ҚР Үкіметінің отырысы, 11.08.2021

— Үкімет отырысында санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, Қазақстан Республикасының 2021 жылғы қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы және оқу жылының басталуына дайындық барысы қаралды.

— Қазіргі жағдай мен халықты вакциналау барысы туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, кәсіпкерлік субъектілерін «Ashyq» жүйесімен қамту туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов баяндады.

— ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин биыл тамыз айында вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз ете отырып, әсіресе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында вакциналау қарқынын күшейтуді, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қарағанды облысына ерекше назар аудара отырып, барлық өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстауды және «Ashyq» қосымшасының қолданылу аясын одан әрі кеңейтуді тапсырды.

— Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторын дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев және энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндады.

— Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру шараларын күшейтуді және ерекше бақылауға алуды, Ұлттық экономика министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы тамыз айының соңына дейін инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұру жөніндегі шаралардың жаңа топтамасын қабылдап, іске асыра бастауды тапсырды.

— Оқу жылының басталуына дайындық барысы туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов және Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев баяндады. 

— Премьер-Министр осы жылғы 25 тамызға дейін медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100% қамтамасыз етуді, осы жылғы 20 тамызға дейін мектептерді санитариялық талаптарға сәйкес қабылдауды аяқтауды, а.ж. 25 тамызға дейін ең алдымен, кестеден кешігіп отырған Павлодар және Түркістан облыстарында оқулықтарды мектептерге кестеге сәйкес толығымен жеткізуді, а.ж. 25 тамызға қарай барлық білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға 100% дайын болуын қамтамасыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша барлық мәселелердің шешімін табуды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу