ҚР Үкіметінің отырысы, 26.03.2024

26 наурыз күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті. 

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстандағы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болжам бойынша биыл егіс алқабы 23,8 млн га болатынын айтты. Бидайға 13,3 млн га бөлінеді. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар және рентабельділігі жоғары дақылдардың егістігін ұлғайту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, биыл майлы дақылдарды 3,2 млн га-ға егу көделіп отыр. Сондай-ақ жалпы ауданын 1,2 млн га-ға дейін жеткізе отырып, күнбағысты 60 мың га-ға, қант қызылшасын 12 мың га-ға жеткізе отырып, 25 мың га-ға дейін ұлғайту күтілуде.

Дәнді, көкөніс-бақша және картоп дақылдарының жоспарланған көлемі ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа жем-шөп дақылдарының көлемі 3,2 млн га-ға дейін ұлғаяды. Егіс жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында басталды, жаппай науқан мамырдың екінші онкүндігінде басталады.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шаруаларды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету туралы айтып берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 340,3 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілген. Баға барлық 20 өңірде 2023 жылғы деңгейде қалды – ҚҚС-пен 250 теңге/литр. Бұл бөлшек сауда құнынан 15%-ға төмен.

Премьер-Министр Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы әрі уақтылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд теңге несие беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд теңге бөлінеді. Сондай-ақ форвардтық сатып алуға 40 млрд теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд теңге қарастырылған.

Оған қоса Олжас Бектенов суармалы алқаптарды кеңейту, егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді өзектендіру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ бүгінде елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлуі керек. Оған қоса біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр бірқатар нақты тапсырма берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу