Нью-Йоркте жалғасып жатқан сапары шеңберінде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов кеше, 25 қыркүйекте Кариб қауымдастығына (КАРИКОМ) кіретін елдер СІМ басшыларының кездесуіне қатысты.

Бұл туралы сыртқы саяси ведомоствоның баспасөз қызметінен хабарлады. 

Қазақстан сыртқы саяси мекеме басшысының екіжақты кездесулері  географиялық тұрғыдан кең ауқымды - Азия, Африка, Еуропа және Кариб бассейні елдерін қамтыды. Е.Ыдырысов Ауғанстан СІМ басшысы З.Османи, Ангола - Дж.Чикоти, Бурунди - Л.Кавакури, Комор аралдары - Э.-А. Саид Хассанэ, Непал - М.Бахадур, Чехия СІМ басшысы Л. Заоралекпен кездесті Сұхбаттастар екіжақты ынтымақтастық, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара ықпалдастық, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдар аралығында тұрақты емес мүшелікке ұсынысын талқыға салып, халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.

Сондай-ақ ҚР СІМ басшысы Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Т.Ягландпен, ЮНЕСКО Бас директоры И.Боковамен және БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары Г.Ачариямен  келіссөздер жүргізді. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі кеңейту және өз бағыттары бойынша нақты жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Ал G7+ тобының сыртқы істер министрлерімен жүздесуде Е.Ыдырысов Қазақстанның саяси тұрақты, қарқынды дамып келе жатқан ел, әлем қауымдастығының беделді, сенімді серіктесі  ретінде орнығуына қысқаша шолу жасап, еліміздің энергетика, экология, ядролық қаруды таратпау салалары бойынша жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін айта келе, Ауғанстанды қалпына келтіруге, бітімгерлік миссияларға қатысқанын, сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігіне қолдау көрсету мәселелеріндегі еліміздің мүмкіндіктерін атап өтті. G7+ тобының СІМ өкілдері ҚР-ның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдар аралығында тұрақты емес мүшелікке ұсынысын оң бағалады.

КАРИКОМ елдерінің СІМ басшыларының жыл сайынғы кездесуіне қатысу шарасы аса пайдалы болды. Е. Ыдырысов әріптестерін Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясымен, 2014-2020 жылдарға арналған еліміздің сыртқы саяси тұжырымдамасымен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстанның Латын Америкасы және Кариб бассейні өңірінде дипломатиялық қатысуын кеңейтуге мүдделі екенін атап өтті. Ол Қазақстан мен КАРИКОМ ұстанымдарының көп жерде ұқсас келетіндерін, әсіресе, «жасыл» экономикаға өту талпыныстарын атады. Осыған орай, Е. Ыдырысов әріптестерін Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды. Көрме туралы толық ақпарат «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ атынан арнайы өткен тұсаукесер барысында таратылды.

ҚазАқпарат

Жарияланды: 26 қыркүйек 2014

Мұрағат

Қыркүйек
2014
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту