Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 маусымдағы № 449 қаулысы

Рентабельділігі төмен, өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз және сарқылған кен орындары санатына жатқызылатын көмірсутек шикізаты кен орындарының (кен орындары тобының, кен орнының бір бөлігінің) тізбесін бекіту, «Көмірсутек шикізаты кен орнын (кен орындарының бір тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен, өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз және сарқылған кен орындарының санатына жатқызу қағидаларын және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бөлігінде салық салу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 204 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

 

2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 720-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған рентабельділігі төмен, өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз және сарқылған кен орындары санатына жатқызылатын көмірсутек шикізаты кен орындарының (кен орындары тобының, кен орнының бір бөлігінің) тізбесі бекітілсін.

2. «Көмірсутек шикізаты кен орнын (кен орындарының бір тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен, өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз және сарқылған кен орындарының санатына жатқызу қағидаларын және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бөлігінде салық салу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі
№ 204 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2018 ж., № 20,
108-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Көмірсутек шикізаты кен орнын (кен орындарының бір тобын, кен орнының бір бөлігін) рентабельділігі төмен, өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз және сарқылған кен орындарының санатына жатқызу қағидаларында және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бөлігінде салық салу тәртібінде:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Ағымдағы аяқталмаған күнтiзбелiк жылға кен орнын (кен орындарының тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен кен орындарының санатына жатқызу туралы өтiнiш ағымдағы күнтiзбелiк жылдың 1 қыркүйегінен кеш емес мерзімде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берiледi. Өтінішке электрондық жеткізгіштердегі мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:

1) бірінші басшы немесе оны алмастыратын адам, сондай-ақ бас бухгалтер (бухгалтер) қол қойған алдыңғы қаржы жылындағы қаржылық есептілік;

2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген заңды тұлғалардың алдыңғы қаржы жылындағы аудиторлық есебі (егер өтініш ағымдағы жылдың 1 маусымына дейін берілген болса, онда алдыңғы қаржы жылының алдындағы қаржы жылының аудиторлық есептілігі ұсынылады);

3) жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның өтініш берілген күннің алдындағы ағымдағы күнтізбелік жылдың есепті кезеңі үшін (тоқсан, жартыжылдық немесе тоғыз ай) қаржылық есептілігі;

4) жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам растаған алдыңғы күнтізбелік жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп;

5) жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам растаған ағымдағы күнтізбелік жылға арналған бюджеттің есеп-қисабы;

6) жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның басшысы немесе оны алмастыратын адам растаған, өтініш берген күннің алдындағы ағымдағы күнтізбелік жылғы есепті кезең үшін (тоқсан, жартыжылдық немесе тоғыз ай) бюджеттің атқарылуы туралы есеп;

7) салықтық есептілік (келісімшарт бойынша корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) және алдыңғы салық кезеңіндегі келісімшарт бойынша үстеме пайдаға салынатын салық (бұдан әрі – ҮПС) және ағымдағы және алдыңғы күнтізбелік жылдардағы келісімшарт бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (бұдан әрі – ПҚӨС) бойынша декларациялар);

8) КТС бойынша аванстық төлемдердің есеп-қисабы (егер жер қойнауын пайдаланушы аванстық төлемдердің төлеушісі болса) және ағымдағы есепті жылға жоспарланған КТС мөлшерінің есеп-қисабы;

9) осы есеп-қисаптарды жер қойнауын пайдаланушы заңды тұлғаның бюджетіне, көмірсутек шикізатының болжамды бағасына және сол кезеңдегі келісімшарт бойынша көмірсутек шикізатын өндірудің жоспарлы көлемдеріне егжей-тегжейлі байланыстырумен КТС бойынша салықтық міндеттемелердің есеп-қисабы, сондай-ақ ағымдағы салық кезеңіндегі келісімшарт бойынша таза кірістің, сату рентабельділігінің есеп-қисабы;

10) келісімшарт бойынша рентабельділік көрсеткіштерінің есеп-қисаптары үшін пайдаланылған көмірсутек шикізатына болжамды бағаны негіздеу;

11) құзыретті органмен келісілген келісімшарт бойынша көмірсутек шикізатын өндірудің жоспарланатын көлемі.»;

3-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«3. Алдағы күнтiзбелiк жылға кен орнын (кен орындарының бiр тобын, кен орнының бiр бөлiгiн) рентабельділігі төмен кен орындарының санатына жатқызу туралы өтiнiш ерте дегенде ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде, бірақ ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірмей осы Қағидаларға
1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша берiледi. Өтінішке осы Қағидалардың
2-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа, электрондық жеткізгіштердегі мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:»;

4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«4. Қажет болған кезде уәкiлеттi орган өтініш түскеннен кейін бес жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде өтiнiш берушiден өтiнiште қамтылған мәлiметтерді негiздейтін басқа да құжаттар мен есеп-қисаптарды сұрата алады.

Өтініш беруші уәкiлеттi органның тиісті сұрау салуын алғаннан кейін он жұмыс күнінен кеш емес мерзімде Қағидалардың осы тармағына сәйкес сұрау салынатын, өтiнiште қамтылған мәліметтерді негіздейтін құжаттар мен есеп-қисаптарды уәкілетті органға электрондық жеткізгіштерде береді.»;

16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«16. Жер қойнауын пайдаланушының кен орнын (кен орындарының бір тобын, кен орнының бір бөлігін) өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз немесе сарқылған кен орындарының санатына жатқызу туралы өтініші осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысанда беріледі. Өтінішке электрондық жеткізгіштердегі мынадай құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс:

1) кен орнының (кен орындарының бір тобының, кен орнының бір бөлігінің) қол жеткізілген технологиялық көрсеткіштерінің бекітілген жобалық шешімдерге сәйкестігі туралы есеп;

2) Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия хаттамасы;

3) өтініш берілген күннің алдындағы соңғы тоқсан аяқталған күнгі жағдай бойынша келісімшарттық (лицензиялық) міндеттемелердің орындалуы туралы есеп;

4) осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген құжаттар.

17. Қажет болған жағдайда уәкiлеттi орган өтініш түскеннен кейін бес жұмыс күнiнен кеш емес мерзімде өтiнiш берушiден өтiнiште қамтылған мәлiметтерді негiздейтін басқа да құжаттар мен есеп-қисаптарды сұрата алады.

Өтініш беруші уәкiлеттi органның тиісті сұрау салуын алғаннан кейін он жұмыс күнінен кеш емес мерзімде Қағидалардың осы тармағына сәйкес сұратылатын, өтiнiште қамтылған мәліметтерді негіздейтін құжаттар мен есеп-қисаптарды уәкілетті органға электрондық жеткізгіштерде береді.»;

22-тармақ мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:

«Кен орнының бір бөлігі өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз немесе сарқылған кен орындары санатына жатқызылған жағдайда пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың төмендетілген мөлшерлемесін айқындау үшін келісімшарт бойынша барлық өндіру көлемі ескеріледі.»;

мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

«22-1. Кен орны (кен орындарының бір тобы, кен орнының бір бөлігі) өте тұтқыр, су басқан, дебиті аз немесе сарқылған кен орындары санатына жатқызылған жағдайда, 2019 жылғы 1 қаңтардан кейін қабылданған Қазақстан Республикасы Yкіметінің шешімдері бойынша осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың төмендетілген мөлшерлемелері осындай шешім қабылданған жылдың 1 қаңтарынан бастап күнтізбелік үш жыл бойы қолданылады.

Пайдалы қазбаларды өндіруге арналған салықтың төмендетілген мөлшерлемелерін қолдану мерзімі өткенге дейін жер қойнауын пайдаланушы осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес уәкілетті органға өтінішпен қайта жүгінеді.».

3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                           А. Мамин

 

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу