Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 02 наурыздағы №93 Қаулысы

Мемлекеттік орган туралы үлгі ережені бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағиданы бекіту туралы»  2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 1125 және «Мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы»  2012 жылғы 25 желтоқсандағы № 1672 қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

«Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 4-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік орган туралы үлгі ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) «Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағиданы бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30  қыркүйектегі № 1125 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағидада:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік органның жаңа құрылымдық бөлімшесі құрылған кезде нормативтік құқықтық актілерге мемлекеттік органның құрылатын құрылымдық бөлімшесі жүзеге асыруы тиіс функцияларды айқындау тұрғысынан талдау жүргізіледі.
Талдауды құрылымдық бөлімше құрылғанға дейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның кадр қызметі жүргізеді.
Талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің құрылымы, міндеттері мен функцияларының тізбесі айқындалады, олардың негізінде құрылымдық бөлімше туралы ереженің жобасы әзірленеді. 
Мемлекеттік органның құрылымдық бөлiмшелерi осы Қағидаға  2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ережелердi әзiрлейтiн ведомстволар мен оның аумақтық бөлiмшелерiн, сондай-ақ мемлекеттiк органның аумақтық органдарын қоспағанда, осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ережені әзiрлейдi.»;
6-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«4) орталық атқарушы органдарда және аумақтық органдарда (жауапты хатшы жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелерде) – жауапты хатшы (жауапты хатшының өкілеттігін жүзеге асыратын лауазымды тұлға);»;
Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағидаға қосымшада:
оң жақтағы жоғарғы бұрыш мынадай редакцияда жазылсын:
     «Мемлекеттік органның
құрылымдық бөлімшесі туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі қағидаға
1-қосымша»;
осы қаулыға қосымшаға сәйкес 2-қосымшамен толықтырылсын;
2) «Мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы           25 желтоқсандағы № 1672 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 5, 106-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулықта:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттік орган туралы ережені (бұдан әрі – ереже) мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Мемлекеттік орган туралы үлгілік ереженің талаптарына және осы Мемлекеттік орган туралы ережені әзірлеу және бекіту жөніндегі нұсқаулыққа (бұдан әрі – нұсқаулық) сәйкес дербес әзірлейді.
2. Нұсқаулық Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органның, орталық атқарушы органның, мәслихат аппаратының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау комиссияларының бірыңғай жүйесіне басшылық ететін мемлекеттік органның, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық және өзге де қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органның, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы соттар қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік органның, Қазақстан Республикасының  Жоғарғы Соты Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық,  материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мемлекеттік органның, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің ақпараттық-анықтамалық, ғылыми-консультативтік және басқа да қосалқы жұмысын атқаратын мемлекеттік органның, атқарушы мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруді жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органның  ережесін әзірлеу кезінде қолданылады.».
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. 


Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі                                Б. Сағынтаев

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу