ҚР Үкіметінің отырысы, 30.01.2024

30 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

  • Отырыста Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы қабылданды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл құжат саладағы ахуалды және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленгенін хабарлады. Еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 20 жаңа су қоймасын салу және 15 жұмыс істеп тұрған су қоймасын реконструкциялау, сондай-ақ 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.

  • Тасымалдау кезінде судың өнімсіз шығынын 50-дан 25%-ға дейін төмендету, ал қолда бар су қорларын 2,4 текше км-ге ұлғайту жоспарланып отыр. Жалпы жоспарланған тәсілдерді іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлердің аумағын 2,5 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

  • Премьер-Министрдің айтуынша, суды тиімді пайдалану – аса маңызды міндеттердің бірі, сол үшін ұсынылып отырған Тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Әлихан Смайылов өңір әкімдіктеріне 1 айлық мерзімде коммуналдық суару мен жеке суару жүйелерін қалпына келтіру және оларды цифрландыру бойынша жол карталарын қабылдауды, сондай-ақ коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды жан-жақты тексеруді тапсырды.

  • Сонымен қатар Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау мәселелері талқыланды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінгі таңда Үкімет бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту және әкімшілік жүктемені азайту жөніндегі жүйелі шараларды да, сондай-ақ кәсіпкерлік секторды мемлекеттік ынталандырудың тікелей шараларын да іске асыруда. Ресми статистика деректеріне сәйкес соңғы жылдары жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады, 2021-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 33,5 %-дан 36,5%-ға өсті. 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,4%-ға артып, 4,3 млн адамға жетті. Бүгінгі таңда бизнесті мемлекеттік қолдаудың сұранысқа ие шараларының бірі «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының құралдары болып отыр. «Даму» қоры оператор болып табылады. 

  • Үкімет басшысы ШОБ-тың әрі қарай дамуы үшін салық салудың сервистік моделіне көшуді қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Онда бизнеске қолдау көрсетуге көбірек назар аударылады. Ұлттық экономика министрлігіне қосылған құн салығын қайтару мерзімін қысқарту үшін оны әкімшілендіру тәсілдерін қайта қарау тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу