Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы «19» қарашадағы № 106-ө өкімі

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанидің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанидің 2015 жылғы 19-20 қарашада Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу мақсатында:

1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша) белгіленген тәртіппен қосымшаға сәйкес «1+8» форматы бойынша Ауғанстан Ислам Республикасының ресми делегациясы мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2015 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

  1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ауғанстан Ислам Республикасының ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
  2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі белгіленген тәртіппен:

1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанидің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын;

2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды;

3) cапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етсін.

  1. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Ауғанстан Ислам Республикасының ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу кезінде тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.

6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғанидің құрметіне берілетін ресми қабылдау кезінде концерттік бағдарламалар ұйымдастыруды және іс-шараларға қажетті техникалық қолдау көрсетуді (дыбыспен, жарықпен қамтамасыз ету және сахнаны безендіру) қамтамасыз етсін.

7. Астана қаласының әкімдігі Ауғанстан Ислам Республикасының ресми делегациясын әуежайда қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының орындалуын, әуежайды және көшелерді безендіруді, болатын орындарда бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламалар ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.

8. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі (келісім бойынша) Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мохаммад Ашраф Ғаниді ресми қарсы алу және шығарып салу рәсімдеріне қатыссын.

9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

 

Премьер-Министр                                                                      К. Мәсімов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу