Әлихан Смайылов ЖЭО-ларға жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсырды

Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов биылғы 20 наурызда №1 түтін мұржасының жоғарғы бөлігі жарым-жартылай құлаған Петропавл 2-ЖЭО-ға барды.

«Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі Сергей Кан мен «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директорының м. а. Андрей Калиничев кәсіпорынның қазіргі жағдайы, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарлары туралы баяндады. Үкімет басшысы барлық жабдыққа мұқият техникалық тексеріс жүргізуді және жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Бұл ретте, тұрғындарды жазда ыстық сумен қамтамасыз ету және жаңа жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастау аса маңызды.

«Барлық жұмысты сапалы, кідіріссіз, кестеде белгіленген мерзімде аяқтау қажет. Компания басшылығы барлық қажетті қаражатты табуы керек», — деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Энергетика министрлігіне республиканың жылу электр орталықтары мен су электр станцияларында олардың техникалық жай-күйі мен алдағы жылыту маусымына дайындығы тұрғысынан жоспардан тыс тексеріс жүргізу тапсырылды.

Бұған қоса, сапар барысында Әлихан Смайылов әртүрлі қуаттағы трансформаторлар мен шкаф конструкцияларын шығарумен айналысатын Петропавл электр техникалық зауытына барды.

«Облыста электр техникалық зауытты іске қосу – бұл жұмыс істемей тұрған инфрақұрылымға тиімді инвестиция салып, жаңа кәсіпорындар құрудың айқын мысалы. Жобаның іске асырылуы өңірдің машина жасау саласына оң әсерін тигізіп, шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуы тиіс, бұл жалпы өңдеу өнеркәсібінің өсімін қамтамасыз етеді», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп, Петропавлдағы тоқтап тұрған объектілердің (ғимараттар мен құрылыстардың) базасында жаңа өндірістік алаңдар құру үшін «Солтүстік» ӘКК жарғылық капиталын ұлғайтуға қаражат бөлуді тапсырды.

Бұдан кейін Әлихан Смайылов М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың жаңа оқу-зертханалық корпусының құрылыс алаңына барды. Оны биыл пайдалануға беру көзделген.

«Мемлекет басшысы Қазақстанда беделді шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ базасында Аризона университетінің филиалын ашу – осындай алғашқы жобалардың бірі. Үкімет инженерлік және агротехникалық ғылымдар саласында халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлауға өңір қажеттіліктері үшін 1500 грант бөлді», — деді ол.

Әлихан Смайылов жаңа оқу-зертхана корпусы мен 600 орындық екі студенттер жатақханасының құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Петропавлдағы Ш. Уәлиханов көшесіндегі жеті жаңа көп пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Жоба бойынша пәтерлердің жалпы саны – 684.

«Жыл сайын біз құрылыс қарқыны айтарлықтай артып келе жатқанын көріп отырмыз. “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында Үкімет жаңа тұрғын үй мен инженерлік желілерді салуға бюджеттен едәуір қаражат бөлуде. Осыған байланысты барлық жоба бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапалы болуын қадағалау қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министрдің жұмыс сапары барысында барған тағы бір нысаны «РимҚазАгро» ЖШС қағаз фабрикасының құрылысы болды.

Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 5 мың тонна өнім, бұл республика бойынша 16 пайыздық импортты алмастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Зауыт осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Премьер-Министр ҚР Президентінің «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі алға қойған міндеттері аясында халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасының өндірісін құру қажет екенін атап өтті.

«Қағаз өнімдерін шығару жобасын іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативті әсер беретініне сенімдімін», — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу