2021 жылдың 9 айында реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 6,4%-ға өсті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында сатып алулардағы жергілікті қамтуды дамыту мәселелері қаралды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады.

2021 жылдың 9 айында жергілікті қамтудың өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ды құрады — 51,9%-дан 58,3%-ға дейін артты.

Қарапайым заттар экономикасының 7 саласы бойынша жергілікті қамтудың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізілді, оның ішінде машина жасау, фармацевтика, жеңіл, жиһаз, химия және тамақ өнеркәсіптерінде.

Премьер-Министр саланың әлеуеті өте зор және нарықта сұранысқа ие болғанымен, құрылыс материалдары өндірісінде 77,3% (нақты көрсеткіш – 73%) мақсатты көрсеткішке қол жеткізілмегенін атап өтті.

Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары (77% және 62%) қарапайым заттар экономикасының тауарлары бойынша жергілікті қамту үлесі бойынша өңірлер рейтингінде көшбасшы болып табылады. Бұл ретте ең төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласында (47% және 42%).

Премьер-Министр жергілікті қамту үлесі көрсеткіштерінің өсуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар, оның ішінде заңнамалық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Осылайша, офтейк-келісімшарттар, тауарлардың электрондық каталогы, жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер сияқты жаңа құралдар енгізілді (234 шарт жасалды). Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы, Жергілікті қамтуды дамыту қоры («Шеврон» компаниясымен) құрылды. Соның нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» тобындағы компанияларының жалпы сатып алу көлемінің 75%-ы отандық тауар өндірушілерде жүзеге асырылады.

А. Мамин әкімдіктерге жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысын күшейтуді, олардың қызметіне өңірлік бизнес өкілдерін барынша тартуды тапсырды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика министрліктеріне, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ-на жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті келісімдер жасасуды қамтамасыз ету тапсырылды.

Индустрия министрлігіне Энергетика министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, жер қойнауын пайдаланушылардың отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасуының барлық қажетті мәселелерін пысықтау тапсырылды.

«Жергілікті қамтуды дамыту – бұл әкімдердің негізгі міндеттерінің бірі, соған сәйкес олардың жұмысы бағаланады», — деп атап өтті А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу