ҚР Үкіметінің отырысы, 19.03.2024

19 наурыз күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

  • Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық аумақтарды дамыту, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелері қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бүгінде республикада 7,6 млн тұрғыны бар 6 256 ауылдық елді мекен бар екенін айтты. Бұл ел халқының 38,4%-ын құрайды. 2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,8 мың ауылдық елді мекенде 524 млрд теңгеге 5,4 мың жоба іске асырылды. Сондай-ақ 85 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды, 10,5 млрд теңгеге 1,8 мың медициналық техника сатып алынды, 120 өрт сөндіру бекеті құрылды. «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында мамандарды тарту үшін бюджеттік несие мөлшері 1,5 мыңнан 2,5 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Премьер-Министр әкімдіктердің алдына Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту міндетін қойды. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларын іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында осы жылдың наурыз айында Қазақстанда отандық экспорттаушыларға ҚҚС қайтару рәсімдері қайта қаралды. Тәсілдердің өзгеруін ескере отырып, растау үлесі ұлғаяды, бұл қазақстандық тауар өндірушілер үшін елеулі қолдау болады. Бұл туралы Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев баяндады. Қазір осы процедураның жеделдігін қамтамасыз ететін аналитикалық жүйе әзірленуде. Соңғы екі айда экспорттаушыларға жалпы берешектің жартысына жуығы қайтарылды. Әкімшілік шаралар есебінен республикалық бюджетке 5 жыл ішінде шамамен 4 трлн қосымша салық және кедендік төлемдер түсті. Биылғы жоспарда 1,6 трлн теңге түсім көзделген, бұл өткен жылдың деңгейінен 173%-ға артық. Бұл міндетке қол жеткізу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдауда. Атап айтқанда, салықтық тексерулерді тағайындау кезінде Тәуекелдерді басқару жүйесінің критерийлері қайта қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикада Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IT-аудит басталды. Оның нәтижелері бойынша жаңа ақпараттық архитектура қалыптастырылады. Олжас Бектенов оны құруды, сондай-ақ салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді интеграциялауды осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

  • Үкімет басшысы жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанына тоқталып, өткен жылы халықтан келіп түскен салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне қатысты өтініш пен арыз-шағымдарын ескеру және әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет екенін атап өтті. Премьер-Министр өткізу пункттерін жаңғырту және жабдықтау жұмыстарын жылдамдату керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей өзара іс-әрекет жасауына барынша жол бермей, салықтық және кедендік әкімшілендірудің барлық процестерін барынша цифрландыру қажет. Үкімет басшысы салықтық жеңілдіктерді қолданудың міндетті мониторинг тетігін енгізуді, сондай-ақ бизнестің қарсы міндеттемелерін белгілеуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу