Алматы облысы Ұйғыр ауданының суару каналдары мен су қоймаларын жөндеуге қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ш. Нұрымов, С. Әбдірахманов, В. Божко, Н. Жұмаділдаева, Р. Ким, Н. Микаелян, А. Мурадов, Ю. Тимощенко, Ш. Хахазов, Т. Сыздықовтың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №ДС-147 Алматы облысы Ұйғыр ауданының суару каналдары мен су қоймаларын жөндеуге қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің Алматы облысы Ұйғыр ауданының суару каналдары мен су қоймаларын жөндеуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Алматы облысы бойынша барлығы 583,2 мың га суармалы жер бар, оның ішінде 476 мың га пайдаланылады.

Ислам Даму Банкімен бірлесіп, Алматы облысында 35,4 мың га жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жобасы іске асырылып жатыр.

Жобаны іске асыру кезеңі: 2018 – 2024 жылдар. Жалпы құны – 5,5 млрд теңге.

Қазіргі уақытта Ақсу және Ескелді аудандарында суару желілерін реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Алматы облысындағы 12,4 мың га алаңдағы ирригациялық-дренаждық жүйелерді реконструкциялауды көздейтін ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасын (ИДЖЖЖ-2) іске асыру жалғастырылуда.

Жобаны іске асыру кезеңі: 2015 – 2021 жылдар. Жалпы құны – 7,9 млрд теңге.

Сонымен қатар, су шаруашылығы объектілері («Добын-1», «Добын-2» су қоймалары, Бақ Кетпен, Үлкен Ақсу және 537 км суару каналдары) республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі №229 бұйрығы және Алматы облысы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №184 қаулысы).

Аталған су шаруашылығы объектілері Алматы облысының коммуналдық меншігінде болуына байланысты жобаны іске асыруға республикалық бюджетте қаражат көзделмеген.

Алматы облысының әкімдігі жобаны ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен іске асыруды бастауды жоспарлап отыр. 2021 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде Үкімет жобаны іске асыруды жалғастыруға қаражат бөлу туралы мәселені қарайтын болады.

Қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп 332 км коллекторлық-дренаждық желіні коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру бойынша белгіленген тәртіппен жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу