Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №770 Қаулысы

Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу және мемлекеттік тіркеу рәсімін орталықтандырудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. 2020 жылғы 10 қарашадан бастап 31 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің жергілікті мемлекеттік басқару органдарының (бұдан әрі – пилоттық органдар) нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын келісуді және мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруы жөніндегі пилоттық жоба енгізіледі деп белгіленсін.

2. Мыналардың қолданылуы 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы №568 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 49, 313 құжат) бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидалары 37-тармағының бірінші бөлігі, тоқтатыла тұрған кезеңде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«37. Нормативтік құқықтық актіні орталық органдар, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының және Қарағанды облысының жергілікті органдарының «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі жоқ нормативтік құқықтық актілері үшін – Қазақстан Республикасының Әділет министрі немесе оның орынбасары (вице-министр), қалған жергілікті органдар үшін – аумақтық әділет органының басшысы не оның міндетін атқарушы адам мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылдаған кезде нормативтік құқықтық актіге мемлекеттік тіркеу күні мен нөмірі МО ИП-та электронды түрде беріледі және электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетіледі.»;

2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы №569 қаулысымен (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 50, 316-құжат) бекітілген Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларының 40-тармағы, тоқтатыла тұрған кезеңде осы тармақ мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

«40. «Құқықтық актілер туралы» Заңның 44-бабының негізінде әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары мемлекеттік тіркеуге жіберілгенге дейін олар әділет органдарымен міндетті түрде келісілуге тиіс.

Орталық әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысының жергілікті органдарының «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі жоқ нормативтік құқықтық актілерінің жобалары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне міндетті түрде келісуге жіберіледі.

Қалған жергілікті әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары аумақтық әділет органдарына міндетті түрде келісуге жіберіледі.».

3. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі пилоттық органдармен бірлесіп, осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

4. Осы қаулы 2020 жылғы 10 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі, 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады және ресми жариялануға тиіс.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                             А. Мамин

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу