Жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары А. Күрішбаев, С. Дүйсембинов, Л. Сүлеймен, А. Нухұлы, Е. Мамытбековтың 2020 жылғы 6 қарашадағы № 16-13-241 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Жоғары оқу орындарында (бұдан әрі – ЖОО) кадрлар даярлауға қатысты депутаттық сауалды қарап, мынаны хабарлаймын.

Назарбаев Университеті үлгісінде ЖОО-лардың дербес басқаруға көшуіне қатысты

Бүгінгі таңда 28 мемлекеттік ЖОО1 100 % мемлекет қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғам (бұдан әрі – КеАҚ) болып қайта құрылды.

Ағымдағы жылы КеАҚ-қа Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша басқарушылық дербестік берілді. Барлық КеАҚ-тың жарғылары бекітілді, Директорлар кеңестері құрылды, олардың құрамына Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі – БҒМ), мемлекеттік мүлік, бизнес жөніндегі уәкілетті органның, сондай-ақ президенттік жастар кадры резервінің өкілдері кірді.

Бұдан басқа, Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша КеАҚ-та академиялық комитеттер, сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитеттер, институттар, мектептер және т.б. құрылады. Бұдан әрі директорлар кеңесінің стратегиялық жоспарлау, кадрлар және сыйақылар, ішкі аудит жөніндегі

комитеттері бекітілетін болады. Бұл өзгерістер ЖОО-ның өз қызметінің нәтижелері үшін әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған.

Университеттер бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен ғылымибілім беру қызметі жөніндегі заңды тұлғаларды құра алады, стартап компаниялар аша алады және жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін қосымша қаржы жәнематериалдық қаражат көздерін тарта алады, шет мемлекеттерде филиалдар құра алады.

КеАҚ-қа көшкен соң университеттерде эндаумент-қор құру мүмкіндігі пайда болды, оның инвестициялық табысы ғылыми және (немесе) білім беру қызметін қаржыландыруға, білім алушыларға, ғалымдарға стипендия төлеуге бағытталатын болады.

Қазіргі уақытта ЖОО дамудың жаңа стратегиялық жоспарларын, ұйымдық құрылымын, штат санын және т.б. әзірлеп, бекітуде.

Университеттерді зерттеу бағытындағы ЖОО етіп қайта құру бойынша мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларына қатысты

Университеттерді зерттеу бағытындағы ЖОО етіп қайта құру алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталықтары, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің, материалдық-техникалық базасы, халықаралық деректер базаларындағы жариялау белсенділігі болған жағдайда жүзеге асырылады.

Жалпы зерттеу университеті мәртебесі 6 ЖОО берілді («Назарбаев Университеті» ДБҰ, «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ (бұдан әрі – ҚазҰТЗУ), «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ (бұдан әрі – ҚазҰМУ), «Қарағанды медицина университеті» КеАҚ, «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ және «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ). БҒМ басқа ЖОО зерттеу университеттеріне айналдыру мәселесін пысықтауда.

Зерттеу ЖОО қызметінің нәтижесінде кластерлер жұмыс істейді. Осылайша, ірі шетелдік компаниялармен өзара іс-қимылда «Назарбаев Университеті» ДБҰ базасында 3 инновациялық кластерде коммерцияландыру офистері, бизнес-инкубатор және технопарк орналасқан. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ 4 млн АҚШ доллары көлемінде «Назарбаев Университеті» ДБҰ-ға қолдау көрсетеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті инжиниринг және ғылымды қажетсінетін технологиялар кластерін, сондай-ақ Виртуалды қабылдау станциясы бар Жерді қашықтан зондтау орталығын құрды. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің базасында «Қазмырыш» ЖШС-мен, «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-мен бірлесіп металлургия саласында ғылыми-зерттеу-өндірістік кластері құрылған. ҚазҰТЗУ базасында аддитивті өндіріс пен инжинирингті дамыту үшін Индустриялық дизайн орталығы құрылды.

Бұдан басқа, ЖОО-лардың өндіріспен байланысы консорциумдар құру арқылы жүзеге асырылады. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті «КАМАЗ» ЖАҚ-пен ынтымақтастық шеңберінде машина жасау саласындағы инженер кадрларды мақсатты даярлау үшін Инжинирингтік орталық құру жұмысын бастады.

Зерттеу ЖОО қолдау мақсатында ғылыми қызметкерлердің біліктілігін арттыру, халықаралық деңгейдегі ғалымдарды тарта отырып, зерттеулерді қаржыландыру жүзеге асырылады. 2019 жылдан бері Халықаралық ғылымитехникалық орталық қазақстандық ғалымдардың қатысуымен 16 жобаны іске асырып жатыр (12 қазақстандық және 4 бірлескен жоба).

Жыл сайын 500 отандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамалармен қамтамасыз етілетін болады.

Университеттер ішінде заманауи басқару жүйесін құруға қатысты

«Акционерлік қоғамдар туралы» Заңға және КеАҚ жарғыларына сәйкес КеАҚ-тың барлық басқару органдарының өкілеттіктері мен құзыреттері көзделген. Директорлар кеңесі ЖОО-ның қызметінде маңызды шешімдер қабылдайды.

КеАҚ Ғылыми кеңесі алқалы орган болып табылатынын және оның құзыретіне ЖОО-ның ғылыми, оқу және тәрбие қызметі бойынша шешімдер қабылдау жөніндегі функциялар кіретінін атап өткен жөн.

Барлық қатысушыларға тең мүмкіндіктер беретін екі кезеңде ашық конкурс өткізу арқылы ректорларды тағайындаудың жаңа тетігі енгізілді. Ректорлар қызметке 3 жыл мерзімге Парламент депутаттарынан, салалық кәсіподақ бірлестігінің, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, мемлекеттік органдар өкілдерінен, қоғам қайраткерлерінен құрылған Республикалық комиссияның шешімімен тағайындалады.

Түлектерді жұмысқа орналастыруға қатысты

БҒМ мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жастарды жұмыспен қамту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек»2 мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ЖОО-ның түлектеріне

оқытуды ұйымдастыру, жеңілдікті микрокредиттер мен өтеусіз гранттар беру, субсидияланатын жұмыс орындарына жіберу, еңбек күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетіледі. Жастар практикасы ұйымдастырылды. Жұмысқа алғаш кіріскен түлектерді жұмыс орнына бейімдеу мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда.

Электрондық еңбек биржасы порталында www.enbek.kz ЖОО түлектерін онлайн-режимде дербес бөлу бойынша функционал енгізілді. «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін бизнес жүргізуге оқыту және стартап-жобаларды іске асыруға жәрдемдесу жүргізіледі. Түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін»), «Жас маман», «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары іске асырылуда.

Жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында БҒМ әзірленген 2025 жылға дейінгі Жоғары білім беру тұжырымдамасының жобасы шеңберінде Академиялық артықшылық орталықтарын құру жолымен өңірлік, педагогикалық ЖОО-ның инфрақұрылымын және материалдықтехникалық базасын дамыту жөніндегі шаралар пысықталуда. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Жалпы, аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу