Бүгін Астанада Қазақстандағы инвестициялық белсенділіктері үшін инвесторларды жыл сайынғы V марапаттау рәсімі өтті, онда экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды іске асыруға үлес қосқан шетелдік инвесторлар аталып өтті. 10 компания инвестициялық белсенділік танытқандары үшін марапатқа ие болды.

Марапаттау рәсімін ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев ашты. Дәстүр бойынша жыл сайын Франция, Германия, Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және Сингапур елдерінің белсенді инвесторлары марапатталады.

2018 ж. Қазақстанда инвестициялық белсенділік танытқаны үшін келесі компаниялар марапатталды:

Alstom француз компаниясы (электровоз, бағыттама электр жетектер өндірісі);

100-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен Air Liquide француз компаниясы (техникалық газ шығару);

Linde Group неміс компаниясы (техникалық газ шығару);

Solarnet Investment неміс компаниясы (күн электр станциясын салу);

China Gezhouba Cement қытай компаниясы (цемент өнімдерін шығаратын зауыт құрылысы);

CG Corp Global сингапур компаниясы («Lotus» жылдам әзірленетін кеспе шығару зауытын сатып алу);

АҚШ-тың DTN компаниясы (ауа райын дәлірек анықтауға арналған жүйелерді енгізу (дәлме-дәл егіншілік) – 15 метеорологиялық станцияны орнату);

Eczacibasi Holding түрік компаниясы (қағаз түріндегі санитарлық-гигиеналық өнім шығаратын зауыт құрылысы, қорғасын-күміс кендерін өңдеу);

«Лукойл» ресейлік компаниясы (жағармай өндіру зауытының құрылысы);

БАӘ-ның Phoenix компаниясы (экструдтық жем өндірісі).

Т. Тоқтабаев атап өткендей, арасында трансұлттық корпорациялар, әлемдік көшбасшылар, ірі салалық ойыншылар да бар бүгінгі іс-шараның он иегері $1 млрд астам сомаға жобаларды іске асырып жатыр, 2500-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылуда. ҚР ИДМ мәліметінше, тәуелсіздік жылдары шетелдік инвесторлардың қатысуымен 200-ден астам инвестициялық жоба іске асырылды, 300-ге жуық жаңа бастама іске асырылып жатыр және пысықталу үстінде. Тек биылдың өзінде жаңа 30 жоба пайдалануға берілді. Вице-министрдің айтуынша, бұл жобаларды іске асыруда шетелдік елшілер мен дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ «Қазақстанның Шетелдік инвесторлар кеңесі» (ҚШИК), «Франция–Қазақстан» Сауда-өнеркәсіптік палатасы, Қазақстанның Еуропалық Бизнес Қауымдастығы (ҚЕБҚ), «Түркия және Қазақстан бизнесмендерінің қауымдастығы» тәрізді шетелдік инвесторлар қауымдастықтары және тағы басқалары маңызды рөл атқарды.

Бүгінгі шараның басты мақсаты — Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шетелдік инвесторларды бірлескен жобаларды іске асыру үшін бұдан да белсенді болуға ынталандыру, жаңа инвесторлар тарту, түрлі мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар арасында инвестициялар тарту саласында өзара іс-қимылды жақсарту. Іс-шараға шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің, іскерлік қауымдастықтар мен компаниялардың басшылары қатысты.

Т. Тоқтабаев Мемлекет басшысының қолдауының арқасында, сонымен қатар Үкіметтің шетелдік серіктестерімен тығыз бірлескен жұмысының нәтижесінде Қазақстан бүгінгі таңда инвестициялар тарту бойынша өңірлік көшбасшыдан шетелдік капиталды, технологиялар мен құзыреттерді тартудың халықаралық орталығына айналып отыр. Қазіргі кезде Дүниежүзілік банктің «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингінде жүргізілген реформалардың арқасында Қазақстан 190 елдің ішінде 28-ші орынды иеленіп отыр және тікелей инвестицияларды тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы саналады. Тәуелсіздік жылдары ел экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағымы $300 млрд-тан астам болды.

Қазақстан айтарлықтай жетістікке қол жеткізді – кәсіпкерлік саласындағы заңнама айтарлықтай ырықтандырылып, біздің ел ЭЫДҰ Инвестициялық комитетінің ассоциацияланған мүшесі болды әрі Халықаралық инвестициялар туралы декларацияға қосылды. Елде 12 арнайы экономикалық және 22 индустриялық аймақ бар, салықтық және кедендік жеңілдіктер, сондай-ақ инвесторларға өзге де жеңілдіктер мен қолдау көрсетіледі.

Бұдан басқа, елімізде диалогтық алаңдар — Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес және омбудсмен институты бар. Онда ҚШИК, ҚЕБҚ, Қазақстандағы Америка Сауда-өнеркәсіптік палатасы сынды түрлі қауымдастықтармен бірге өзекті мәселелер талқыланады.

Әлемдік үдерістерге сәйкес Қазақстанда бүгінде көлік-логистика саласын, экономиканы цифрландыруды, агроөнеркәсіптік кешенді, жасыл энергетиканы, мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасын, инновациялық кластерлерді, туризмді және т.б. дамыту саласында бірқатар серпілісті бастамалар іске асырылып жатыр. «Экспо–2017» базасында Орталық Азия тарихында алғаш рет ерекше статуспен және құзыретпен «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызмет көрсете бастады. 2019 жылдан бастап әлемнің үздік үлгісі бойынша шикізаттық емес секторға Тікелей инвестициялар қоры жұмыс істей бастайды, ол ірі және серпілісті жобаларды іске асыру мақсатында шетелдік инвесторлармен бірлесіп тең инвестиция салады.

Air Liquide компаниясының Шығыс Еуропа мен ТМД бойынша вице-президенті Оливье Ранде өз марапатын ала отырып, инвестициялар тарту саласындағы сындарлы саясаты үшін Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың атына алғысын білдірді.

«Биыл 1 қыркүйекте біз Павлодар мұнай өңдеу зауытында сутекті қондырғыны іске қостық. Біз үшін осы шетелдік инвесторларды марапаттау рәсіміне қатысу – ерекше құрмет. Адам капиталының дамуы мен экономиканың табысты өсуіне салып отырған Қазақстанның үлесін лайықты бағалаймыз», — деді Air Liquide өкілі.

«Лукойл» ЖШС бас директоры Андрей Матюхов өз кезегінде Қазақстан жерінде 20 жыл уақыт жұмыс істеген жылдары жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.

«Мұндай марапатты иелену зор қуаныш. Бүгін біз Алматы облысында қуаттылығы 100 мың т болатын майлау материалдарын өндіретін зауыт құрылысының жобасын іске асырып жатырмыз. Бұл елде өте қолайлы инвестициялық ахуал жасалғанын айта кеткім келеді», — деді А. Матюхов.

Solarnet Investment компаниясының күн электр станциясын салу жобасын әзірлеуші ​​Ян Зоненшайн да Қазақстанда жүргізіліп отырған қолайлы инвестициялық саясатты атап өтті.

«Қазақстанда аз ғана уақыттың ішінде кәсіпорын тұрғызу біз үшін оңай болған жоқ.. Біз осы жылдың шілде айында құрылыс жұмыстарын бастадық, енді желтоқсан айында жұмысты бастауға толықтай дайынбыз. Қолымыздан келгеніне қуаныштымыз. Қазақстан билігі толықтай қолдау көрсетті. Мен бұл елде еш кедергіні көрмедім. Осындай марапатқа ие болғанымызға өте қуаныштымыз», — деді Ян Зоненшайн.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 14 желтоқсан 2018

Мұрағат

Желтоқсан
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту