Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №2

2024 жылдың 12-18 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 12 ақпан, дүйсенбіде Үкіметте өткен кеңесте Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларында отандық тауарлардың үлесін арттыра отырып, оларды түбегейлі жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырды.

  • Үкімет басшысы қолданыстағы рәсімдер көбінесе мемлекеттік сатып алулар үдерісінің әдейі кешіктірілуіне әкеліп соқтыратынын, оның салдарынан жаңа жобаларды іске асыру және тұтастай алғанда экономиканың дамуы баяулайтынын атап өтті. Бұл ретте ол тиісті ынталандыру тетіктері арқылы сатып алулардағы отандық тауарлардың үлесін едәуір арттыру қажеттігіне тоқталды. Бұл – республикада әлі жолға қойылмаған жаңа өндірістерді қолдауға да қатысты мәселе.

  • 13 ақпан, сейсенбі күні Үкімет отырысында 2024 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Олжас Бектенов ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала беретінін атап өтті. Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен даму институттарының жұмыс тиімділігін арттыру бойынша пәрменді және ынталандырушы KPI белгілеуді тапсырды. Қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың тағы бір маңызды факторы. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Сондай-ақ Премьер-Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді деп мәлімдеді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеу керек. Салалық министрліктер республикалық бюджетті сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажет.

  • 14 ақпан, сәрсенбіде Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, бірқатар негізгі өндірістік кәсіпорынды аралады, сондай-ақ өнеркәсіп секторының өзекті мәселелерімен танысты. Жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов «Steel Manufacturing» патрон зауытының жұмысымен танысты және «Қарағанды – Балқаш – Алматы» автожолын реконструкциялау барысы туралы баяндамаларды тыңдады, сонымен қатар Qarmet металлургиялық комбинатының өндірістік цехтарына барды.

  • Премьер-Министр металлургтермен әңгімелесті, оның барысында кәсіби мамандық мәртебесін арттыру, жалақыны ұлғайту, жас мамандарды даярлау үшін жаңа оқу орындарын құру, сондай-ақ басқа да бірқатар мәселе көтерілді. Үкімет басшысы көтерілген мәселелердің барлығы және Qarmet-тің алдағы жұмысы мемлекеттің бақылауында болатынына сендірді. Салалық ведомстволар басшыларының, жаңа инвестордың, әкімдік өкілдерінің және кәсіпорын қызметкерлерінің қатысуымен Qarmet-тің өзекті мәселелерін шешу және одан әрі дамыту жөнінде кеңес өткізілді.

  • Saran индустриялық аймағын аралау кезінде Үкімет басшысы 2021 жылы іске қосылған автобус шығаратын «Qaztehna» зауытының жұмысымен танысты. Сондай-ақ Олжас Бектенов автомобиль шиналарын шығаратын «KamaTyresKZ» кәсіпорнына барды. 

  • 15 ақпан, бейсенбіде Премьер-Министр Олжас Бектенов «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің Басқарушы директоры Дерек Магнесспен кездесті. Тараптар жаңа өндіріс нысандарын іске қосуды, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесін ұлғайтуды, мұнай-газ саласы мен мұнай химиясын дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ Қазақстанда әлеуметтік жобаларды іске асыру барысын талқылады.

  • Премьер-Министр Теңіз кен орнында сағалық қысымды басқару және болашақ кеңейту жобаларының сәйкесінше 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында және 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Сонымен қатар Премьер-Министр экономикалық саясаттың басымдықтарының бірі жергілікті қамтуды дамыту екеніне назар аударды. Операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен тығыз қарым-қатынас қажет. Өз кезегінде Дерек Магнесс «Шеврон» компаниясының Қазақстанмен барлық мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға әзір екенін растады.

  • 16 ақпан, жұма күні Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Канвондода (Корея Республикасы) өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан алғыс хаттар табыс етті. Үкімет басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын оқып беріп, спортшыларды қол жеткізген нәтижелерімен құттықтады. Премьер-Министр бұл Қазақстанның жастар арасындағы қысқы Олимпиада ойындары тарихындағы алғашқы алтыны екенін атап өтті. Жалпы медаль саны бойынша Қазақстан әлемнің 78 елі арасында 20-шы орынды иеленді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу