Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №142

2021 жылғы 13-19 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 15 желтоқсанда Астана Опера театрында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиын Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың қатысуымен өтті.

  • 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай еңбек ардагерлеріне, министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне, сондай-ақ іскерлік орта өкілдеріне Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградаларды табыстады.

  • Сейсенбі күні, 14 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Күн сайын тіркелетін коронавируспен ауырғандар саны көбейіп жатқан жоқ. Инфекциялық төсек-орындар 23%, реанимациялық төсектер 20% толы. Сондай-ақ Үкімет отырысында агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Қабылданған шаралар есебінен АӨК негізгі капиталына салынған инвестициялар осы жылдың 11 айында 40,5%-ға ұлғайды, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру 85%-ды құрады, экспорт көлемі 2020 жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3%-ға өсті. 

  • Сол күні Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар жаһандық экономикалық күн тәртібін трансформациялау және оның бағытын пандемиядан кейінгі қалпына келтіруге қайта бағдарлау тұрғысынан ҚР инвестициялық саясатының өзекті мәселелерін талқылады.

  • Сенбі күні, 18 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрі Үкіметтің Цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Өткен аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ға төмендеді.

  • Сенбі, 18 желтоқсан күні ҚР Премьер-Министрі Уфа қаласында өткен Қазақстан-Башқұртстан іскерлік форумына қатысты. Сондай-ақ форум барысында А. Мамин Башқұртстан басшысы Р. Хабировпен келіссөз жүргізді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу