Мал шаруашылығын субсидиялауға, ҚР аумағынан мал әкетуге тыйым салуға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, ауыл шаруашылығы жануарларын ҚР аумағынан әкетуге тыйым салуға қатысты 2019 жылғы 11 қазандағы № 15-13-305 сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздің мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салуға қатысты сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен бекітілген Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында (бұдан әрі – Субсидиялау қағидалары) бір уақытта кемінде 1000 бас сиятын бордақылау алаңдарына бордақылауға өткізілген немесе ауыстырылған бұқашықтардың құнын арзандатуды субсидиялау қарастырылған.

Бұл ұсақ және орта фермерлерді бұқашықтарды ел ішіндегі арнайы бордақылау алаңдарына өткізуге ынталандырады, өйткені олар кейіннен бір басына 40-тан 60 мың теңгеге дейін субсидия алатын болады.

Мәселен, 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде жалпы 8,9 млрд теңге субсидия төленіп, барлығы 322,7 мың бас бордақылауға тапсырылды.

Бұдан басқа, Субсидиялау қағидаларында ірі қара малды сою және етін бастапқы қайта өңдеумен айналысатын ет комбинаттарының сиыр еті өндірісінің құнын (қосылған құны жоғары дайын өнімді өндіруге және экспорттауға бағдарланған) сиыр етінің килограммына 175 теңге мөлшерінде субсидия нормативімен арзандату бойынша норма көзделген (норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі). Бұл қолдау шарасы ет комбинаттарын жүктеу және ет сату нарығында делдалдарды болдырмау мақсатында енгізілді.

Сондай-ақ, «Сыбаға» кредиттеу бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде импорттық асыл тұқымды ірі қара малдың аналық мал басын сатып алу қарастырылған.

Бұл ретте аналық мал басын сатып алуға кредит беру кезіндегі талаптарда фермерлердің қарыз мерзімі ішінде аналық мал басын сатпау міндеттемесі қарастырылған.

Ағымдағы жылдың 15 қазанындағы жағдай бойынша жыл басынан бері Қазақстан Республикасынан басқа елдерге 119 596 бас ірі қара мал (бұдан әрі – ІҚМ) шығарылған, оның ішінде 110 927 бас түрлі жастағы бұқалар (92,7%), 8 669 бас аналық мал (7,3%). Басқа елдерге 228 545 бас ұсақ мүйізді мал (бұдан әрі – ҰММ) экспортталды, оның ішінде 152 104 бас аналық мал (66,5%), 76 441 бас қошқар мен ісектер (33,5%). Елдер бойынша талдау экспортталған жануарлардың жалпы санынан ауыл шаруашылығы жануарларының барынша экспорты ІҚМ бойынша – 99 524 бас (83,2%), ҰММ – 184 046 бас (80,5%) Өзбекстан Республикасына келетінін көрсетеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сондай-ақ Өзбекстан Республикасына экспортталатын жануарларға талдау және мониторинг жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – АШМ) Жұмыс тобын құрды.

Жұмыс тобы жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының талаптарын, ветеринариялық-ілеспе құжаттарды ресімдеу және беру тәртібін сақтау бойынша бұзушылықтар анықталды.

Қазіргі таңда, АШМ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесін жетілдіруде.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында АШМ және Қаржы министрлігінің (2019 жылғы 10 қазандағы № 368 және № 1118) «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағынан ІҚМ және ҰММ аналық бастарын және төлдерін (ұрғашысын) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды.

Жоғарыда көрсетілген мәселелер Үкіметтің ерекше бақылауында.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу