Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 сәуірдегі  №523 қаулысы

Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірістік экологиялық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі  К.МӘСІМОВ

Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2012 жылғы 26 сәуірдегі  №523 қаулысымен   бекітілген
Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірістік экологиялық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірістік экологиялық мониторингті ұйымдас­тыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленген және Каспий теңізінің қазақ­стандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірістік экологиялық монито­рингті (бұдан әрі – ӨЭМ) ұйымдастыру және жүргізу тәртібін айқындайды.
Қағидалар әрекетінің аумақтық шекаралары Каспий теңізінің қазақстандық секторының (су бетінің айнасы) барлық акваториясына қолда­ны­лады. Қағидалардың қолданылу аймағына Каспий теңізінің қазақстандық секторына құя­тын өзендердің сағалық учаскелері, мүйістер, шығанақтар мен теңіз портының акваториясы қамтылады.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бентос – тіршілігінің барлық немесе көп бөлігін мұхит және континенттік су айдын­дарының түбінде, оның топырағында және топырақта қозғалып және отырып та (жабысып) өмір сүретін ағзалардың жиынтығы;
2) зоопланктон – планктонның жануар түріндегі нысаны;
3) су түбінің тұнбалары – тұрақты, қозға­ла­тын су объектісінің түбінде жүзінділерден бөлі­ну нәтижесінде тұндырылған қатты материал;
4) теңіз ортасының компоненттері – атмос­фералық ауа, теңіз суы, су түбінің шөгінділері, теңіз флорасы мен фаунасы;
5) теңіз ортасы – қоршаған ортаның фи­зикалық, геологиялық, химиялық және биоло­гия­лық факторларының теңіз акваториясының үстінде су қабатымен және әуе кеңістігімен шектелген байланысы;
6) фитопланктон – теңіз және тұщы су айдындарының су қабатында орналасатын және ағынмен пассивті орын ауыстыратын өсімдік ағзаларының жиынтығы;
7) ӨЭМ станциясы – қоршаған ортаның метеорологиялық, гидрологиялық, химиялық, физикалық және биологиялық сипаттамасын анықтау үшін сынамаларды байқау/өлшеу/ірік­теу жүргізілетін тіркелген географиялық координаттары бар стационарлық пункт;
8) әсер ету мониторингі – табиғат пайда­ланушының өндірістік қызметі нәтижесінде теңіз ортасы компоненттерінің жай-күйінің өзгеруін зерттеу;
9) бірінші деңгейдегі ӨЭМ станциясы – нүктелік немесе алаңдық объектіден 2-3 км радиуста орналасқан станциялар (бұрғылау платформасы, өндіру платформасы, жасанды арал және басқа объектілер);
10) екінші деңгейдегі ӨЭМ станциясы – мұнайгаз кен орнының барлық аумағын (контур­ланған құрылымдар) қамтитын станциялар;
11) үшінші деңгейдегі ӨЭМ станциясы – барлық келісімшарттық (лицензиялық) аумақты жабатын станциялар;
12) қоршаған ортаға эмиссиялар монито­рингі – өндірістік шығындарды, эмиссия саны мен сапасын және олардың өзгерістерін бақылау үшін көздегі эмиссияларды байқау;
13) операциялық экологиялық мониторинг – табиғат пайдаланушының өндірістік объекті­лер­дегі қоршаған ортаның жекелеген параметр­лерін (теңіз, сарқынды суды, балластық суы және салқындату сулары), сондай-ақ өндіріс және тұтыну қалдықтарын, физикалық әсер ету­лерді (шу, діріл, электромагниттік және иондық сәулелер) байқау;
14) өндірістік экологиялық мониторинг – өз қызметінің әсері нәтижесінде болған, кәсіп­орынның әрекет ету аймағында қоршаған ортаның өзгерісі туралы деректерді жүйелі жинау, сондай-ақ алынған ақпаратты уақытылы баға­лау және болашаққа болжам жасау. Өнді­рістік экологиялық мониторинг қоршаған ортаға эмиссиялардың мониторингін, әсер ету мо­ниторингі мен операциялық экологиялық мони­торингті қамтиды;
15) ӨЭМ бағдарламасы – өндірістік эколо­гиялық бағдарламаның бөлімі, онда мақсаттары мен міндеттері белгіленеді, байқау көлемі, параметрлері, әдістері, жиілігі мен нүктелері анықталады, Қазақстан Республика­сының заң­на­масына сәйкес жүргізілетін зерттеудің сапасы, олардың орындалу мерзімі мен есепті ұсынуы бойынша талаптарға мониторингті ұйым­дастыру мен орындау тәртібі рег­ламенттеледі;
16) лайлану аймағы – жасанды объектілер құрылысы және көлік құралдарының қозғалысы кезінде әсер етуге ұшыраған су түбінің акваториясы мен алаңы;
17) сапробтық деңгей – су қоймаларының органикалық заттармен ластану дәрежесінің сипаттамасы онда тіршілік ететін сапробионтты ағзалардың түрлік құрамымен анықталады;
18) сапробионт ағзалар – құрамында аз мөлшерде суда ерiген оттегі бар органикалық заттармен аса көп ластанған су қоймаларында мекендейтін су ағзалары.
3. ӨЭМ бағдарламасын табиғат пайдаланушы өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы шеңберінде әзірлейді.
4. Келісімшарттық аумақтағы ӨЭМ барлық лицензиялық блок, нақты мұнайгаз кен орны (құрылымы) бойынша және жекелеген өндіріс­тік объектілерде (мұнай операциялары­ның кезеңдерін есепке алғанда) теңіз ортасына зерттеулер жүргізуді қамтиды.
5. ӨЭМ бағдарламасы мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:
1) жүргізілетін мониторинг және оны толтырылу түрлерi (теңіз ортасының бақыланатын/зерттелетін компоненттері: атмосфералық ауа, теңіз, сарқынды, балластық суы және салқын­дату сулары, су түбінің шөгінділері, бентос, фитопланктон, су өсімдіктері, ихтиофауна, орнитофауна, итбалықтар);
2) өндіріс және тұтыну қалдықтары, физикалық факторлар;
3) теңіз ортасының әр компоненті бойынша бақыланатын параметрлердің тізбесі;
4) байқау станцияларының (нүктелерінің) кеңістікте олардың карта-схемадағы координаттары мен орналасқан жерін көрсете отырып орналасуы;
5) байқау кезеңділігі мен ұзақтығы;
6) байқаудың барлық түрлерін жүргізу әдістемесі, ӨЭМ-ді нормативтік-техникалық, әдіс­темелік және метрологиялық қамтамасыз ету;
7) есептерді дайындау мерзімі мен түрлері.
6. ӨЭМ бағдарламаларын әзірлеу кезінде солтүстік Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік-шығыс бөлігінде мұздың болуы есепке алынады, бұл қысқы кезеңде ӨЭМ толық кешенін жүргізуді, сондай-ақ ғарыштық суреттерді құрылыс жұмыстары кезінде лайлану аймағын тіркеу үшін және басқа да мақсаттар үшін пайдалануды шектейді.
2. Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірістік экологиялық мониторингті ұйымдастырудың тәртібі
7. Қоршаған ортаның ӨЭМ Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген өндірістік немесе тәуелсіз зертханалармен жүзеге асырылады.
ӨЭМ нәтижелері бойынша есептік материалдар қолдағы шарттық міндеттемелеріне сәйкес табиғат пайдаланушыға берiледi.
8. Эмиссиялар мониторингі өндірістік объектілердегі эмиссия көзінен жүзеге асырылады және табиғат пайдаланушы үшін белгіленген шығарындылар, төгінділер мен өндіріс және тұтыну қалдықтарын көму лимиттерінің сақталуына мониторингті қамтиды.
9. Каспий теңізінің қазақстандық секторын­дағы әсер ету мониторингі өткізілетін және жоспарланған жұмыстардың түрлері (мұнай операциялары) ескеріле отырып құрылатын ӨЭМ станцияларында жүзеге асырылады. ӨЭМ станцияларын орналастыру схемасы мынадай:
1) бірінші деңгейдегі ӨЭМ станциялары: айналмалы, крест тәрізді, ромб тәріздес болуы мүмкін. ӨЭМ станциялары нүктеліктен (алаң­дық объектіден): 250 м, 500 м, 1000 м, 1500 м қашықтықта және одан әрі әсердiң шекараларына дейiн (осы Қағидаларға 1- қосымша) орналасуы тиіс;
2) екінші деңгейдегі ӨЭМ станциялар арасындағы арақашықтық 2-5 км аспауы тиіс. Кен орны алаңының мөлшері (құрылымы) 20 ш. км дейін болса, ӨЭМ станциялары арасындағы арақашықтық 2 км аспауы тиіс (2 ш. км кемінде 3 станция). Кен орнының алаңы 20-дан 500 ш. км болған кезде ӨЭМ станциялары жүйелі тор бойынша бір-бірінен 5 км (10 ш. км 1 станция) аспайтын арақашықта орналасуы тиіс. Кен орнының алаң 500 ш. км астам болған кезде ӨЭМ станциялары арақашықтығы 10 км дейінгі (20 ш. км кемінде 1 станция) жүйелі тор бойынша орналасуы тиіс;
3) екінші деңгейдегі ӨЭМ станцияларының орналасуы үшінші деңгейдегі ӨЭМ станция­ларының орналасуы ескеріліп жүзеге асырылады. Бұл ретте үшінші деңгейдегі ӨЭМ станция­сының кемінде бір нүктесі екінші деңгейдегі ӨЭМ станциясының торына енуі тиіс (осы Қағидаларға 2-қосымша);
4) үшінші деңгейдегі ӨЭМ станциялары арасындағы арақашықтық 20 км (50 ш. км кемінде 1 станция) аспауы тиіс (осы Қағида­ларға 2-қосымша).
10. Бірінші және екінші деңгейдегі ӨЭМ станцияларында мониторинг жүргізген кезде эталондық (фондық) ретінде теңіздің сол ауданында жеткілікті қашықтықтағы бағытта орналасқан, ұдайы ағысқа қарама-қарсы, ұқсас тереңдікте және су түбі шөгінділерінің типі бар, өткен жылдары бірқатар бақылаулар жүргізген мониторинг станциясы алынады.
11. Желілік объектілерде (құбыр, көмірсу­тегілер мен мұнай өнімдерін тасымалдайтын теңіз трассалары) бірінші деңгейдегі ӨЭМ станцияларын перпендикулярлы профильдерде (трас­са­дан оңға және солға 200 м арақашық­тықта орналасқан, кемінде 3 ӨЭМ станция) орналастырады. Құбырларда профильдер 10 км сайын, көлік трассаларында көмірсутегілер мен мұнай өнімдерін тасымалдау кезінде 50 км сайын орналастырылады (осы Қағидаларға 3-қосымша).
12. Қысқа мерзімді мұнай операцияларының (геофизикалық және геотехникалық зерттеу, құрылыс жұмыстары, ұңғымаларды сынау және т.б.) басталуы алдындағы, операция кезіндегі және операциядан кейінгі әсер ету монито­рин­гін орындау арнайы әзірленген ӨЭМ станцияларын орналастыру схемасы бойынша жүргізіледі, олардың орналасу тығыздығы екінші деңгейдегі ӨЭМ станциясының тығыздығынан кем емес.
13. Бірінші деңгейлі ӨЭМ станциялары атмосфералық ауаның (жергілікті жерлерде алып жүретін аспаптармен сынаманы іріктеу немесе өлшеу) әсер ету мониторингін жүргізген кезде:
барлау (бағалау) бұрғылау, көмірсутегін өндіру кезеңінде өнеркәсіптік объектілерден (жасанды арал және т.б.) 1 км қашықтықта;
құрамында күкіртті сутегі бар көмірсутегіні өндіру кезінде стационарлық нүктеден немесе алаңдық объектіден 1 км қашықтықта және қосымша екінші деңгейдегі ӨЭМ станциялары шамамен 5 км қашықтықта орналасады.
14. Газды алауда жандыруға (флюид) рұқ­саты бар ұңғымаларды сынау кезінде атмосфералық ауаны ластаушы заттардың шоғырының сынамасын іріктеу/өлшеу станциялары алаудың ық жағынан 5, 10 және 15 км қашықтықта орналастырылады, өлшеу ұңғыманы сынау кезеңінде бір рет жүргізіледі.
15. Атмосфералық ауаның әсеріне мониторинг жүргізу кезінде сол жерде сынамаларды іріктеу немесе өлшеу шеткі және үшінші деңгейдегі ӨЭМ орталық станцияларының бірінде (кемінде 5 станцияда) жүргізіледі. Осы ӨЭМ станцияларында сынамаларды іріктеу кен орнын жою кезеңінде де жүргізіледі.
16. Қоршаған ортаның авариялық ластануы орын алған кезде табиғат пайдаланушы (1-2 күннен кешіктірмей) оның салдарының ӨЭМ жүзеге асыруды бастайды. Табиғат пайдаланушы ӨЭМ нәтижелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
3. Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде өндірістік экологиялық мониторингті жүргізу тәртібі
17. Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде ӨЭМ гидрометеорологиялық параметрлерге, атмос­фе­ра­лық ауаға, теңіз, сарқынды және балластық суына, салқындату суларына, су түбінің шөгін­ділеріне, бентосқа, фитопланктонға, зооп­ланк­тонға, су өсiмдiктеріне, ихтиофаунаға, орни­то­фаунаға, итбалықтарға, өндіріс және тұтыну қалдықтарына, физикалық факторларға (шу, діріл, электромагниттік және иондық сәуле­лерді) бақылау жүргізуді қамтиды.
1) гидрометеорологиялық параметрлер
Бақылау желдің бағыты мен жылдамдығына, ауа температурасына, ауа райының жай-күйіне (атмосфералық қысым, бұлттылық, атмосфера­лық жауын-шашын), су бетiнiң жай-күйiне (толқындардың биiктiгi, мұнай қабыршағының, көбiктердің болуы) жүргізіледі.
Бақылаудың кезеңділігі: жүйелi тор бойынша кемеде маусымдық зерттеулерді орындау кезінде күніне 3 рет, жекелеген мұнай операцияларына арналған кемеде (сейсмобарлау, қысқа мерзiмдi құрылыс жұмыстары, ұңғымаларды сынау және тағы басқалар) әсер ету монито­рингін жүргізу кезінде күніне 3 рет, ауа сынамаларын іріктеу (атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шоғырлануын аспаптық өлшеу) уақытында.
Стационарлық платформаларда, жасанды аралдарда бақылау кезінде көмірсутегін өндіру кезінде желдің жылдамдығын және ауаның температурасын үздiксiз тiркеу жүргiзiледi;
2) атмосфералық ауа
Эмиссиялар мониторингі: күкірт қос тотығы, азоттың тотығы және қос тотығы, көмiртегі тотығы, көмiрсутегілер, құрамында күкiртсутегі бар көмiрсутегі шикiзатын бұрғылау және өндіру кезінде күкiрт сутегі.
Әрбір көзге арналған бақылаудың кезеңділігі шекті жол берілетін шығарындылар (ШЖШ) нормативтері жобасында анықталады.
Әсер ету мониторингі: күкірт қос тотығы, азоттың тотығы және қос тотығы, көмiртегі тотығы, көмiрсутегілер, құрамында күкiртсутегі бар көмiрсутегі шикiзатын бұрғылау және өндіру кезінде күкiрт сутегі.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң сол­түс­тік бөлiгiндегі мемлекеттік қорық айм­ағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшін – жылына 2 рет (көктем, күз);
3) теңіз сулары
Эмиссиялар мониторингі (теңіз суының гидрологиялық және гидрофизикалық параметр­лерін бақылау): су температурасы, тұздылығы, мөлдірлігі, түсі, теңіз бетінің жай-күйi (толқын­дардың биiктiгi, мұнай қабыршағының, көбiк­тер­дің болуы, қатты лайлану, өлген өсімдіктер/балықтар және тағы басқалар), гидрохимиялық параметрлерін бақылау: сутегі көрсеткіші (рН ), өлшенген заттар, құрғақ қалдық, хлоридтер, сульфаттар, азот аммонийі азот нитраты, азот нитриті, жалпы азот, мұнай өнімдері, фенолдар, синтетикалық су үстінің белсенді заттары (су үстінің аниондық белсенді заттары), фосфаттар, жалпы темiр, ОБТ5 (оттегіні биологиялық тұтыну), ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну).
Бақылаудың кезеңділігі: сарқынды сулар төгінділері нүктесінен 500 м қашықтықта орналасқан әр ӨЭМ станциясында тоқсанына (маусымына) 1 рет.
Әсер ету мониторингі (теңіз суының гидрохимиялық параметрлерін бақылау): су температурасы, тұздылығы, электр өткізгіштігі, мөлдір­лігі, тереңдігі, лайлылығы, түсі, толқын­ның биіктігі мен бағыты, теңiз бетінің жай-күйі (толқындардың биiктiгi, мұнай қабыршағының, көбiктердің болуы, қатты лайлану, өлген өсімдіктер/балықтар және тағы басқалар), ағыстың бағыты мен жылдамдығы.
Теңіз суының гидрологиялық және гидрофи­зи­калық параметрлерін бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз).
Әсер ету мониторингі (теңіз суының гидрохимиялық параметрлерін бақылау): сутегі көрсеткiшi (рН ), еріген оттегі, ОБТ5 (оттегіні биологиялық тұтыну), ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну), аммоний азоты, жалпы азот, азот нитратты, азот нитриті, жалпы фосфор.
Теңіз суының гидрохимиялық параметрлерін бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн -жылына 2 рет (көктем, күз).
Теңіз суының сапасы: көмірсутегінің жалпы шоғырлануы, полиароматты көмірсутегі, синтетикалық су үстінің белсенді заттары (су үстінің аниондық белсенді заттары), фенолдар, ауыр металдар (Al, As, Ba, Cd, Cr, Cu, Fe, Hg, Ni, Pb, V, Zn).
Теңіз суының сапасын бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз).
Сарқынды суларды ағызу болмаған кездегі, бірақ қайтарымды суларды ағызу болған кезде теңiз суларының операциялық экологиялық мониторинг (теңіз суының гидрологиялық және гидрофизикалық параметрлері): мөлдiрлiгі, түсі, теңiз бетінің жай-күйі, су температурасы, теңiз суының гидрохимиялық параметрлері: pH сутегі көрсеткiшi, өлшенген зат, құрғақ қалдық, мұнай өнiмдері, фенолдар (фенолдық индекс), синтетикалық су үстінің белсенді заттары (су үстінің аниондық белсенді заттары), жалпы темір, ОБТ5 (оттегіні биологиялық тұтыну), ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну).
Бақылау кезеңділігі: салқындату суларын және балластық суларын бұру нүктесінен 500 м қашықтықта орналасқан әрбір ӨЭМ станциясында тоқсанына (маусымына) 1 рет;
4) сарқынды сулар
Сарқынды суларды теңізге ағызу болған кездегі эмиссиялар мониторингі: pH сутегі көрсеткiшi, өлшенген заттар, құрғақ қалдық, сульфаттар, хлоридтер, азот аммонийлы, жалпы темiр, ОБТ5 (оттегіні биологиялық тұтыну), азот нитриті, азот нитраты, фосфаттар, фенолдар (фенол индексi), мұнай өнiмдері, синтетикалық су үстінің белсенді заттары (су үстінің аниондық белсенді заттары), эпидемиологиялық көрсеткiштер, лактозаны көрсететiн iшек таяқшалары (ЛПК), колифагтар.
Бақылау кезеңділігі: айына 1 рет.
Сарқынды суларды ағызу болмаған кездегі сарқынды сулардың операциялық экологиялық мониторингі: pH сутегі көрсеткiшi, өлшенген заттар, құрғақ қалдық, сульфаттар, хлоридтер, азот аммонийі, жалпы темiр, ОБТ5 (оттегіні биологиялық тұтыну), ОХТ (оттегіні химиялық тұтыну), азот нитриті, азот нитраты, фосфаттар, фенолдар (фенол индексi), мұнай өнiмдері, синтетикалық су үстінің белсенді заттары (су үстінің аниондық белсенді заттары), эпидемио­логиялық көрсеткiштер, лактозаны көрсететiн iшек таяқшалары (ЛПК), колифагтар.
Бақылау кезеңділігі: тоқсанына (маусымына) 1 рет;
5) балластық сулар
Балластық сулардың операциялық экология­лық мониторингі: сулардың температурасы, pH сутегі көрсеткiшi, өлшенген заттар, құрғақ қал­дық, мұнай өнiмдері, фенолдар (фенол индексi), жалпы темiр, ОБТ5 (оттегіні биологиялық тұтыну), синтетикалық су үстінің белсенді заттары (су үстінің аниондық белсенді заттары).
Бақылау кезеңділігі: кеменi (бұрғылау) табанға/түбіне отырғызғанға дейiн 1 рет және кеменi алудың алдында 1 рет табанға/түбіне (бұрғылау);
6) салқындату сулары
Салқындату суларының операциялық экологиялық мониторингі: сулар температурасы, pH сутегі көрсеткiшi, өлшенетін заттар, құрғақ қалдық, мұнай өнiмдері, фенолдар (фенол индексi), жалпы темiр.
Бақылау кезеңділігі: тоқсанына (маусымына) 1 рет;
7) су түбінің шөгінділері
Әсер ету мониторингі: су түбі шөгінді­лері­нің гранулометрлік құрамын анықтау, тотық­тырғыш – қалпына келтiргiш әлеует (Еh ) және су түбі шөгінділерінің 1 және 4 см тереңдiктегі температурасы; органикалық көміртегінің құрамы, ауыр металлдар (Al, As, Ba, Cd, Cr, Cu, Fe, Hg, Ni, Pb, V, Zn), фенолдар көмiрсутегі­ле­дiң құрамы (көмiрсутегілердiң жалпы шоғыры, полиароматты көмiрсутегілер), микробиологиялық бақылау: микроорганизмдерді жалпы санын анықтау, сапрофиттердің жалпы санын анықтау, актиномицеттер және саңырауқұлақтардың, микроорганизмдердің биомассасын анықтау, микроорганизмдерді анықтау, мұнайтотықты­ратын микроорганизмдерді анықтау.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз);
8) бентос
Әсер ету мониторингі: организмдердің жалпы саны, түр құрамы, түрлердiң саны және тізімі, жалпы биомасса, негiзгi топтар және түрлердiң саны, саны бойынша үстем болатын және түрлердің биомассасы (зообентос түрлерінің сан жағынан басым құрамы).
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз);
9) фитопланктон
Әсер ету мониторингі: фитопланктон тор­шалардың жалпы саны, жалпы биомасса, түр құрамы, түрлердiң саны және тiзiмi, сапробтық деңгейі.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң сол­түс­тік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз);
10) зоопланктон
Әсер ету мониторингі: организмдердің жалпы саны; түр құрамы,түрлердiң саны және тiзiмi, жалпы биомассасы, сапробтық деңгейі, негiзгi топтар және түрлердiң саны, негiзгi топтар және түрлердiң биомассалары.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң сол­түс­тік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз);
11) су өсiмдiктерi
Әсер ету мониторингі: қоғамдастықтың флористикалық құрамы, қоғамдастықтардағы түрлердiң таралу пайызы, су түбінің шөгінділерін өсiмдiктермен жобалық пайыздық жамылғысы, өсiмдiктердiң құрылымы (тiгінен, көлденең), өсімдіктердің өзгеру дәрежесі.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз);
12) ихтиофауна
Ихтиологиялық зерттеулер бойынша балық аулары торлары қойылған ФЭЗ станция­лары­ның саны ӨЭМ станцияларының жалпы саны­ның кемінде 30%, ал тралдықтың қондыр­ғылары кемінде 50% болуы тиіс.
Барлық балық түрлері үшін әсер ету монито­рингі: ауланатын балықтардың түрлiк құрамы, балық түрлері мен аулау құралдары бойынша барынша аулау/га, балықтардың сирек түрлерi­нің болуы, өлшемдiк құрылымы. Балықтардың нысаналы түрлерiне (жергiлiктi ихтиологиялық қоғамдастықтардың көптеген, тұрақты өкiлдерi) балықтардың жеке биологиялық сипаттамасы (Q-жалпы масса, q-iшек-қарынсыз дене массасы, L-балықтың жалпы ұзындығы, J-құйрық жүзу қанатынсыз балықтың ұзындығы, жынысы, жас шамасы, жетiлу сатысы), жетiлудiң IV сатысында аналығын ұстау кезінде абсолюттi жеке өсімталдығымен анықталады, сызықты өсу екпiні, түрдiң типтiк морфологиялық әлпетiнен ауытқуларының (кемтарлықтар) болуы енгізіле­ді, сыртқы паразиттердің болуы, оларды оқшау­лау және саны (тек қана жай көзбен көрінетiн паразиттер екенін есепке алу керек), қуыс пара­зиттерінің болуы, олардың саны мен салмағы.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – климаттық маусымдар бойынша жылына 4 рет, қалған акваториялар үшiн – жылына 2 рет (көктем, күз);
13) орнитофауна
Әсер ету мониторингі: түр құрамы, саны, тұратын орнының сипаттамасы мен зерттелетiн аумақта орналастыру ерекшелiгi, осы көрсеткiштердiң маусымдық және көпжылдық көрсеткіштер серпіні.
Бақылау кезеңділігі: жыл сайын үш рет – көктемгi және күзгi көшу кезеңінде және ұя салу кезеңінде (ұшу кезеңінің басында, ортасында және соңында), түрлердiң ұя салуының ең белсендi уақытында көбею кезеңінде (мамыр­дың екiншi жартысы);
14) итбалықтар
Әсер ету мониторингі: саны, жыныстық – жас шамасының құрамы, тұратын орнының сипаттамасы мен бақыланатын аумақта орналастыру ерекшелiгi, табиғи және жасанды фактор­лардың әсерімен (техногендік) бұл көрсеткiш­тердiң маусымдық және көпжылдық динамикасы. ФЭЗ орындайтын кемелердің бағытта­рын­дағы жылдың барлық маусымдарында итба­лықтардың (кездесулер) қонысы, олардың саны, тұруы мен жүру сипаты, фото-бейне түсірулер жүргізу GPS көмегі арқылы белгіленеді.
Бақылау кезеңділігі: Каспий теңiзiнiң солтүстік бөлiгiндегі мемлекеттiк қорық аймағында – қысқы және көктемгі кезеңде, қалған акваториялар үшiн – күзгі кезеңде;
15) өндіріс және тұтыну қалдықтары
Эмиссиялар мониторингі: қалдықтарды орналастыру нормативтерінің сақталуына бақылау жүзеге асырылатын тікелей жұмыс учаске­лерінде бұрғылау қалдықтарын (бұрғылау сар­қын­ды сулары, пайдаланған бұрғылау ері­тіндісі мен ластанған бұрғыланған жыныс) толтыру кезінде.
Бақылау кезеңділігі: тоқсанына (маусымына) 1 рет.
Жұмыс учаскелерінде тікелей қалдықтарды көму болмаған кезде өндіріс және тұтыну қалдықтарының операциялық экологиялық мониторингі өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинау, сақтау және тасымалдау жүйесін мониторингілеу жолымен жүргізіледі.
Бақылау кезеңділігі: үнемі өндірістік жұмыстар процесінде;
16) физикалық факторлар
Физикалық факторлардың операциялық эко­ло­гиялық мониторингі шу-дірілдеткіш жаб­дық­тар, электромагнитті және иондау (радиация­лық) көздерінің учаскелерінде жүргізіледі.
Бақылаудың кезеңділігі: жылына 1 рет.
Бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезіндегі радиациялық жағдайдың операциялық эколо­гия­лық мониторингі: бұрғылау шламы мен металл сынақтарын уақытша қоймалау учаске­лерін­де, көп мәрте қолданылатын бұрғылау жабдықтарының орналасқан жерінде, пайдалану кезінде: металл сынығын уақытша сақтау учаскелерінде, қырғыш және құрамында мұнайы бар шламның уақытша сақтауын қабылдау учаскелерінде, сәуле шығару­ды иондайтын көздерi бар жабдықтарды уақытша сақтау учаскелерінде.
Бақылаудың кезеңділігі: жылына 1 рет.
18. ӨЭМ бойынша есептік материалдар
Өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде ӨЭМ нәтижесі бойынша табиғат пайдаланушы:
1) операциялық экологиялық мониторинг бойынша тоқсандық және жылдық есептерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға есепті тоқсан аяқталғаннан кейiн 10 жұмыс күні ішінде;
2) эмиссиялар мониторингі бойынша тоқсан­дық және жылдық есептерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға есепті кезең аяқталғаннан кейiн 10 жұмыс күні ішінде;
3) әсер ету мониторингі бойынша жылдық есептерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органға есепті кезең аяқталғаннан кейiн 3 ай ішінде ұсынады.
ӨЭМ нәтижесі бойынша ақпарат Бірыңғай мемлекеттік мониторинг жүйесіне қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысанға және мерзімге сәйкес беріледі.
Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде
өндірістік экологиялық мониторингтіұйымдастыру және жүргізу қағидаларына 1-қосымша
Бiрiншi деңгейдегі ӨЭМ станцияларын нүктелiк және алаңдық объектілерге орналастыру схемасы (ӨЭМ станциялары арасындағы қашықтық а) және с) нұсқалары үшiн әрбiр азимут (сәуле) бойынша 250 м, 500 м, 1000 м, 1500 м құрауы тиіс; в) нұсқасы үшiн – өнеркәсiптiк (антропогенді) объектiден ӨЭМ-нің бiрiншi станцияларына дейінгі қашықтық (ӨЭМ станцияларының келесi қатары  250 немесе 500 м қашықтықта орналасады) 250 м аспауы тиіс
Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын жүргізу кезінде
өндірістік экологиялық мониторингті  ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына 2-қосымша
Блоктар мен кен орындарында (құрылымдарда) ӨЭМ станцияларын орналастыру схемасы
Шартты белгілер:
- Келісімшарт аумағындағы үшiншi деңгейдегі ӨЭМ станциялары. Тұрақты тордағы ӨЭМ станцияларының арасындағы қашықтық 20 км аспайды.
- Теңiздегi кен орны (мұнай, газ немесе басқалар) шекарасының контуры және – екiншi деңгейдегі ӨЭМ станциялары (кен орнында) .
- Айналасында бірінші деңгейіндегі ӨЭМ станцияларында (осы Қағидаларға 1-қосымша) өндірістік экологиялық мониторинг іске асыратын алаңдық немесе нүктелiк объектi (бұрғылау қондырғысы, жасанды арал және т.б.).
Каспий теңізінің қазақстандық секторында  мұнай операцияларын жүргізу кезінде
өндірістік экологиялық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына 3-қосымша
Бiрiншi деңгейдiң ӨЭМ станцияларын желілік объектілерде орналастыру схемасы
(құбырлар – профилдер 10 км сайын, мұнай өнiмдерi көлігінің кеме жүретiн трассалары – профилдері 20 км сайын)

Жарияланды: 22 қазан 2013

Мұрағат

Қазан
2013
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту