Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 22 қыркүйектегі №658 Қаулысы

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі №325 қаулысына мынадай толықтыру енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларында:

мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын: 

«7-1. Қазақстан Республикасының аумағында әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдайдың құқықтық режимін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар өткізілген жағдайда, төтенше жағдайдың тиісті түрі саласындағы орталық уәкілетті орган заңнамаға сәйкес бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның қарауына тиісті негіздемелермен және есеп-қисаптармен Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервтерінен ақша бөлу туралы өтінішхат ұсынады.

Бұл ретте орын алған әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай:

өңірлік немесе жаһандық ауқымда;

авария, зілзала немесе апаттың салдарынан төтенше жағдайдың аймағы жаһандық ауқымы облыстың екі ауданынан тысқары шықпаса, халқының тыныс-тіршілік жағдайларын бұзылған және 10-нан астам адам қаза тапса жергілікті ауқымы болуға тиіс.».

2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Бұл ретте осы қаулының 1-тармағының жетінші абзацы 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап өз қолданысын тоқтатады.

 

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі  А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу