ҚР Үкіметінің отырысы, 12.03.2024

12 наурыз күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

  • Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,2%-ды құрағанын мәлімдеді. Қаңтар айында көрсеткіш 3,9% болған.

  • Нақты сектордағы оң динамика 5,1%-ға, қызмет көрсету саласындағы динамика 3,5%-ға жетті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі ең жақсы өсімді көрсетіп отыр.

  • Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түсті – жоспар 102,5%-ға орындалды. Республикалық бюджет 1,9 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 1,3 трлн теңгеге толықтырылды. 

  • Үкімет басшысы қазіргі таңда өсу қарқыны сақталып отырғанын, дегенмен динамиканы арттыра түсу қажет екенін айтты. Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету керектігіне назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция жылдық мәнде баяулап, 9,3%-ды құрады. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық Банктің алдында оны 8%-дан төмен ұстап тұру міндеті тұр.

  • Сондай-ақ Олжас Бектенов инвестициялар тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Экономикалық саясат басымдықтарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. 

  • Премьер-Министр Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

  • Бұдан бөлек, Үкімет отырысында ірі қалаларда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу мәселесі қаралды.

  • Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін бекіткенін еске салды. Бұл қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін іске қосуға және қайта өңдеу қуаттарына қатысты. 

  • Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан асатын жаңа 37 зауыт салу және жұмыс істеп тұрған 8 зауытты жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл өңдеу көлемін жылына 1,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

  • Премьер-Министр атап өткендей, республиканың көптеген өңірлерінде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді.

  • Үкімет басшысы қалдықтарды қайта өңдеу саласына инвесторлар тартудың қосымша тетіктерін әзірлеуді, тиісті инфрақұрылымдық жобалары бойынша өтінімдерді жеделдетіп қарау шараларын қабылдауды және толық пайдалануға берілгенге дейін әрбір жобаны сүйемелдеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Премьер-Министр осы салада басталған барлық жобаларды іске қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу