Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71-жылдығын мерекелеу күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл қойды. 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі кезекті отырысын өткізді. 

Мүлікті жария ету бойынша науқан өткізу барысы туралы ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

Оның мәліметінше, қазіргі сәтте мәлімделген мүлік сомасы еліміз бойынша 1,4 трлн. теңгеге жетті, оның 1,2 трлн. теңгеге жуығы жария етілді.

Заңның жаңа шарттарындағы жұмыстың бес айында, яғни 2015 жылдың 1 желтоқсанынан кейін 794 млрд. теңге жария етілді, бұл науқанның барлық кезеңіндегі жалпы соманың үштен екі бөлігін құрайды, деп атап өтті Б.Сұлтанов.

«Түзетулер жария ету барысына жақсы серпін бергені көрініп тұр. Кезең бойы науқанның мүмкіндіктерін 86 мыңға жуық азамат пайдаланды. Өтініштер санының артуы халық тарапынан қызығушылықтың артқанын білдіреді», - деп баса айтты Қаржы министрлігінің басшысы.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев науқанның әрекет ету кезеңінде банктер 910 шот ашып, оларға 590,3 млрд. теңге салынғанын айтты.

«Оған қоса, арнайы шоттардағы барлық ақшаның 83% ағымдағы жылдың төрт айында жария етілді. Осындай шоттарға ай сайынғы ақша ағымы а.ж. орта есепен алғанда 148 млрд. теңгені құрады, бұл заңнамаға енгізілген өзгерістердің дұрыстығын тағы да растайды», - деді науқанға 30 банк пен «Қазпошта» АҚ қатысатынын еске салып өткен Д.Ақышев.

Орман және дала өрттерінің алдын алу мәселелері бойынша ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.

Министрдің мәліметінше, жыл сайын елімізде 4000-ға дейін орман-дала өрттері орын алады, олар 180 мың га жуық ауданды қамтиды, залал 230 млн. теңгеден асады.

«Ағымдағы жылдың басынан бастап орман қоры аумағында жалпы ауданы 285 га болатын 16 өрт тіркелді, залал сомасы 1,7 млн. теңгені құрайды. Дала алаптарында 2 180 га ауданда 410 өрт тіркелді. Құрбандар мен залалдар жоқ», - деп мәлімдеді ІІМ басшысы.

«Ағымдағы жылы Қазгидрометтің мәліметінше, шілде-тамызда ауаның орташа температурасы +30 градусқа дейін деңгейде болжанып отыр. Оған қоса, батыс және оңтүстік облыстарда жауын-шашын тапшылығы күтілуде, сондықтан елдің бірқатар өңірлерінде дала-орман өрттерінің шығу қаупі бар», - деп мәлімдеді Қ.Қасымов.

Осыған байланысты ІІМ өрт қаупі бар маусымда орман және дала өрттерінің алдын алу және жою бойынша арнайы жоспар жасады. Қазіргі уақытта еліміз бойынша орман-дала өрттерін жою үшін республикалық құралдар күшін топтастыру – 4779 автокөлік бірлігі, суағар құрылғылары бар 11 тікұшақ, 47 өрт пойызы және 34 мыңнан астам адам анықталды. Шекара маңындағы аумақтарда өзара іс-қимылды пысықтау үшін Ресей және көрші елдердің ТЖМ бөлімшелерімен тактикалық оқулар өткізу жоспарланған. 

Сонымен қатар, ведомство басшысы бірінші кезектегі шешімді талап ететін бірқатар мәселелерге облыс әкімдерінің назарын аударды. Атап айтқанда, өрттерді жоюға, су қоймаларын, өртке қарсы бөгеттерді, өртке қарсы мақсаттағы жолдарды салуға шығындардың көздері барлық өңірлерде жоспарланбаған. 

Бұдан өзге, Қ.Қасымов табиғатты қорғау мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың өрт сөндіру техникасымен және басқа да құралдарымен жабдықталуының төмен деңгейін, сондай-ақ ауылдардағы өрт бекеттері мен өртке қарсы еркін қалыптасулардың әлсіз тиімділігін атап өтті.

Қ.Қасымов 90% жағдайда ормандар адамдардың кесірінен жанатынын еске салып, халық арасында профилактикалық іс-шараларды күшейтуге, азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелері туралы белсенді ақпараттандыруға шақырды.

Отырыс қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов мүдделі мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қытайдың Коммунистік партиясы ОК-нің Саяси бюросының Мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының (ШҰАА) парткомының Хатшысы Чжан Чуньсяньмен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен ШҰАА арасындағы екі жақты қатынастарды дамытудың жағдайы мен перспективаларын қарады. Бақытжан Сағынтаев пен Чжан Чуньсянь мәдени және сауда-экономикалық байланыстардың нығайғандығын айтты, оған «Қорғас» Халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығының жұмысы, ҚХР ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліздің» ашылуы, «Достық-Алашанькоу», «Алтынкөл-Қорғас» теміржол өтпелдері арқылы жүк ағымының артуы, Ляньюньган теңіз терминалында ынтымақтастықтың артуы көрнекі дәлел. 

Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары мен ШҰАА парткомының Хатшысы ҚР мен ҚХР Өңіраралық ынтымақтастығы форумын құрудың маңыздылығын атап өтті.

Келіссөздер барысында сондай-ақ сауда-экономикалық, индустриялық және инновациялық ынтымақтастық, көліктік жобалар, ауыл шаруашылығы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас ассамблеясының құрылтай сессиясына қатысты. 

Іс-шараны ашқан К.Мәсімов Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқыды, 

Өз сөзінде Елбасы 2011 жылы ИЫҰ Сыртқы істер министрлері 38-ші кеңесі барысында көтерілген өзара Азық-түлік қауіпсіздігі жөнінідегі Ислам ұйымын құру туралы Қазақстанның бастамасының қолдау тапқанына шынайы ризашылығын білдірді. 

«Ислам әлемі ашаршылықты жою, ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты көкейтесті мәселелерді шешеуден шет қалмауы тиіс. Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер күш-жігерлерін жұмылдыру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қоса алады», - деп айтылған ҚР Президентінің үндеуінде.

Өз кезегінде Қазақстан ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық және экспорттық жүйелерінің әлеуетін барынша пайдалануға әзір.

«Алдағы уақытта ИЫҰ-ға мүше барлық елдер Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына қосылатынына сенім білдіремін», - деп үміт білдірді Нұрсұлтан Назарбаев.

Іс-шара аясында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков пен Ислам даму банкінің президенті Ахмад Мохаммад Әли әл Мадани ауылды елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсартуға және жерлерді суару жүйелерін қалпына келтіруге бағытталған екі жобаны іске асыру туралы Келісімге қол қойды. Осы мақсаттарға 300 млн астам АҚШ доллары тартылады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (АҚИҰ) Бас ассамблеясының құрылтай сессиясына қатысу аясында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов бірқатар кездесулер өткізді.

Сонымен, Ислам даму банкінің президенті Ахмад Мохаммад Әли Әл Маданимен келіссөздер барысында екі жақты және көп жақты қаржы-инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. К.Мәсімов А.Әлиге Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Тараптар өзара іскерлік қатынастардың деңгейін жоғары бағалап, әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделіліктерін білдірді. 

Сондай-ақ К.Мәсімов Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Ияд бен Әмин Маданимен кездесті.

К.Мәсімов пен И.Мадани Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құру ИЫҰ қатысушы елдердің өзара ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге шығарады деген пікірге келді. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар ислам қауымдастығы дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында өзара қарым-қатынастарды нығайтуға дайындықтарын білдірді.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев испандық бизнес-делегациямен кездесу өткізді.

Кездесу барысында өндірістік, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екі жақты қазақстандық-испандық қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды.

Бақытжан Сағынтаев Испания Қазақстан үшін Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық әріптес екенін баса айтып, испандық кәсіпкерлерді қазақстандық нарықты белсенді игеруге шақырды. Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Қазақстандағы ортақ жобаларды іске асыруға, оның ішінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін қолдана отырып жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.

Тараптар екі жақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және екі ел арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге зор әлеуетті атап өтті. 

Кездесуге Talgo, Airbus Defense & Space, Eptisa, Ineco, Eurofinsa және басқа да компаниялардың өкілдері қатысты.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов елордаға ресми сапармен келген Испания Корольдігінің сыртқы істер және ынтымақтастығы министрінің міндетін атқарушы Хосе Мануэль Гарсия-Маргальомен кездесу өткізді.

Кездесуге қатысушылар көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, инжиниринг, құрылыс саласындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын атап өтіп, екі елдің сауда-экономикалық қатынастары жайын талқылады.

Тараптар сондай-ақ құрылған Қазақстандық-Испандық Іскерлік Кеңестің екі жақты іскерлік әріптестікті жандандыруға зор үлес қосатынына сенім білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша К.Мәсімов пен Х.М.Гарсия-Маргальо мемлекетаралық ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге келісті.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі Еуропалық комиссар Фил Хоганмен кездесу өткізді.

Тараптар ҚР-ЕО желісі бойынша өзара іс-қимылдың жағдайы мен перспективаларына қатысты, оның ішінде 2015 жылдың 21 желтоқсанында қол қойған кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы Келісім шеңберіндегі мәселелердің кең ауқымын талқылады.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары айтып өткендей, Еуропалық Одақ қазақстандық сыртқы саясаттың маңызды векторларының бірі және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың басымдықты бағыты болып табылады. 

Бақытжан Сағынтаев кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы қол қойылған Келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды жан-жақты дамытуға мықты негіз болуды көздейтінін баса айтты. 

Құжат екіжақты өзара іс-әрекеттегі, оның ішінде аграрлық-азық-түлік саласындағы, ауыл шаруашылығын дамытудағы, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы өзекті сын-тегеуріндерді шешуде жаңа мүмкіндіктер ашады.

Өз кезегінде Фил Хоган ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың кең перспективаларын атап өтіп, ҚР және ЕО арасындағы диалогты дамыту динамикасын жоғары бағалады. Еуропалық Комиссар сондай-ақ кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы Келісім сауда-инвестициялық бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтатынына сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы, АӨК-тегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру саласындағы мәселелер кешенін конструктивті талқылауды жалғастыруға ниет білдірді.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сәрсенбі күні Мәскеуде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты. 

Үкіметтер басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) бірқатар өзекті мәселелері мен оның даму перспективаларын қарады.

Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында сөз сөйлеген Кәрім Мәсімов ағымдағы жылы Қазақстан ЕАЭО органдарында төрағалық ететінін еске салды.

«Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес Төрағасы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша 2016 жыл «Одақтың үшінші елдермен және басты интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы болып жарияланды», - деп атап өтті Кәрім Мәсімов.

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян хабарлағандай, өткізілген отырыс барысында ЕАЭО-тың Еуропалық одақпен және Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығының нақты шектері белгіленді.

Кездесудің маңызды нәтижесі, Т.Саркисян баса айтып өткендей, Үкіметтер басшыларының жиі кездесіп, ынтымақтастықтың ағымдағы бағыттарын талқылау жайлы келісуі болды. 

Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, білдек жасау бойынша Еуразиялық инжинирингтік орталығын құру тұжырымдамасы, еуразиялық технологиялық тұғырнамаларды қалыптастыру және олардың қызметі туралы Ережені бекіту, ЕАЭО мұнай және мұнай өнімдерінің жалпы нарықтарын қалыптастыру Тұжырымдамасы және басқалары туралы шешімдер қабылданды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысы өтті, оның барысында су тасқыны, су басудың алдын алу бойынша қолданылып жатқан шаралар, сондай-ақ көктемгі-егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәліметінше, ағымдағы су тасқыны жағдайы елдің төрт өңіріндегі 43 елді мекеннің тіршілік әрекетін қиындатты, 535 тұрғын үйді су басып, ұзындығы 20 шақырым болатын автомобиль жолдарының 190 учаскесін су шайған, 2 көпір қираған. 

Министрдің мәліметінше, апатты жою мақсатында апаттық-құтқару жұмыстарына төрт мыңнан астам адам, 1140 техника бірлігі, 259 су сорғыш құрылғы жұмылдырылып, 36 шақырым уақытша бөгет салынды. Қолданылған шаралардың арқасында 471 үй құрғатылып, 500-ден астам адам тұрғылықты орындарына оралды. 

Қазіргі сәтте ведомствоның алдында апат салдарын жою, су басқан аймақтарда құтқару жұмыстарын жүргізу, өзендердің деңгейін үздіксіз қадағалауды ұйымдастыру, қажетті техниканы дайындау және гидротехникалық құрылымдардың жағдайын тұрақты бақылау бойынша міндеттер тұр. 

Көктемгі-егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2016 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге арналған алқапты 21,6 млн га дейін арттыру жоспарланған, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 400 мың га-ға артық. Астық дақылдарын 15,2 млн га-ға егу көзделген. 

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған мұнай өнімдерінің көлемі жайлы мәліметті таныстырды. Оның айтуынша, дизель отынының қоры ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қажеттілігін толық қамтиды, оның көлемі 366,8 мың тоннаны құрады.

Отырыс қорытындысы бойынша К.Мәсімов Үкімет мүшелеріне су тасқыны жағдайын тұрақты бақылап, сондай-ақ егіс жұмыстарын үздіксіз жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің АҚШ энергетика министрі Эрнест Монизбен кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар атом энергетикасы, мұнай-газ саласындағы, энергия тиімділігі және баламалы энергетиканы дамыту сферасындағы өзекті мәселелердің кең ауқымын талқылады.

К.Мәсімов Э.Монизді ядролық қауіпсіздік бойынша Саммитті табысты өткізумен құттықтап, аталған саладағы біздің елдеріміздің мақсаттарының ортақтығын баса айтты. Премьер-Министр сондай-ақ жақында отырысы өткен қазақстандық-америкалық арнайы комиссияның энергетика саласындағы серіктестігі бойынша одан арғы жемісті еңбегіне сенімділігін білдірді.

Өз кезегінде Э.Мониз Қазақстанның ядролық қаруды таратпауға қосқан үлесін және ирандық келіссөздер жүргізу кезіндегі оның маңызды рөлін жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша К.Мәсімов пен Э.Мониз екіжақты және көпжақты өзара қатынастарды одан әрі нығайтуға келісті.

 

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ЕЭК Кеңесінің отырысында тарифтік артықшылықтардың бірыңғай жүйесі ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев видеоконференция форматында өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты.

Кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің экономикалық ықпалдастығын тереңдетуге бағытталған бірқатар құжаттарды талқылады.

Отырыста акттар мен халықаралық келісім-шарттарды ЕАЭО туралы Келісім-шартқа сәйкес әзірлеудің жұмыс жоспарын орындау барысы қаралды. Жоспардың іс-шараларын орындау «төрт еркіндік» қағидасын - тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің қозғалыс еркіндігін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.


Кеңес мүшелері жалпы ЕАЭО тарифтік артықшылықтарының бірыңғай жүйесін қолдану шарттары мен тәртібі туралы Ережені мақұлдады, ол дамушы және аз дамыған елдермен саудаға арналған шарттарды кеңейтуге мүмкіндік береді.

ЕЭК Кеңесі отырысы аясында ЕАЭО ықпалдастырылған  ақпараттық жүйесінің негізінде кедендік қызметтердің және өзге де құзіретті органдардың ақпараттық жүйелерін түйіндестірудің Жоспар-кестесі талқыланды. Сәйкес іс-шаралар жүргізу тауарларды кедендік аумаққа әкелгеннен бастап тұтынушыларға өткізгенге дейінгі қозғалысты бақылауды қамтамасыз етеді.

Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою үшін ЕЭК Кеңесі отырысында сәйкес халықаралық келісім-шарт әзірлеуді жеделдету тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева әлеуметтік саланың бірқатар нысандарын аралап, еңбек ұжымымен кездесті. 

Бағдарламаның бірінші пункті №10 қалалық емхананы аралау болды. Вице-премьер елордалық денсаулық сақтау басқармасының бірыңғай Call-орталығының және келушілердің жүгіну түріне және жағдайының ауырлығына байланысты қабылдауға мүмкіндік беретін ТRIAGE-жүйесінің жұмысымен танысты. Осы жерде медициналық қоғам өкілдерімен кездесу өтті. Онда денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттырудың өзекті мәселелері талқыланды. 

Содан кейін Д.Назарбаева Астана қ. әкімдігінің кәсіптік-техникалық колледжінің оқу процесімен танысты. Айта кеткен жөн, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар колледжде мемлекеттік білім тапсырысы негізінде оқиды. Колледж заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен, спорт және акт залдарымен, медиатекамен, медициналық блоктармен, кітапханамен, студенттерге және оқытушыларға арналған жатақханамен жабдықталған. 

Делегация токарлық шеберханада, ас әзірлеу технологиялары зертханасында, электр жабдықтарын жөндеу бөлімдерінде және басқа да оқу блоктарында болды. Колледж базасында Астана қаласының 24 мектебінде енгізілген кәсіптік бағдар қанатқақты жобасын жүзеге асыру ерекше қызығушылық тудырды.

Күннің екінші жартысында Д.Назарбаева «Алау» Мұз айдынында болып, спорт қоғамының өкілдерімен кездесті.

Сондай-ақ, делегация дарынды балаларға арналған №81 «Astana English School» гимназиясының оқу процесімен танысты. Гимназияда ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға және дамыта оқытудың жаңа мазмұнын жасауға баса көңіл бөлінген. Педагогикалық ұжыммен кездесу кезінде елорда мектептерінде үш тілділікті енгізу және бес күндік оқытуға көшу мәселелері талқыланды. 

Бұдан өзге, «Жастар» театрына барған вице-премьер театр өнерінің өкілдерімен кездесті. Әңгіменің негізгі тақырыбы мәдениет және өнер саласын дамыту болды. 

Сенбі, 2 сәуірде, Д.Назарбаеваның жұмыс сапары жалғасады. Вице-премьер С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне барып, онда ЖОО-дары ректорларымен және оқытушы-профессорлар құрамы өкілдерімен кездесіп, сонымен қатар «Астана Ютария өндірістік инновациялық компаниясы Ltd» ЖШС қызметімен танысады деп жоспарланған.

 

 ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев отандық әуежайларды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. 

Қазіргі таңда республикада 20 әуежай жұмыс жасайды. Олардың 12-сі мемлекеттік әуежайлар (8-і «Airport Management Group» ЖШС сенімді басқаруында), 6-уы - жеке меншікте, концессияда - 2.

2015 жылы әуежайлар шамамен 12 млн. жолаушыға қызмет көрсетті. Қазақстаннан 87 бағыт бойынша халықаралық тасымалдар орындалады. Оларды 2 қазақстандық («Эйр Астана» мен «СКАТ») және шетел әуе тасымалдаушылары жүзеге асырады. Ішкі әуе рейстерін 42 бағыт бойынша 6 қазақстандық әуе компаниясы орындайды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен Қазақстанның 13 әуежайында жалпы 97 млрд. теңге сомаға қайта жөндеу жүргізілді. Бұдан өзге, 2015 жылдың қаңтарында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Астана қаласындағы әуежайдың жолаушылар терминалының құрылысы басталды. Жобада қазіргі терминалды кеңейту және өткізу қабілетін жылына 7 млн. жолаушыға жеткізу қарастырылған. 

Кеңес қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға және әуежай басшыларына авиациялық қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударуды, атап айтқанда, жолаушылар терминалдарында заманауи тексермелеу жабдықтарын орнатуды тапсырды. Арнайы техникамен (өртке қарсы машиналар, қар күрейтін және мұздануға қарсы техника, басқыштар) жабдықтауға да айрықша көңіл бөлінуі керек.

Бұдан өзге, әуежайлар қызметінің экономикалық тиімділігін арттыру, менеджмент деңгейін арттыру, дамытуға қаражат тартудың жаңа көздерін іздеу бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Архив

Наурыз
2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту