Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №1

2022 жылғы 10-16 қаңтар аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі күні, 10 қаңтарда ҚР Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың биылғы жылдың басынан бері берген тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өткізді. Кеңесті бастамас бұрын елде орын алған тәртіпсіздіктің құрбандарын еске алу үшін бір минуттік үнсіздік жарияланды. Ә. Смайылов қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. 

  • Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылды. Ә. Смайылов азаматтардың барлық сындарлы өтініштерін мұқият зерделеп, олар бойынша қажетті шешімдер әзірлеуді, орталық және жергілікті атқарушы органдарға, «Атамекен» ҰКП-ға екі апта мерзімде халық көтерген мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды ҚР Ұлттық экономика министрлігіне жолдауды тапсырды.

  • Сейсенбі күні, 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың бірауыздан мақұлдауымен Әлихан Асханұлы Смайыловты ҚР Премьер-Министрі қызметіне тағайындау туралы тиісті Жарлыққа қол қойды. Отырыста сөйлеген сөзінде Президент жаңа Үкіметтің алдына саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларда, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік пен қорғанысты қамтамасыз ету мәселелерінде бірқатар нақты міндеттер қойды.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде министрліктердің ұжымдарына жаңа басшыларды – ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты, энергетика министрі Болат Ақшолақовты, әділет министрі Қанат Мусинді, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты, ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаровты таныстырды.

  • Сәрсенбі күні, 12 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен жаңартылған құрамда ҚР Үкіметінің отырысы өтті. Отырыс барысында ҚР Үкіметінің құрамына алғаш қосылған министрлердің ант беру рәсімі өтті. Одан әрі күн тәртібі бойынша ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың биылғы жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінде сөйлеген сөзінде берген тапсырмаларын іске асыру жөніндегі шаралар және елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері қаралды. Бірінші мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы министрліктер мен ведомстволардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді, соның ішінде осы жылдың 1 ақпанына дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құрудың барлық мәселелерін пысықтау тапсырылды. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Ә. Смайлов халықты ревакцинациялау қарқынын едәуір арттыруды тапсырды. Өңірлердің әкімдері мәселені жеке бақылауға алуы тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу