Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде Үкіметте өткен кеңесте 2013-2014 жаңа оқу жылына дайындықты ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың айтуынша, «алдағы оқу жылында республика мектептерінде 2,5 миллионнан астам шәкірт білім алатын болса, қырқүйектің басында мектептерде 292064 ұстаз, оның 9645-і жас мұғалімдер жұмысқа кірісетін болады. Бүгінгі күнге математика, химия, физика, ағылшын тілі сияқты салалық пәндер бойынша барлығы 1934 мұғалімге сұраныс бар».

Б.Жұмағұловтың хабарлауынша, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде 15184 балаға барлығы 59 млн. теңгеден астам қаржының көмегі көрсетілді. Жалпыға бірдей білім беру қорының қаржысын 3%-ға дейін арттыру мақсатында 8,5 миллиардтан астам теңге бюджеттік қаржы қарастырылған.

Министрдің сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылдың 1 қырқүйегіне биылға жоспарланған 159 жаңа мектептің 77-сі ашылса, қалғанын осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Күрделі жөндеуді қажетсінген 439 мектептің 32%-ын жөндеуге қою қарастырылып, оған 19,3 млрд. теңге, оның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 14,2 млрд. теңге бөлінеді.

Министр сонымен қатар, 6183 мектепте ондағы оқушылардың 80%-на ыстық тамақ берілетінін, 2015 жылға қарай бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отырғанын, тегін тамақпен негізінен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың қамтылып отырғанын айтты.

Кеңесте сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, Ақтөбе облысы әкімі А.Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі А.Мұсаханов, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары С.Қаныбековтың есептері тыңдалды.

Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау мен Төтенше жағдайлар министрлерінің назарын медициналық қызмет көрсету, ыстық тамақпен қамту, санитарлық талаптарды, өрт қауыпсіздігі ережелерін сақтау бойынша қатаң бақылау жасау қажеттігіне аударды.

С.Ахметов жаңа оқу жылына білім беру мекемелері дайындығының маңыздылығын атай отырып, «мектептер көптеген аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендер үшін білім мен мәдениет орталықтары болып табылады, сондықтан бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдармен бірге, орталық атқарушы органдар үшін де басымдықты мәселе болуы тиіс»,-деді Үкімет басшысы.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, С.Ахметов апатты мектептер мен үш аусымдық мектептерді жою міндетін қойды. «Үшжылдық бюджетті қалыптастыру кезінде әкімдер білім беру саласын қаржыландыруға байланысты мәселелерді қатаң қоюы қажет»,-деп түйіндеді С.Ахметов.

Үкімет басшысы сондай-ақ облыстар әкімдеріне, Білім және ғылым министрлігіне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп 29 тамызға дейін жаңа оқу жылына дайындықты аяқтауды тапсырды. ӨДМ-ге салынып жатқан мектептерді уақытында пайдалануға беру, өрт қауыпсіздігі мен санитарлық нормаларды сақтауға бақылау жасау міндеттелді.

ҚР Премьер- Министрінің баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты www.primeminister.kz сайтынан көріңіздер

Жарияланды: 21 тамыз 2013

Мұрағат

Тамыз
2013
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту