2025 жылға дейін Қазақстанда электрондық сауда үлесі 10%-ға артады

Электронды саудада экспорттың үлесін арттыру, сондай-ақ отандық компанияларды электрондық саудаға тарту шаралары туралы Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның экспорттық талдау жөніндегі жобаларының басшысы Шыңғыс Торез айтып берді.

Онлайн сауда-саттық — Қазақстанда айтарлықтай қарқынды дамып келе жатқан бүкіләлемдік тренд. Сондықтан экспортқа шығуды көздейтін кәсіпкерлер енді QazTrade базасында электронды сауданы дамыту негіздеріне оқытылатын болады. Себебі, қазір Қазақстанда бөлшек сауда айналымында электрондық коммерцияның пайызы тым төмен болып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Жол картасын бекітті. Оның шеңберінде электронды саудада экспорттың үлесін арттыру, отандық компанияларды электронды саудаға тарту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау платформасын дайындау қолға алынады», — деді Ш. Торез.

Соның ішінде электронды сауданы дамыту ‒ бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта, биыл қазан айында «Qaztrade» «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Интернет экспорттаушылар мектебі» бағдарламасын жүзеге асырды. Бағдарлама еліміздің бизнесмендеріне дүние жүзінің электронды платформаларына шығуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде 50 экспорттаушы компания “алтын тауар жеткізуші” атауын иеленді, енді олар Alibaba платформасында жұмыс істей бастайды. Жалпы, 2025 жылға дейін электрондық сауда үлесін 5-10%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Ш. Торез.

Оның хабарлауынша, әлемдегі электрондық цифрлық платформалардың дамуына орай, Қазақстанда да электрондық сауда саласында жұмыс істеу кәсіпкерлер үшін тиімді болып отыр. Сондықтан, отандық тауар өндірушілердің электрондық сауда шараларына белсенді қатысуы да маңызды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу