А. Мамин: вакцина алу және ревакцинация – коронавирустан қорғанудың негізгі тиімді құралы

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты болып тұрғанын айтты. Коронавирус инфекциясынан ауырып жатқан науқастардың саны азаюда – инфекциялық төсек-орындар 24%, реанимациялық төсектер 21% толы.

Қазіргі таңда коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша өңірлердің көбі «жасыл аймақта» орналасқан. Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары «сары аймақта», Ақмола облысы «қызыл аймақта» тұр.

Бүгінгі таңда 8,8 млн-нан астам адам вакцинаның бірінші компонентін алды – бұл ересек адамдардың 77,5%-ы, сондай-ақ 8,2 млн-нан астам адам немесе ересек адамдардың 72,4%-ы екінші компонентін алды.

Үкімет басшысы вакциналау қарқыны төмен Маңғыстау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында халықты вакциналаумен және ревакцинациямен қамтуды ұлғайтуды тапсырды.

Әкімдіктерге Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерімен бірлесіп, халық арасында ревакцинациялау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды.

«Коронавирус инфекциясынан қорғанудың негізгі тиімді құралы – вакцина алу мен ревакцинация», — деді А. Мамин.

Шетелде вирустың жаңа штаммының таралуын ескере отырып, Премьер-Министр елге сырттан келетін адамдарға мемлекеттік шекарада күшейтілген бақылау жасауды жалғастыруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу