Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режимде өткен Үкімет отырысында «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы қабылданды.
Үкімет басшысы қаралған мәселенің маңыздылығына тоқтала келе, «Мемлекет басшысының 2015 жылға дейін энергия қуатын пайдалануды жылына 10%-ға дейін азайту міндетін қойғанын», атап көрсетті. Бұл межеге жету үшін үстіміздегі жылдың 1 қырқүйегіне қарай «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасын дайындап, бекіту тапсырылды.
Бұл мәселе бойынша Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрлан Сауранбаев баяндады. Оның сөзіне қарағанда, «энергия үнемдеу саласында энергия тиімділікті экономикаға көшуге алғышарттар жасалып, қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. ҚР «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» жаңа Заңды жүзеге асыру бойынша 22 нормативтік-құқықтық актілер бекітілді».
Вице-министр «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасының бағыттарына тоқталып, оны жүзеге асырудың шаралары туралы баяндады. Атап айтқанда, 3000-нан астам энергия тұтыну нормативтері белгіленіп, энергия тиімділігі бойынша 200-ден астам техникалық стандарттар талаптары бекітілген, ғимараттар мен қарапайым тұрмыстық энергия пайдаланатын құралдар үшін энергия тиімділігі санаттары енгізілуде, бұл ережелерді сақтау бойынша қатаң бақылау мен мониторинг жүргізіліп жатыр.
Вице-министрдің хабарлауынша, 16 өңірлік және 5 салалық энергия үнемдеу жоспарлары орындалуда, Мемлекеттік энергетикалық тізілімдегі нысандар тізбесіне 11712 субьект енгізілген. Оның ішінде 727 өндірістік, 2938 мемлекеттік кәсіпорындар, 8000 мемлекеттік мекемелер бар.
«Заңға сәйкес барлық ірі энергия тұтынушылары үшін ауқымды энергия аудиттерін жүргізуді бастауға старт берілді. 2015 жылдың шілдесіне дейін 2 мыңнан астам өндірістік кәсіпорындар энергия аудитінен өтуі тиіс. Сонымен бірге, 50%-дан астам энергия қуатын пайдаланатын өндірістік секторлар айрықша назарда болады,-деді Н.Сауранбаев.
Энергия аудиті қортындылары бойынша жасалған ірі энергия тұтынушылардың энергия үнемдеу жоспарларын жүзеге асыру жұмыстары келесі жылдан басталады деп жоспарлануда. 2015 жылдан бастап энергия аудиті нәтижелеріне сәйкес өнеркәсіп және энергетиканы жаңғырту, үйлер мен бюджеттік секторларды терможаңғырту, автопарктерді жаңарту, диодтық жарықтандыруға көшу, құрылыстарды энергия тиімділікпен жүргізу сияқты негізгі кезеңдік жұмыстар жүргізілетін болады.
Энергия үнемдеу саласында мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылмақ (гранттар, технологиялық бизнес-инкубациялау), «Өнімділік-2020» бағдарламасы арқылы энергия тиімділігін арттыру тетіктері кеңеюде.
Министрдің орынбасары айтқандай, Мемлекет басшысының Бағдарламаның басты мақсатты индикаторы болып табылатын 2013-2015 жылдары ІЖӨ-нің энергия жұмсағыштығын жылына 10%-ға азайту туралы тапсырмасын жүзеге асыру бойынша шаралардың жоспары 1 182 214 144 мың. теңге көлемінде 78 шараны қарастырады. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 145 624 мың. теңге, жергілікті бюджеттен 9 830 936 мың. теңге, сондай-ақ бюджеттен тыс қаржы көздерінен 1 177 153 052 мың. теңге тартылмақ.
Сөз соңында Н.Сауранбаев бағдарламаның табысты жүзеге асырылуы экономиканы жаңғыртуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
Бұл мәселе бойынша қосымша баяндамашы Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй секторындағы энергия үнемдеудің мәселесіне назар аудартты. Ол 2011-2020 жылдарға арналған ТКШ-ты жаңғырту Бағдарламасы аясында 30%-ға дейін жылу тұтынуды үнемдеуге мүмкіндік беретін терможаңғырту элементтері қолданылатын тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, 2014-2016 жылдары жылу өндіргіштігі 1-ден 100 Гкал/сағ болатын 892 қазандықты кешенді тексеру жоспарланып отырғанын атап өтті.
Қ.Өскенбаевтың айтуынша, « Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында энергия тиімділікті Орталықтар құрылыстары жүргізілуде. Энергия үнемдеу мен энергия тиімділікті технологияларды және материалдарды көрсетуге арналған құрылыс алаңдарын үстіміздегі жылы аяқтау көзделіп отыр».
Отырыста сондай-ақ ТКШжәне құрылыс ұлттық палатасы басқармасының төрағасы Т.Рақымбеков, Павлодар облысының әкімі Е.Арын, Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Ноғаев сөйледі.
Қаралған мәселені қортындылай келе, Үкімет басшысы қабылданып жатқан бағдарламаның маңыздылығын атай отырып, энергия тиімділігін арттыру инновациялық шешімдер енгізуге, ғылымды дамытуға, жаңа технологияларды трансферттеуге ынталандыратынын, бұның өндірістегі, ТКШ-тағы, көліктегі энергия тиімділігінің жаңа үлгілерін көрсететініне тоқталды.
«Барлық орталық, жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеуді насихаттау бойынша жұмыстарды күшейту, адамдарымызға энергия үнемдеудің пайдасын нақты көрсете отырып, оларды оқыту қажет деп есептеймін»,-деді С.Ахметов.

ҚР Премьер- Министрінің Баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты www.primeminister.kz сайтынан көріңіздер

Жарияланды: 27 тамыз 2013

Мұрағат

Тамыз
2013
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту