Астанада даму мақсатында сауда-саттық пен инвестицияларға қолдау көрсету жөніндегі жоғары деңгейлі форум өтіп жатыр. Форумда ДСҰ мүшелері Қазақстанның инвестициялар тарту саласындағы табысты тәжірибесімен және жүргізіліп жатқан реформаларымен, сондай-ақ, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысады. Шара ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың алғы сөзімен басталды.

Құрметті Азеведу мырза! Құрметті Форумға қатысушылар!

Сіздердің баршаңызды Астанада көргеніме қуаныштымын! Азеведу мырза, Сізге бүгінгі жоғары деңгейлі Форумға қатысып отырғаныңыз үшін, сондай-ақ ДСҰ Хатшылығы мен инвестицияларды қолдау бойынша Достар тобына мүше елдерге осы маңызды іс-шараны бірлесіп ұйымдастырғандары үшін ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.

Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік сауда ұйымының инвестицияларды қолдау саласындағы жаңа бастамасын толық қолдайды. Біз инвестициялық ахуалды жақсартуға басымдық береміз.

Тек соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстан экономикасының түрлі секторларына $250 млрд жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

2017 жыл ішінде тікелей шетелдік инвестициялар ағымы $21 млрд жуық болды және бұл көлемнің төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Шикізаттық емес секторларға барлық шетелдік инвестициялардың 50% жуығы бағытталды. Биыл да бұл оң динамика сақталып қалып отыр. 2018 жылдың жарты жылы ішінде ірі инвесторлармен 69 жаңа жобаны іске асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді, оның ішінде Қытай, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания және ЕО елдерінен 10 ТҰК бар.

Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторында қазірдің өзінде Toyota, Heidelberg Cement, General Electric, Linde, Danone, Thales, Alstom және басқалары тәрізді 30-ға жуық трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді.

Қазақстан Орталық Азиядағы инвестициялық ахуал бойынша бірінші орынға ие және Орталық Азия елдерінің инвестицияларының 70%-дан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында біздің мемлекет жүйелі реформалар жүргізіп отыр, инвесторлармен ашық диалог және өзара іс-қимыл орнатылған, сонымен қатар инвестициялар тарту үшін инфрақұрылым жетілдірілуде.

Тек бір мысал келтірейін. Соңғы төрт жыл ішінде салық және кеден саласы, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тәрізді және тағы да басқа бағыттарда барлығы 52 реформа жүргізілген. Демек, орта есеппен жылына — 13, ал айына — біреуден көп реформа жүзеге асырылған.

Мысалдардың бірі ретінде бизнесті реттеусіздендіру және оған әкімшілік қысымдарды едәуір төмендету бойынша жүргізілген реформаларды келтіруге болады.

24 мамыр күні Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаев бизнес ахуалды жақсарту бойынша заңнамалық пакетке қол қойды, ол 14 кодекс пен 109 заңға мыңнан астам түзетулер енгізуді қарастырады. Бақылау-қадағалау функциялары 30%-ға, ал рұқсат беру талаптарының саны 56%-ға қысқартылған. Тексеруші органдардың мыңға жуық штаттық бірлігі таратылды.

Озық халықаралық стандарттарға сай келетін жаңа салық және кедендік режимдер енгізілді. Салық кодексінде салық жүктемесі оңтайландырылды, жеңілдіктер пысықталды. Жаңа кеден кодексі рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді және тауарларды автоматты түрде өткізуге мүмкіндік беретін электронды декларациялауды енгізеді.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында жобаларды жоспарлау рәсімдері жеңілдетілген және ниет білдірген барлық инвесторлар үшін табысты іске асырылған МЖӘ жобаларының бірыңғай базасы қолжетімді болды.

Көші-қон және еңбек заңнамасы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімдері жеңілдетілді.

2016 жылдан бастап барлық инвесторлар үшін «Бір терезе» қағидасы жұмыс істейді, еліміздің барлық 17 облысында инвесторларға қызмет көрсету бойынша өңірлік офистер ашылған.

Үкімет пен инвесторлардың диалог алаңын қамтамасыз ету үшін 20 жыл бойы ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесі жұмыс істейді, инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары енгізілген.

Осылайша, қазіргі кезде еліміздегі жалпы инвестициялық және іскерлік ахуал институционалдық нығайтылды. Инвесторлар пайдалана алатын жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтар заңнамалық тұрғыдан бекітілді.

Қазақстанның экономикалық интеграциясының арқасында, инвесторлар ірі өткізу нарықтарына шығуда басымдықтарға ие болды.

2015 жылы Қазақстан мен ЕО кеңейтілген серіктестік туралы келісімге қол қойды, бұл келісім экономиканың өндірістік секторларына инвестициялар тарту үшін қолайлы және кемсітпейтін жағдайлар тудыру үшін негізге айналды.

Қазақстан — Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мүшесі. ЕАЭО-ның артықшылығы, ол көлемі $4 трлн жуық, 180 миллионнан астам адамды қамтитын кедендік шекарасыз бірыңғай нарық болып табылады.

Ресей, Қытай және Орта Азия елдерімен көршілес болуының, ұтымды географиялық орналасуының арқасында, Қазақстан жалпы көлемі 1,6 млрд астам адамды қамтитын, күннен-күнге өсіп жатқан нарыққа шығуға мүмкіндік беретін қолайлы орталық алаңға айналып отыр.

Осы себепті, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы әлемдік сауда қарым-қатынасына кірігуге мүмкіндік беретін тиімді құралдардың біріне айналды. Мәселен, 2016 жылдан бері ЕАЭО мен Вьетнам арасында еркін сауда аймағы туралы келісім жүзеге асырылуда.

Биылғы жылдың мамыр айында Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге және Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар Египет, Израиль, Сербия және Сингапур тәрізді ірі елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылып жатыр.

Дүниежүзілік сауда ұйымы мен ЕАЭО аясында Қазақстан лицензиялық рәсімдеудің және қызмет көрсету секторындағы талаптардың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер қабылдады. Қазіргі күні еліміздің жалпы ішкі өнімінің жартысынан астамын қызмет көрсету саласы қамтиды. Бұл ретте, Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында Қазақстан шетелдік компанияларға қызмет көрсету саласы нарығына кіруде кемсітпейтін жағдайлар тудыруға кепіл берді. Әрі, еліміз шетел инвесторларының көлік, құрылыс, сауда, энергетика секторы сынды барлық маңызды салаларға келуіне қолайлы жағдай жасап отыр.  

Осылайша, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының инвестицияларды қолдау бастамасының негізгі қағидаларын ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы халықаралық міндеттемелерге сәйкес те, Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі реформаларды жүзеге асыру арқылы ұлттық деңгейде де, толыққанды орындап отыр.

Осы жағдайларда Қазақстан Үкіметі көпжақты деңгейде, атап айтқанда, ДСҰ алаңында инвестицияларды қолдау мәселелері бойынша пікірталастарды одан әрі жалғастыруды маңызды деп санайды. Біз ДСҰ-ға мүше елдерді ДСҰ-ның Бейресми диалогына қосылуға шақырамыз, оның аясында инвестициялар тарту бойынша ұлттық тәжірибе туралы ақпараттар бөлісеміз. Бұл бастама ДСҰ-ның қазіргі әлем үшін өзектілігін нақтылап, халықаралық сауда-саттықтың артуына және жаһандық экономиканың өсуіне ықпалын тигізеді деп үміттенеміз.

Сөз соңында, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ДСҰ-ға мүше барлық мемлекеттерге және Азеведу мырзаға Қазақстанға деген зор сенімі және 2020 жылдың маусым айында Астанада ДСҰ-ның XII Министрлік конференциясын өткізуге берген біздің өтінімімізге қолдау білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстан Министрлік конференцияның нәтижелерін қамтамасыз ету мақсатында ДСҰ-ның күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша талқылауларға сындарлы үлесін қосуға әзір.

Форумның барлық қатысушыларына жемісті әрі пайдалы пікірталастар тілеймін. Жоғары деңгейлі форум табысты боларын және өз мақсатына жететініне сенімдімін.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 28 қыркүйек 2018

Архив

Қыркүйек
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту