Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №5

2024 жылғы 4-10 наурыз аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 4 наурызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Келіссөздер барысында үкіметтер басшылары ағымдағы сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин арасында жасалған уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.

  • Сейсенбі, 5 наурызда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Алматы қаласында болған жер сілкінісі бойынша ахуал қаралды. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бекітілген алгоритмдерге сәйкес атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Олжас Бектенов ТЖМ-ге сейсмологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

  • Сондай-ақ Үкімет отырысында инвестицияны қолдау және ынталандыру шараларының тиімділігі туралы мәселе қаралды. Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесін ұлғайту екенін атап өтті. Премьер-Министрдің пікірінше, АӨК саласындағы субсидиялау тәсілдері де өзгертуді қажет етеді. Қолданыстағы практика шаруаларды озық агротехнология мен инновацияны тартуға ынталандырмайды.

  • Премьер-Министр барлық инвесторларға үндеу жолдады. Ол өз мәлімдемесін Үкімет отырысында айтты. Үкімет инвесторларға ресурстарға кедергісіз қол жеткізуге мүмкіндік жасайды, инфрақұрылымдық және консультативтік қолдау көрсетеді деп сендірді. Инвесторлар мемлекеттік және құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай қысым көрмейді.

  • Үкімет отырысында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қаралды. Олжас Бектенов өңірлер әкімдеріне тиісті Жол карталарының толық және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар Үкімет басшысы қалалардағы жасыл желектің қысқаруына жол бермеу керектігін, бұл ретте отырғызылатын көшеттердің барынша жерсініп кетуін және оларға нақты күтімді қамтамасыз ету қажеттігін талап етті. Одан бөлек Өнеркәсіп және құрылыс, Экология және табиғи ресурстар, Қаржы министрліктері аумақтарды көгалдандыру бойынша жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған заңнамалық түзетулерді әзірлеуі қажет.

  • Сәрсенбі, 6 наурызда Үкімет басшысы Павлодар облысында жұмыс сапарымен болды. Олжас Бектенов Президенттің тапсырмасы бойынша салынып жатқан жаңа Балалар шығармашылығы сарайының құрылыс барысымен танысты. Екібастұз ЖЭО жаңғырту барысымен, «Проммашкомплект» ЖШС теміржол дөңгелектерін шығару кәсіпорнының қызметімен танысты. 

  • Үкімет басшысы өңірдің ірі кәсіпорындары Павлодар мұнай-химия зауытында, KSP Steel, «Қазақстан Алюминийі», «Қазақстандық электролиз зауыты», Ақсу ферроқорытпа зауыты және Ақсу электр стансасында болды. Бұл бизнес алыптары облыс экономикасына қомақты үлес қосуда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу