Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 қазандағы №714 Қаулысы

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы №73 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 ақпандағы №73 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзушы әуе кемелеріне қару мен жауынгерлік техниканы қолдану қағидаларында:

4-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қалалық жағдайларда мемлекеттік күзетілуге жататын объектілер аумағының үстінен, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы күзету кезінде және жергілікті жерде тыйым салу белгілерімен немесе қоршаумен белгіленген шекаралар шегінде қорғаныс объектілері, әскери бөлімдер аумағының үстінен келісілмеген ұшуларды жүзеге асыратын және адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қатер төндіретін ұшқышсыз ұшу аппараттарына (құралдарына) немесе қашықтан (автоматты түрде) басқарылатын және басқарылмайтын экипажсыз және жолаушыларсыз өзге де ұшу аппараттарына (құралдарына) қатысты зақымдайтын қару мен жауынгерлік техниканы қолдану туралы шешімді Қарулы Күштердің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының бірінші басшылары айқындайтын олардың уәкілетті лауазымды адамдары қабылдайды.».

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының   Премьер-Министрі    А. Мамин

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу