақырғы тұтынушы үшін сапаны төмендетпей, рекордтық аз тарифпен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта компанияның Қазақстанға жергілікті атқарушы органдармен және орталық мемлекеттік органдармен жұмыс істеу үшін келу сапары пысықталу үстінде.

Бұдан әрі, «Creatio» компаниясының тең негізін қалаушыға министр ҚР Үкіметінің Түркістан облысын дамыту жоспары туралы баяндады. Ол сондай-ақ шетелдік инвесторларды қолданыстағы тарифтер мен ынталандыру шараларымен таныстырды. «Creatio» құрылыс компаниясы жасыл технологияларды пайдалану арқылы өршіл архитектуралық шешімдерді іске асыру бойынша жоғары халықаралық тәжірибеге ие. Тимур Сүлейменов компанияны қазақстандық әлеуметтік жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды. Олардың өкілдерінің Астана қаласының және Түркістан облысы әкімдігінің басшылығымен кездесуін ұйымдастыру жоспарлануда.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі

Жарияланды: 23 қараша 2018

Мұрағат

Қараша
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту