Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен 29 шілдеде ҚР Президенті жанындағы «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Бұл туралы  ҚР ҚОСРМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес отырысына бірқатар орталық мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Басқосуда Кеңестің ағымдағы жылға арналған қызмет жоспары мен кестесін бекітіліп, жұмыс топтарының құрамдары белгіленді.

Отырыстың жалғасында жаһандық климаттық өзгеру мен Қазақстанның осы жағдайға бейімделу механизмдеріне қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

Потсдамдық климаттың әсерін зерттеу институтының профессоры Юрген Кропп (ГФР) осы жаһандық үдерістің Орталық Азия аймағында тудыратын қауіп-қатерлер мен мүмкіндіктер жөнінде баяндама жасады.

Ол Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен БҰҰ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұйымының бастамасымен құрылған Үкіметаралық сарапшылар тобының бесінші есептік баяндамасының нәтижелеріне сүйеніп әзірленген Орталық Азия аймағына арналған болжамды ұсынды. Баяндамада климаттың өзгеруінің себептері мен оның салдарынан туындаған проблемаларды шешу жолдары бойынша сарапшылардың пікірі берілді.

Климаттың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа ықпал ету механизмдері жөнінде ресейлік Экономикалық жоғары мектептің қоршаған орта және табиғи ресурстар экономикасы орталығының директоры Георгий Сафонов мәлімдеді.

Климаттың өзгеруі үдерісінің Қазақстан экономикасына тигізетін әсері жөнінде ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров баяндады.

Министр климаттың өзгеру үдерісінің жете зерттеліп, үздіксіз бақылауда болуын қажет ететіндігін атап өтті. Сондай-ақ осы мәселелерді ұлттық мүдделер тұрғысынан жан-жақты қарастыратын зерттеулердің қажеттігін жеткізді.

Баяндамада климаттың өзгеруінің ауыр салдарына ұшырауы мүмкін аймақтар мен экономика салалары аталып өтті.

Кеңес Үкіметтің қарауына халықаралық сарапшылардың қолдауымен дайындалған ұсыныстар енгізді. Осы ұсыныстардың негізінде Қазақстанның климаттың өзгеру жағдайларына бейімделуі мен оның салдарын азайту үшін қажетті  кешенді шаралар қабылданбақ.

Отырысты қорытындылай келе, Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдардың басшыларына Үкіметке Кеңес мүшелерінің пікірлері ескерілген ұсыныстарды енгізу және Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі Тұжырымдаманың іс-шаралар жоспарының орындалуын қамтамасыз ету бойынша бірқатар тапсырма берді. 

ҚазАқпарат

Жарияланды: 30 шілде 2014

Мұрағат

Шілде
2014
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту