Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы «29» қыркүйектегі № 610 қаулысы

«Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

«Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 37, 508-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларында:

1, 7, 9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«1. Осы Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты  жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидалары (бұдан  әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Халықтың  көшi-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, өзге де нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу тәртiбiн айқындайды.»;

«7. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге   кету үшiн Қазақстан Республикасы азаматтарының өздерi немесе олардың   заңды өкiлдерi тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:

  1. өтiнiш-сауалнама;
  2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәліктері;

3)егер кететін адамның заң бойынша асырауындағы отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрса, «Неке (ерлі – зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 22-тарауында көзделген тәртіппен жасалған алименттерді төлеу туралы келісімді ұсынады. Келісімге қол жеткізілмеген кезде кететін адамдарға алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу немесе алиментті біржолғы төлеу не белгілі бір мүлікті алимент есебіне беру немесе алиментті өзге де тәсілмен төлеу не кететін адамның кету үшін заңда көзделген кедергілердің болмауы фактісін анықтау туралы соттың шешімі беріледі.

Ескертпе: Кодекске сәйкес алимент алушы отбасы мүшелеріне:

кәмелетке толмаған балалар;

ата-ана;

еңбекке жарамсыз мұқтаж жұбайы (зайыбы);

жүктілігі кезеңінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл  бойы зайыбы, оның ішінде бұрынғы зайыбы;

ортақ мүгедек баланы он сегіз жасқа толғанға дейін бағып-күтуді жүзеге асырып отырған, сондай-ақ он сегіз жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға  I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж жұбайы (зайыбы);

неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып  қалған көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз бұрынғы жұбайы (зайыбы);

көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған аға-інілер мен апа-сіңлілер, қарындастар;

көмекке мұқтаж кәмелетке толмаған немерелер;

көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз ата-әжелер;

кәмелетке толмаған балаларды іс жүзінде тәрбиелеген және асыраған еңбекке жарамсыз мұқтаж адамдар;

өздерінің өгей ұлдарын немесе өгей қыздарын тәрбиелеген және  асыраған, еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж өгей әке мен өгей шеше жатады;

4)    әскери есептен шығарылғаны туралы анықтама;

5)    ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен кету туралы шешiм қабылданған кезде он жасқа толған баланың пiкiрiн есепке алу туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;

6)    он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрiмен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға  кететін кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ата-анасының екiншiсінің нотариалды түрде расталған келiсiмi. Келiсiм болмаған кезде, кәмелетке толмаған баланың кетуі сот тәртiбiмен шешiлуі мүмкін;

7)    мемлекеттiк баждың немесе консулдық салықтың төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi.

Осы тармақтың 3) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдарды Қазақстан Республикасының аумағында тіркеу туралы мәліметтер болмаған жағдайда кету туралы өтініш білдірген азамат олардың ел аумағында тіркелу фактісін анықтау үшін ішкі істер органдарына өтінішпен жүгінеді.

Азаматтардан басқа құжаттарды сұратуға жол берiлмейдi.»;

«9. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу туралы шешiм осы Қағидалардың                       7-тармағында тізбеленген барлық құжаттар берiлген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешiктiрiлмей қабылданады.

Қазақстан Республикасының азаматына елімізден тұрақты тұруға кетуге рұқсат беруден бас тарту үшін негіз болған жағдайда тиісті құжаттар ресімделмейді.

Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кетуіне құқықты шектеудің барлық жағдайларында ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының азаматына хабарлама береді, онда шектеудің негізі мен  мерзімі және осы шешімге шағым жасау тәртібі көрсетіледі.

Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты ресімделеді. Олардың жеке куәліктері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеген ішкі істер органдарына тапсырылады.»;

«10. Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен кеткен және сол жерде тұрақты тұрғылықты тұруға ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш білдіреді. Өтінішке осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда өтініш беруші түсініктеме береді.

Қазақстан Республикасының шетелдердегі мекемелері құжаттар, паспорттың және балалардың туу туралы куәлігінің көшірмелері қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша ішкі істер органдарына жібереді. Ішкі істер органдары келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс               тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.».

2.Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он                күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                  Б. Сағынтаев

Жарияланды: 18 қазан 2017

Мұрағат

Қазан
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту